Петропавлдағы №1 арнайы түзету мектеп-интернатының тәрбиеленушілері мүмкіндігі шектелген балалар шығармашылығына арналған республикалық “Жұлдызай” фестиваліне қатысып келді. Фестиваль “Қазақстан балалары – “Нұрлы жолмен” республикалық акциясы аясында Астана қаласында өтті. Онда еліміздің әр түкпірінде облыстық деңгейде ұйымдастырылған конкурстың үш жүзден астам жеңімпазы жиналып, өнерлерін ортаға салды.
Қазылар алқасының құрамына енген еліміздің еңбек сіңірген өнер тарландары, қазақ эстрада жұлдыздарымен біздің балаларымыз қосылып ән шырқап, би билеп, әсем қаланы тамашалады. Олар еліміздің мәдени-қоғамдық іс-шарасына қатысып, одан ұмытылмас әсермен оралды.
Тәрбиеленушілерге осындай мол мүмкіндік жасалған мектеп-интернат жағдайымен облыс әкімі Ерік Сұлтанов танысып, балаларға музыкалық аспап сыйлады. Сондай-ақ, балаларымыз №1 арнайы түзету мектеп-интернаты жанындағы жазғы сауықтыру алаңында демалды. “Балғын балалар – біздің болашағымыз” атты шара барысында бүлдіршіндеріміз мультфильм кейіпкерлерімен түрлі ойындар ойнап, көңіл көтерді.
Балаларымызға жасаған сыйлығы үшін өңір басшысы Ерік Хамзаұлына және бүлдіршіндеріміздің денсаулықтарын нығайтуға арналған спорттық ойындар, мәдени құндылықтарын бекітуді көздеген саяхаттар, шығармашылықпен ойлауды дамытуға бағытталған зияткерлік сайыстар ұйымдастырған ұстаздарға ата-аналар атынан алғысымызды білдіреміз.
Сайлау МҰХАМЕДЖАНОВ,
ата-аналар комитетінің төрағасы.
Петропавл қаласы.