Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында есімі елге белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Толымбек Әбдірайымның «Құс ұясы» атты кітабының тұсауы кесілді.
– Менің бұл туындым түрлі-түсті 58 суретпен безендірілген, 370 беттен тұрады. Кітапқа балалар мен жасөспірімдерге арналған әңгімелерім, ертегілерім мен 3 повесім топтастырылған. Сиясы кеппеген кітабымның таныстырылымын Қызылжарда өткізуімнің өзіндік себебі бар. Мен 1991-1992 жылдары облыстық «Qyzyljar» телеарнасында комментатор болып жұмыс істедім. Қызылжар – мен үшін ыстық қала, – деді Толымбек Әбдірайым.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ғалым Зарқын Тайшыбай осыған дейін он бес кітабы жарық көрген қаламгердің қазақ әдебиетінде лайықты орны бар екенін айтса, жазушы-журналист, облыстың құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменов күрделі сала ретінде саналған балалар әдебиетіне қалам тербеген Т. Әбдірайымның атқарған жұмысы ұлт руханиятына олжа болғанын жеткізді. Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының оқушысы Абзал Сарыбай арнау айтып, қаламгер атасының ақ батасын алды. Өңірдегі мәдениет қызметкерлері атынан сөз сөйлеген Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев жазушының иығына шапан жапты.
Қаламгердің шашбауын көтеріп келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актёр, әнші, сазгер Құмарбек Қалқатай автордың «Тұнжыр» повесінен үзінді оқып, «Қызылжар» әнін орындап, кештің шырайын кіргізе түсті.
Кеш соңында Толымбек ағамыз 1000 данамен басылған «Құс ұясы» кітабының бірнеше данасын кітапхана ұжымына сыйға тартты.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».