Облыстық бейнелеу өнері мұражайында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай балалар арасында “Менің есімде! Менің мақтанышым!” атты көркемсурет байқауы өтті.
“Отқа оранған ауыл”, “Эвакуация”, “Қоршауды бұзу”, “Зауытта”, “Соғыс балалары”, “Майдан”, “Офицердің күнделігі”, “Әлия Қазақстанның мақтанышы”… Бұлар 6-17 жас аралығындағы балалардың сұм соғыс тақырыбында салған суреттерінің бір бөлігі ғана.
Соғыс балалардың таным түсінігімен бейнеленді. Қанға боялған қара жер. Жарылған снарядтар. Қоршауға алынған қала тұрғындары. Тыным таппай, майдан үшін қызмет еткен тыл еңбеккерлері. Өнер колледжінің оқушысы 17 жасар Алина Гайфуллина “Естеліктер” деп атаған суретінде майдандағы жауынгердің туған жерін, отбасын есіне алып отырған сәтін бейнелеген.
Көзге оттай басылған суреттің бірі – “Майдан альбомы”. Онда өнер колледжінің тәрбиеленушісі 13 жасар Дарья Кузьмина әженің портреті арқылы соғыс тарихын көрсеткісі келген. Мұндағы әрбір суреттің мәні мен мағынасы терең. Жанры да әрқилы. Қолданылған әдіс те біріне-бірі ұқсамайды.
Байқау қорытындысы да шығарылды. Үміткерлердің арасынан төрт аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Соғыс жылдарындағы балаларды бейнелеген жас суретшілердің барлығы дерлік байқаудың жеңімпаздарының қатарынан табылды. Соғыс ардагерлерінің портреттерін туындыларына арқау еткен үміткерлердің ішінде бірінші орынға лайық деп Мамлют өнер мектебінің тәрбиеленушісі Виктория Токарева танылды.
Көрме Жеңіс күніне дейін жалғасады.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.