«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛАР ҮШІН ҚАУІПСІЗ

Қазақстанға бірер күн бұрын “Pfizer” вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілгені белгілі. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой балалардың, жүкті және бала емізетін әйелдердің коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 4 млн. 230 доза вакцина сатып алынғанын мәлімдеген еді. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша штаттан тыс педиатр-дәрігер Анар Сарбасова балалар арасында вакциналау науқаны қалай жүргізілетінін айтты.

– Жақында елімізде 12 және 17 жастағы балалар мен жасөс­пірімдерге екпе егу нау­қаны басталады. Сондай-ақ жүкті ке­лін­шек­тер мен бала емізетін әйелдер де вак­ци­налау шара­сына қатысады. Екпе салу тұр­ғындар арасында аурудың та­ра­луына тос­қауыл қойып, эпи­демиологиялық ахуалды жақ­сартуға бағытталған. “Pfizer” – Дүниежү­зілік денсаулық сақтау ұйымы балалар мен жасөспі­рімдерге, жүкті әйелдерге егуді мақұлдаған алғашқы вакцина. Әлемнің 20 елінде аталмыш екпе кең қолданыста. Ме­нің бі­луімше, Қытайда бұл вакци­наны ба­лалар 3 жастан бастап алады. Қазақстанда 12 жастан асқан балаларға екпе ата-ана­лардың немесе кәмелетке толмағандар мен жасөспірім­дер­дің өзге де заңды өкіл­дерінің келісімімен қойылады, – деген дә­рі­гер Анар Серікқызы бала­ларды вак­ци­налау оқу орын­дарындағы егу пункттерінде жүр­гізілетінін жеткізді. Екпе егу пункттері бар­лық санитарлық талаптарға сай болуы тиіс.

Педиатрдың айтуынша, вак­ци­наны алар алдында балалар тексеруден өтіп, екпе қойылған соң да жіті бақылауда болады. Егер қарсы көрсеткіштер болса, вакцина қойылмайды. Бала уа­қытша сырқаттанған жағдайда, екпе қою кейінге шегеріледі. Ме­дициналық қызметкер екпенің жанама әсерлері болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Жалпы кез келген екпеден кейін адамның өзін жайсыз сезінуі қа­лыпты құбылыс. Мәселен, вак­цина алған соң ба­ла­лардың ба­сы ауруы, дене қызуы көте­рілуі мүмкін. Бірақ бұл уақытша құ­былыс.

Дәрігер клиникалық зерттеу­ден өткен вакцина бала денсау­лығына қауіпсіз екенін айтып, коронавирус инфекциясы тара­луының үшінші, төртінші тол­қын­­дарында жеткіншектердің ара­сында ауру жұқтыру көр­сеткіші ұлғайғанын ерекше атап өтті. Тіпті кейбірінде түрлі ас­қынулар орын алған екен. Сон­дықтан ба­лада қорғаныш қабі­летін қалып­тастырып, аталмыш аурудың кең та­ралуы мен ауыр түрде өтуіне жол бермеу үшін маман екпе алудың пайдасы мол еке­нін айтады. Жыл басы­нан бері облыстық балалар ау­руха­на­сындағы стационарда ко­рона­вирус жұқтырған 453 бала ем қабылда­ғанын айтып өткен жөн.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp