«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛАР КИІМДЕРІ ӨЗІМІЗДЕ ШЫҒАРЫЛАДЫ

Жеңіл өнеркәсіп – Қазақстанда кенжелеп қалған салалардың бірі. Сондықтан өңіріміздегі жалғыз тігін фабрикасы экономикалық дағдарыстың әсерінен еңбеккерлеріне табысын бере алмай, қиналған жылдары да, одан кейін жаңа құрылтайшылардың қолына өтіп, жұмысы жандана бастаған кезде де бұл өндіріс орны біздің басылымның назарынан тыс қалған емес. Араға бір жарым жыл салып, аталмыш кәсіпорынға тағы ат басын бұрып, фабриканың ахуалы жақсара түскенін көріп, қуанып қайттық.

“Әскери киімдер тігу фабрикасы” ЖШС бүгінде 149 солтүстікқазақстандықты еңбекпен қамтып отыр. Индустриялық-инновациялық даму жоспарын жүзеге асыру үшін серіктестікке әлі де жүзге жуық еңбеккер керек. Әсіресе, тігіншілер мен технологтар жағы жеткіліксіз. Өйткені, осыған дейін әскерилерге, құрылымдық мекемелер мен күзет қызметтеріне арнаулы киімдер тігумен ғана айналысып келген фабрика енді балаларға арналған киімдер тігу ісін де қолға алмақ. Соңғы бір айдан бері коллекциялық сән үлгілерін жасап жатқан эксперименттік цех мамандары қауырт жұмыс үстінде.

– Екі жарым жылдың ішінде еңбеккерлердің саны үш есе өсті. Бұл фабрикада өнімділіктің артқанын байқатады. Айына 4 мың әскери киім жиынтығын тігеміз. Біздің табысымыздың басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс алудан құралады. Ал тендер бойынша жұмыс істеудің күнгейімен қатар көлеңкелі жақтары да бар. Бүгінгі жаһандық дағдарыс кезінде нарықтың алпауыт қайығының сыртында қалмас үшін бағытты жаңаша дамыту қажеттігін түсіндік. Сондай-ақ, біз өзіміздің еңбеккерлерімізді жұмыспен қамтып, оларды табыс көзінен айырмауымыз керек. Сондықтан қарапайым адамдарға арналған өнімдерді тігуді қолға алғалы отырмыз. Бірінші кезекте балалар киімі, одан кейін үлкендерге арналған киімдер тіксек деген жоспарымыз бар. Еліміздің мектептері оқушылар киімінің ортақ сән үлгісіне көшкен кезде біздің бағытымызға тағы бір жаңа леп соғатынын сезіп отырмыз. Өңіріміздің барлық оқушысын 3-4 айдың ішінде бірыңғай киімдермен қамтамасыз етуге шамамыз жетеді, – дейді аталмыш серіктестіктің директоры Борис Бутыч.

Эксперименттік цехтың білікті мамандары бүгіннің өзінде балаларға арналған киімдердің сан алуан үлгілерін тігіп қойған. Кәсіпорын басшысының айтуынша, фабриканың тісқаққан мамандары мен дизайнерлері жаңаша жұмыс істеуге тез бейімделіп, өздерінің шығармашылық қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетуде. Мақсат балалар киімінің 400 үлгісін жасау болса, бір жарым айдың ішінде соның жартысын тігіп, ілгішке ілген. Олар өздерінің патенттелген тауарларына “Irbi” және “Parca” деген марка атауларын белгілеп, өнімдерін әлемдік стандарттарға сай, бәсекеге қабілетті, кәсіпорынның бренді болатындай етіп шығармақ. Жаңа өнімдерге қажетті мата Түркия және Германия елдерінен тасымалдануда. Серіктестік осы жылдың 22 тамызында Алматыда өтетін жеңіл өнеркәсіп тауарларының көрмесіне өздерінің балаларға арналған киімдерінің жиынтығын апармақ. Ал қыркүйек айында Мәскеу қаласында өтетін көрмеге қатыспақ. Сол көрмелерде өздерінің тауарларына тапсырыс беретін тұтынушыларды табамыз деп отыр. Нәтижесінде 2016 жылы өндірістің жаңа бағыты, яғни балалар киімін тігу жоспары толыққанды жүзеге асырылмақ. Әлбетте, жоғары талаппен тігілген тауарлардың нарықтық бағасы арзан болмағанымен, жеңіл өнеркәсіп саласында қазақстандық өндірісті көрсететін бренд тауарлар болары сөзсіз.

– Мен Қазақстан нарығын жаулап алған Қытай тауарларының сапасына сын айтқым келмейді. Жеңіл өнеркәсібі жақсы дамыған сол мемлекеттің нашар тауарларын арзанға сатып алып, сауда жасап жүрген кәсіпкерлерге көңілім толмайды. Біз қандай елдің болсын сапасы жоғары өнімдерімен бәсекеге түскіміз келеді. Сонда ғана біздің тұрғындар жақсы тауарлармен қамтамасыз етіледі. Өкінішке қарай, көптеген тұтынушылар әлі де сапаны емес, тауардың бағасын назарға алады. Ал шындығына келгенде, қазақстандық тұтынушының кез келгені сапалы киім киіп, денсаулығын ойлайтын уақыт жетті, – дейді өндіріс басшысы.

Жаңа қожайындар фабриканы сатып алған кезде ондағы құрал-жабдықтардың барлығы ескі маркалы тігін машиналары болатын. Былтыр азын-аулақ қана заманауи машиналар сатып алуға шамалары жетсе, биыл цехтағы құрал-жабдықтар түгелдей жаңартылған. Қабырғасы қаланғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген фабриканың ғимараты да дұрыстала бастапты. Соңғы екі жыл бойы серіктестік тігіншілер отыратын үлкен цехтың ішін жылыта алмай әлектенсе, биыл терезелерін жаңартып, тесіктерін бекітіп, қыстың қақаған суығында ғимараттың ішіндегі температураны көтеруге мүмкіндік алып отыр. Бүгінде жұмыс істеуге қиындық туғызып, қолбайлау жасап жүрген мәселелердің біразы шешімін тапқан көрінеді.

Тапсырыс көбейген сайын еңбеккерлердің табысы да ұлғаюда. Біліктілігі төмен мамандар 60 мың теңгенің маңында еңбекақы алса, тәжірибелі, жұмысы өнімділер одан екі-үш есе көп табады. Былтырдан бері тігін цехына төрт ер адам тігінші ретінде жұмысқа орналасыпты. Өндіріс басшысы Борис Бутыч ерлердің тігіншілікке аса епті, жылдам екендігін аңғарып, оларды бұл кәсіпке тартуға көңіл қойып отырғанын да жасырмады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген  

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp