Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин коронавирустың кең таралуына тосқауыл қою үшін білім ордаларында қашықтықтан оқытуды енгізу мәселесі қарастырылғанын мәлімдеді.
Білім және ғылым министрлігі елде Сovid-19 тіркеліп, таралған жағдайда қолға алынатын шаралардан тұратын құжаттар топтамасын әзірлепті. Ондағы ұсыныстардың бірі қашықтықтан білім беруді көздейді.
«БҒМ тиісті құжаттар пакетін дайындады. Ондағы ұсыныстардың бірі – техникалық мүмкіндік бар жерлерде қашықтықтан оқыту. Бұл тек жоғары оқу орындары мен колледждерді ғана емес, сонымен қатар мектептерді де қамтиды. Біз оған қарсы емеспіз. Бұл – қалыпты тәжірибе. Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар ұсынатын игілікті кең пайдаланған жөн», – деді Жандарбек Бекшин.
Ол бүгінде айтылған ұсыныстар топтамасын мемлекеттік органдар талқылап жатқанын жеткізді.
Ақпарат құралдарының мәліметінше, қазақстандық ЖОО-лар мен колледждер студенттерді аудиторияға жинамай-ақ сабақ өткізуге дайындығын пысықтап жатыр.
Коронавирус 100-ден астам елде тіркелді. Сондықтан Қазақстан оның алдын алу жұмыстарын белсенді жүргізуде. Мысалы, M.Narikbaev atyndaǵy KAZGUU Universiteti өкілі, доцент Сергей Пен қажет болса, оқу орнының онлайн-форматқа көшуге толық дайын екенін білдірді.
Бұл – халықаралық тәжірибе. Көрші Өзбекстанда да үш ірі университет шәкірттерін қашықтықтан оқытатын болды.
https://aikyn.kz/