«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛАР ТАҒАМЫНА БАҚЫЛАУ ҚАЖЕТ

Бес жастағы Нұрәлі дүкен сөрелерінде самсап тұрған тәттілерден көз алмайды. Анасына әлдебір кәмпиттерді жегісі келетінін айтты. “Қой, балам, тісің ауыра­ды”, – деген Айжанның сөзін ол шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. Бір кезде жылап қоя берді. Анасы алдаусыратса да, бала көз жасын тияр емес. Ол аздай жерге жатып алды. Ерке баланың бұл қылығынан қысылған келіншек ұлын көтеріп, дүкеннен шығып кетті. Мұндай көрініс дүкендерде жиі орын алады. Өйткені, сөреде құрамында консерванттары бар шырындар, шоколад, мармелад, сағыз сынды көздің жауын алатын тәттілер толып тұр. Балалар қызықпағанда қайтсін? Ал олардың ағзаға қаншалықты зиянды немесе пайдалы екенін ескеріп жатқан адам аз. Кәсіпкер тауарды сатуға мүдделі болса, ата-ана баланың айтқанын амалсыз істейді және құлағының тыныштығын қалайды. Ал сол тәтті-дәмдінің құрамына көпшілік назар аудармайды.

Соңғы кезде елімізде балалардың тағамнан улану фактілері жиілеп кеткені жасырын емес. Тіпті, қайғылы жағдайға тап болғандар да бар. Балалардың денсаулығының нашарлауына түрлі жағдай әсер етуі мүмкін. Кез келген дүкеннен табылатын тіскебасарлар мен бояуы көп кәмпит, сапасыз шырын, фастфудтар бала ағзасына кері әсер ететіні аян.
– Өңірімізде балалар құмартып жейтін тәттіден улану фактісі орын алған жоқ. Бірақ үлкендер балалардың дұрыс тамақтануына ерекше назар аударғаны жөн. Майлы, қуырылған, химиялық қоспасы бар кез келген тағам ағзаға зиян. Қазір кейбір ата-аналар балалардың дұрыс тамақтануына мән бермейді. Соның салдарынан диспанкреатизм ауруына шалдығу көп. Чипсы, кириешки мен түрлі газдалған сусындар, ағзаға кері әсерін тигізеді, – деген көпбейінді қалалық аурухананың балалар жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Елена Коптяева өткен жылы аталмыш ауруханада түрлі инфекциялық ауруға шалдыққан 266 бала ем алғанын айтты.
Балалардың денсаулығын қорғау мақсатында елімізде мектеп оқушыларының тағам мәзірі бойынша бірыңғай стандарттар енгізілген. Жалпы білім беретін ұйымдарда мектеп оқушыларына берілетін тағамның құрамына, көлеміне, сапасына талаптар қойылған. Отандық және шетелдік ғалымдардың пайымдауынша, балалардың ауруларға шалдығуына ағзада дәрумендер мен минералдың жетіспеушілігі әсер етеді. Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 2007 жылдың мамырынан бастап мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарында газдалған, алкогольсіз энергетикалық сусындар, чипсылар, кептірілген нан және құрамында генетикалық түрлендірілген ингредиенттер бар тамақ өнімдерін сатуға тыйым салынған. Алайда, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары білім беру ұйымдарында оқушылардың денсаулығын нығайту шараларына қатаң қадағалау болғанымен, олардың мектептен тыс уақытта дұрыс тамақтануына немқұрайдылықпен қарайтын ата-аналарға шектеу қою мүмкін емес екенін жеткізді.
– Күн сайын, шамадан тыс кола ішіп, чипсы жеген баланың қан құрамында холестерин деңгейі жоғары болады. Жоғары холестерин тамырдың бітелуіне, жүрек ауруларының туындауына, атеросклероздың дамуына әсер етеді. Сондықтан газдалған сусындардан, әсіресе, кока-кола, пепси сияқты шырындарды пайдаланудан бас тарту қажет. Мұндай сусындардың құрамындағы ортофосфор қышқылы адам ағзасында кальций тапшылығын тудырады, – деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова. Оның айтуынша, шоколадтардың құрамында да түрлі қоспалар көп.
Жоғарыда атап өткен тәттілер мен сусындарға назар аударсақ, көбі шетелден жеткізілген өнім екенін көзіміз шалады. Ал олардың қандай жағдайда әзірленетіні бізге белгісіз. “Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын” деп халқымыз бекер айтпаған. Әсіресе, шетелден келетін “сырты бүтін, іші түтін” кейбір өнімдермен баланың ағзасын улаудан аулақ болғанымыз жөн. Балаларымызды денсаулыққа пайдалы құрт, сүт, айран, қымыз сынды ұлттық тағамдармен қоректендірсек, қолымызды кім ұстап тұр? Сондықтан ұрпағының саулығын ойлайтын ата-аналар осы жағын ойланғаны абзал.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp