«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛАР ЖАҒДАЙЫ — ЖІТІ НАЗАРДА

Үстіміздегі жылдың сәуір айында Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында төрт тәрбиеленуші көз жұмып, Түркістан өңірінде орналасқан дәл осындай мекемеде бірқатар құқық бұзушылық фактілері орын алған болатын. Осы жағдайларға жол бермеу мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жетекшілігімен жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық департаменттер еліміздегі барлық арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тексеріс жүргізуге міндеттелді.

Бұл тапсырмаға сәйкес біздің өңірде мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсететін медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметін бақылау бойынша мониторингтік топ құрылды. Оның құрамына Білім және ғылым министрлігінің, облыстық психологиялық-медициналық консультация орталығының, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, Ұлттық превентивтік механизмінің өкілдері және Солтүстік Қазақстан облысы бойынша балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл кірді.
2020 жылдың 6-16 қарашасы аралығында мониторингтік топ Петропавлда орналасқан екі әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысына бақылау жүргізді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрады. Орталықтың 14 тәрбиеленушісі Петропавл қаласының №13 мектебінде инклюзивті әдіс бойынша білім алады. Мониторингтік топ мүшелері бөлмелерді, азық-түлік, киімдер мен тұрмысқа қажетті зат-тар сақталатын қоймаларды тек-серді. Барлығы да санитарлық нормаларға сәйкес, бөлмелер ішінде тірек-қимыл аппараты зақымданған балалардың жүріп-тұруына ыңғайлы арнайы қондырғылар орнатылған.
Екі орталықтың кадрлық құрамы білікті, әлеуметтік салада үлкен тәжірибелері бар азаматтардан жасақталған. Бірақ тексеріс барысында бос лауазымдарға қызметкерлер қабылдау өз деңгейінде жүргізілмегені байқалды. Мониторинг мекемелерде барлығы 9 маманның жетіспейтінін анықтады.
Мекеме басшылығы коронавирустық індеттің алдын алу және таралмауы бойынша қажетті шаралар қабылдаған. Балалар арасында ауру жұқтыру бойынша фактілер тіркелген жоқ.
Ережелерге сәйкес Петропавл балалар орталығында тәрбиеленушілердің әлеуметтік төлемдерін пайдалану бойынша арнайы комиссия құрылған. Ол балалардың қажеттіліктерін анықтап, соның негізінде шешім қабылдайды. Мониторингтік топ комиссия құрамында үкіметтік емес ұйым өкілдерінің жоқтығын анықтады. Жоғарыда көрсетілген барлық ескертулер бойынша ұсынымдар енгізілді.

Мереке МҰХАМЕДИЯРОВ,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp