«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛА!”

“Нұр Отан” партиясы “Болашақ” филиалының қолдауымен “Бақытты балалық шақ” жобасы аясында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Педагогика” факультеті қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді. Аталмыш шарадан түскен қаражат жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға сыйлық алуға жұмсалмақ.

“Балаларға қуаныш сыйла!” атауымен қайырымдылық жәрмеңкесі осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған қатысатындар саны да жыл санап артуда. Жәрмеңкеге келушілерге студенттер өздерінің қолдарынан пісірілген бауырсақ, құймақ, самса, құрт, түрлі кондитерлік өнімдерімен қатар тосап, консервіленген көкөністер, тағы басқаларды ұсынды. Сонымен қатар, қолданбалы қолөнер бұйымдары да саудаланды. Жәрмеңкенің бір ерекшелігі, өнімді ұсынушы тауарға баға қоймайды. Әр адам қалаған тауарын өзі бағалап, оның ақшасын арнайы қойылған жәшікке салады.

Қайырымдылық жәрмеңкесі өтетіні жөнінде студенттер мен оқытушыларға, қызметкерлерге бір ай бұрын хабарланған. Биылғы шараға 300-ден астам студент пен университет педагогтері қатысты. “Былтыр жәрмеңкеден түскен ақшаның жартысына жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған “Балалар ауылындағы” әкімнің шыршасына қатысатын қыз балаға киім әперіп, қалғанына Полудино жетім балалар үйіндегі балғындарға кеңсе тауарларын сыйлаған болатынбыз”, – дейді педагогика факультеті деканының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бибігүл Дүйсенбаева.

Аталмыш шараның тәрбиелік маңызы зор. Студенттер осы бастан қайырымдылық жасауға үйренеді. Инклюзивтік білім берудің әлеуметтік педагогі және өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі мамандығына оқып жүрген Алина есімді бойжеткен жәрмеңкеге жыл сайын қатысатынын айтады. “Жетім балалар үйіне құр қол бармай, сыйлығымызбен бірге концерттік бағдарлама апарамыз. Олар бізді қуана қарсы алып, өз қолдарымен қағаздан жасаған кәдесыйларын тарту етеді”, – дейді.

Бұдан бөлек арнайы жәшіктер қойылған. Оған әркім өзінің шамасына қарай киім-кешек, балаларға арналған әдеби кітаптар әкелуде. Ұйымдастырушылар оларды балалар үйіне желтоқсан айының басында апаруды жоспарлап отыр.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp