Еліміздің түкпір-түкпірінен екі жарым мыңнан астам жас суретші қатысқан “Балалар әлемді бейнелейді” атты сайыста біздің өңіріміздің таланттары да 84-ке жуық туындысын ұсынды. Қорытындысында олардың үздік бесеуі жоба аясында шығарылған кітапқа енді.
– Ұсынылған екі жарым мыңнан астам суреттің 700-і кітапқа енгізілді. Сайыстың тақырыбы “Алматының мыңжылдығы” болғандықтан, біз осы қалаға қатыстының барлығын зерттеуге тырыстық, – дейді көркемөнер лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Елена Царева.
Көркемөнермен жастайынан әуестенген Камила Құсайынова өзін жаңа технологияда сынап көруге бел буыпты. Оңтүстік астанада оларды Пабло Пикассо стилінде сурет салуға да үйретіпті.
– Алғашында оңай болады деп ойладық. Өйткені, бізге берілген туындылар аса әдемі де емес еді. Барлығымыз суретті ерекше тартымды етіп салып үйренбегендіктен болар, біраз қиындықтар туғызды. Ал тапсырма бойынша туынды ерекше болу керек, – дейді өнер колледжінің студенті Камила Құсайынова.
Сайыс барысында қатысушылар тауға барып, мыңжылдық шежіресі бар Алматының тамаша көріністерін әсем туындыларында бейнеледі.
“Балалар әлемді бейнелейді” жобасының кітабы Мәскеу қаласында өткен халықаралық сайыста бірінші орынды иеленді. Ол кітапта біздің жас суретшілердің де суреттері бар. Солтүстікқазақстандықтар аталмыш сайысқа жыл сайын қатысуға бел байлап отыр.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.