
Карантин аяқталысымен, балалар қала көшелеріне қыдыруға шыға бастайды. Тәртіп сақшылары жол қозғалысын жақсартуға бағытталған бірқатар алдын алу іс-шараларын өткізуге дайындалуда. Әсіресе жол-көлік оқиғалары салдарынан балалардың жарақаттануының алдын алуға ерекше назар аударылады.
«Жол-көлік оқиғалары негізінен жүргізушілермен қатар, жаяу жүргіншілердің де ережелерді сақтамауынан болады, Балаларды жолда дұрыс жүруге үйретуді балалық шағынан бастау керек. Балалар негізгі ережелерді мықтап есте сақтағандары жөн: көшені тек қиылыста немесе жаяу жүргіншілер өткелінде және бағдаршамның жасыл түсі жанғанда ғана өтуге болатынын үйренуі керек. Көшені кесіп өткен кезде алдымен солға, одан соң оңға қарап, жолдың ортасына жеткенде көліктің жоқтығына көз жеткізген абзал. Ешқашан жолдың жанында және жолда ойнауға болмайды. Сондай-ақ, балалар жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге арналған негізгі жол белгілерін білуі керек. Ата-аналардың жолдағы тәртібі – тәрбиенің басты құралы», – дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов.
Күн жылынысымен велосипед, мопед сияқты көліктер полицейлердің алаңдаушылығын туғызады. Мұндай көлік құралдарының жүргізушілері жолдың оң жақ жиегімен жүрулері керек. Жолаушылар мен жүк тасымалдауға тыйым салынады.
Жыл басынан бері облыс жолдарында жол-көлік оқиғалары салдарынан бір адам қайтыс болып, кәмелетке толмаған бес бала зардап шекті.