Қамкөңіл бүлдіршіндерді қуанышқа кенелткен жасыл шырша тойы Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда да жалғасын тапты.
Мереке қарсаңында отызға жуық мүмкіндігі шектеулі бала аталмыш ауданға қарасты Нежинка ауылындағы орта мектепте бас қосып, әуелеткен ән-жырмен шыршаны айналды. Аяз ата мен Ақшақардың әкелген сыйлықтарын бөлісіп, әзіл-қалжыңдарына, күлдіргі әңгімелеріне мәз болысты. “Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі” және “Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті” қызметкерлері ұйымдастырған шараны аудан әкімі Владимир Дудов ашып, жиналғандарды мерекемен құттықтап, бүлдіршіндерді тәттілер толы дастарқанға шақырып, оларға сый-сияпат үлестірді. Әнші балалар ән-күйден шашу шашса, әртістік қабілетімен дараланғандар қазақ ертегілеріндегі Алдар Көсе мен Көлтауысардың бейнелерін сомдап, тартымды қойылымдар көрсетті.
Меңдібай ӘЛМҰХАМБЕТҰЛЫ.
Ғ. Мүсірепов атындағы аудан.