Жас толқын, үкілі үмітімізді азат ой мен кемел білімге баулуда облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы үлкен жұмыс атқарып келеді. Біз оның директоры Владимир Новикпен әңгімелесу барысында осы мақсаттар жолында атқарылып жатқан істерге қанықтық.
– Владимир Францевич, бүгінгі жастар оқуда енжар, жаңалыққа құлықсыз, жаман әдеттерге үйір, жылтыраққа әуес деген пікірлерді жиі естиміз. Шынында да, солай ма? Тәжірибелі маман ретінде не айтар едіңіз?
– Бәріміз де бала болғанбыз. Балалықтың бал дәуренін бастан кеше отырып, аңғалдыққа, алаңғасарлыққа талай ұрынсақ та, әр кезеңнің өзіне тән қасиеттері болатынын ескерген жөн. Жалпы өз басым біржақты пікірлерді қабылдай қоймаймын. Сәмбі талдай желкілдеп өсіп келе жатқан өскелең ұрпақты күйелей бергенше, қазақстандық патриотизм қасиеттерін ұялатуға, тамшыдай болса да, үлес қосуға кеңес берер едім.
Көпжылғы ұстаздық тәжірибемнен байқағаным: жасөспірімдердің білсем, үйренсем деген романтикалық асқақ сезімге толы армандары мен ынта-жігерлері, қоғамдық белсенділіктері мені әр кез тәнті етеді. Біздің орталық 16 жылдың бедерінде небір талантты, талапты, зерделі де зейінді балаларды түлетті. Қазір олардың еліміздің әр қиырында жемісті еңбек етіп жүргені қуантады.
Бүгінде орталықта жұмыс істейтін 60-қа тарта бірлестікке бір мыңға жуық балалар мен жасөспірімдер қатысады, олардың жартысынан астамы бюджет есебінен тартылған. Үйірмелер мен студияларда 4 жастан бастап тәлім алатындардың қатары жыл өткен сайын артып келеді. Мектеп бітіргенге дейін осында қанаттанып, білімдерін толықтырады.
– Орталық негізінен қандай қызметтермен шұғылданады?
– Кеңес одағы тарардың алдында білім басқармасына қарасты мәдени орталық пионерлер үйіне айналдырылып, “Бар жақсылық – балаларға!” деген ұранмен қызмет еткенін ұмыта қойған жоқпыз. Оқушылардың азамат ретінде қалыптасуын, өмірден өз орнын табуын, бос уақытын мазмұнды да қызықты өткізу міндеттерін алға қоя отырып, келешек өмір жолын, мамандығын айқындауына, бағыт-бағдар алуына жәрдемдесіп отырамыз. Басқаларға қарағанда, осында дайындалатын балалардың мінез-құлқы, тәртібі, сабақ үлгерімі, әлеуметтік-психологиялық орнықтылығы, ойлау жүйесі жағынан өзгешелігін жиі естиміз. Мұндай баға бізді алға жетелейді. Бүгінгі жаһандану заманында жасөспірімдердің бойында азаматтық көзқарас пен ұлтжанды мінезді қалыптастыру, саламатты өмір сүруге бейімдеу, өмірге қызығушылығын арттыру, Отанға деген сүйіспеншілігін ояту шараларында жаһандану талаптарын ескермей болмайды.
Үйірме-секцияларға қабылданған оқушының жасы, талғамы ескеріліп, өз қалауы бойынша таңдау құқығы беріледі. Кейде балалық әуестікпен, сырттай қызығушылықпен барып, қателесіп жататындары кездесіп қалады. Оларды түзетіп, анық жолға салып отырамыз. Екіншіден, оқу-тәрбие үдерісінде негізгі және қосымша білім саласын тығыз үйлестіре жүргізудің бағдарламалық, әдістемелік түрлерімен қоса инновациялық жобаларды жүзеге асырудың дәйекті ұсыныстары да кеңінен қолданылады. Мәселен, техникалық бағыт “Дизайн” студиясын, робот, кеме, ұшақ құрастыру үйірмелерін топтастырса, “Таэквондо”, “Доминанта” секцияларына қатысушылар спорттық-балдық бидің қыр-сырын меңгереді. Әлеуметтік-педагогикалық мақсатты діттейтін “Лидер” клубына, “Вместе” баспасөз орталығына келушілер де көп.
– Орталықта тәжірибелі әрі шығармашылық буын қалыптасқанын жұртшылық жақсы біледі. Өз ісінің білгірі саналатын педагогтер, балетмейстерлер көптеп саналады. 1959 жылдан бері сахна төрін бермей келе жатқан “Дружные ребята” балғындар би ансамблі, оның негізін қалаушы Клавдия Седова жайлы аңызға бергісіз әңгімелерді естіп қаламыз.
– Айтпаңыз. Ансамбль осыдан 57 жыл бұрын Клавдия Викторовнаның бастамасымен шағын литражды двигательдер зауыты жанындағы хореографиялық ұжым негізінде құрылып, алғашқы бишілеріне №10 мектептің оқушылары алынған болатын. Сол жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысып, бірінші орынмен оралғанын мұрағат құжаттары дәйектейді. Кейін “Үлгілі” деген құрметті атақ берілді. Танымал ұжымға 1979 жылдан бері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Расима Сучкова жетекшілік етеді. Содан бері 300-ден астам қойылым көрермендерге ұсынылды. Соңғы жетістіктерінің бірі – “Жаркөл өрнектері” биі арқылы халықаралық конкурстың Гран приін жеңіп алғанын айтсақ та жеткілікті. Сол сияқты Ботагөз Мәметованың басқаруындағы “Айналайын” қазақ эстрадалық әндер ансамблінің табысы ауыз толтырып айтарлықтай. “Жастар дауысы”, “Маленькая звездочка”, “Балбөбек”, “Евразия” секілді халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты атанды. Мұндағы 4 топта дарынды балалармен жұмыс жеке жүргізіледі.
“Томирис” сән театры жөнінде ерекше айтуға болады. Әрі жетекшісі, әрі режиссері саналатын Наталья Белхорова басқаратын бұл ұжым бар талантымен жарқырай көрініп, дербес қолтаңбасы мен дәстүрлері айшықталған туындыларды жоғары шабытпен орындап жүр. Ондаған әлемдік конкурстарда бас жүлдені иеленді. Бірнеше рет атақты Вячеслав Зайцевтің сән үйі көрмесіне қатысып, жоғары баға алды.Тәжірибелі ұстаздар сабақ беретін балғын қыздардың орындау шеберлігі таңдай қаққызады. Қазақ, жапон, вьетнам ұлттық кескіндемелері мен моншақтан, теріден, матадан жасалған, тігілген әсем бейнелер керемет үйлесім табады. Бірде олар “Сафари” деп аталатын қойылымды шетел көрермендеріне ұсынып, керемет таңғалдырды. Онда қыздар сахнаға қабылан кейпінде киініп шығады. Қойылым барысында бұл салтанат аңшылар киіміне ауысады. Осы бір шағын көрініс арқылы көрермендердің бойында аңдарға деген аяушылық сезімін оятып, жан-жануарларды қорғау мақсат етіледі. Қазір ұжымның оқу бағдарламасында хореография, дефиле, йога, актерлік шеберлік, кескіндеме, қолданбалы шығармашылық сабақтары жүргізіледі. “Қуанамын” халық би студиясы (жетекшісі – Алина Ушакова), “Қарлығаш” хореографиялық ансамблі (жетекшісі – Галина Жумалеева), “Дизайн” студиясы (жетекшісі – Марина Гладкая), “Қазіргі заманғы хореографиялық шеберхана” (жетекшісі – Марина Сухарева) жайлы қалай айтпасқа?! “Капельки” эстрадалық әндер ансамблі 1992 жылдан бері балғындарды сауатты ән айтуға, таза сөйлеуге, қажетті вокалды техниканы және көркем мәнерлі құралдарды игеруге, орындайтын шығарманың мазмұнын терең тануға талмай үйретіп келеді. Талай рет лауреат, дипломант болды.
Жекелеген талантты жастарымыз да топ жарып жүр. “ЭКСПО – 2017” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумда Олег Лило, ғарыш зерттеулері бойынша өткен Х халықаралық жарыста Батыржан Нұрпейісов пен Максим Черных, “AlphaRobo” республикалық робот құрастыру сайысында Алтынбек Әбілев, Сұлтанбек Тәгішев, Жандос Мәнкөшев бірінші, “InfoMatrixAsiaPacitic” жобалар олимпиадасында Олжас Қинаят, Диана Кәрімова үшінші орынды иеленді.
Біз негізгі қызметімізден тысқары ұйымдастырылатын “Есіл жұлдыздары”, “Звездный дождь”, “Үміт”, “Жас қаламгер”, “Таңшолпан”, “Радуга” секілді балалардың шығармашылық қарым-қабілетін жетілдіруге арналған түрлі танымдық ойындарға, шоу-бағдарламаларға да жүйелі қатысып отырамыз. Екі жылдан бері “Менің кәсіптік таңдауым” бағдарламасы аясында “Шебер” инновациялық жобасы жүзеге асырылып келеді. Онда шеберлік сыныптары, тренингтер, семинарлар ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу мақсатымен оқушылар оқу комбинаттарына, колледждерге барады. Сөйтіп, аспаз, тігінші, киім пішуші, ағаш шебері, темір кесуші мамандықтарының қыр-сырын үйренеді. Айта берсе, қызықты мазмұнға толы мұндай тағылымдардың берері мол.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.