
Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмаған 15 баласы бар жалғыз отбасы бар. Көпбалалы ерлі-зайыпты Култышевтар Петропавл қаласында тұрады. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі уәде еткен он бес баласы барларға берілетін 159 мың теңге жәрдемақыдан үміткер еліміздегі бірден-бір шаңырақ.
Татьяна орта мектепті тамамдағаннан кейін бірден тұрмысқа шыққан. Павел екеуі 18 жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Көпбалалы ана тұңғышын 20 жасында дүниеге әкелген. Балалары егіз емес. Сәбилерінің арасы негізінен 1 жас шамасында. 8 ұл, 7 қыз. Ерлі-зайыптылар маусым айында 16-шы сәби өмірге келеді деп отыр. Татьяна жүктілік бойынша тіркеуге де әлі тұрмаған екен. “Мен әдетте босанатын шақ жақындағанда ғана дәрігерге барамын. Осы үшін мамандардан сөз де естимін. Бірақ менің түрлі сараптама тапсырып, ультрадыбыстық зерттеуге барып жүретін уақытым жоқ. Балаларыма қарау керек”, – дейді Татьяна. Балалардың барлығы 3-4 килограмм салмақпен туған. Тек 14-шісі, яғни Диана ғана ірірек – 4 килограмм 400 грамм болған. Ал ең кіші салмақ көрсеткіші, яғни 2,9 килограмм Еленаға тиесілі.
Дүниеге келген сәбиді шығарып алу үшін әкесі отбасының барлық мүшелерін перзентханаға ертіп апарады. Ол үшін кішігірім автобус жалдайды екен. Павел Владимировичтің өзі сегіз ағайынды. Сондықтан ол баланы Құдайдың баға жетпес сыйы деп қабылдайды. Жаратқан тағы бірнеше сәби сүйгізсе де қарсы емес. Әр сәбиге есім бергенде барлығы ақылдасады. Үйде екі Павел, екі Татьяна бар. Ерлі-зайыптылар оларға өз есімдерін беруді жөн санапты. Ал үшінші бала Павелдің әкесімен аттас. “Әр баланың орны бөлек. Біреуі үйде болмай қалса, сезіліп тұрады. Барлығын бірдей жақсы көремін. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген балалар ұйымшыл болады. Бір-біріне көмек қолын созуға дайын тұрады. Оларға тек сөзбен ғана емес, іспен үлгі көрсетуге тырысамын”, – дейді көпбалалы әке.
Павел мен Татьяна таңғы 7-ден тұрады. Үйде 11 оқушы бар. Оларды тамақтандырып, мектепке шығарып салу үшін біраз уақыт керек. “Біз бір сыныпқа екі баладан береміз. Солай жеңілірек әрі бір-біріне серік болады, көмектеседі. Мектепке жұптасып барады. Қыздарым сабақты жақсы оқиды. Шыны керек, ұлдар туралы олай айта алмаймын. Сырқаттанып, сабаққа бармай қалса қуанады. Есесіне спортқа, әкелері сияқты темірге жақын”, – дейді көпбалалы ана.
Кішкентайлары балабақшаға бармайды. Осылайша отбасылық бюджетті үнемдейді. Үйдің ересектері ата-анасына қолғанат. Қыздар бір-бірінің шашын өріп, дастарқанды да бірге жаяды. Култышевтардың қағидасы – үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болу. Барлық үй шаруасын бірлесе істейді. Отбасы қалада тұрып жатса да, мал ұстайды. Қорадағы ірі қараны ұлдар жайласа, қыздары сиыр сауады. Дастарқаннан ақ тамақ үзілмейді. Сондықтан болар, балаларының барлығының дені сау. Татьяна тек қыс мезгілінде ғана түрлі инфекциялар әбігерге салатынын айтады. Өйткені, балалардың бірі ауырса, бәріне жұғады.
Отбасы Жұмысшы кентінде тұрып жатыр. 2012 жылы жер үй сатып алыпты. Шағын ғана баспанаға қосымша бөлмелер салып көбейткен. Төрт бөлмелі жер үй – 17 адам үшін тарлық етеді. Татулығы жарасқан отбасы қысылып-қымтырылып өмір сүріп жатыр. Павел Владимирович қол жайып, ешкімнен көмек сұрап көрмеген. Дегенмен, жәрдем беретін адамдар табылып жатса бас тартпайды. “Отбасымыз үлкен. Баспанамыз 120 шаршы метр болса да, 17 адамға тарлық ететіні рас. Осы үйді сатып алғанда аядай ғана болатын. Біраз кеңейттік. Тағы да бөлмелер қосайық десек, мүмкіндік жоқ. Себебі, жеріміз небары 5 сотық. Атымда жылжымайтын мүлік болғандықтан, бізге үй берілмейтіні белгілі. Біреулер сияқты қулық жасап, үйімді басқаның атына түсіріп, мемлекетті алдап ештеңе алғым келмейді. Өйтсем балаларыма қандай үлгі көрсетемін? Тым болмаса жер алайын деп, әкімдікке жер кезегіне тұруға бардым. Өтінішімді қабылдамай қойды”, – дейді көпбалалы әке.
Өткен жылы шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған “Бастау” бағдарламасы бойынша 250 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алған. Сол қаражатқа дәнекерлеуге арналған аппарат сатып алыпты. Жеке кәсібін ашып, нәпақасын тауып отыр. Тек табыс бірде бар, бірде жоқ. Әсіресе, құрылыс қарқыны бәсеңдейтін қыс мезгілінде тапсырыс азайып, күнкөріс қиындайды.
Балалар “ұялы телефон, киім әпер” деп әлекке салмайды екен. Өйткені, Павел мен Татьяна ұрпағына дұрыс тәрбие беруді мақсат тұтады. “Осынша баланы қайтесіңдер, оны қалай асырайсыңдар?” деп сөгетіндер де бар. Бала – бақыт. Әрине, оларды өсіріп, ержеткізіп, білім беру керек. Бұл – үлкен жауапкершілік. Оңай деп айта алмаймын. Бірде жетіп, бірде жетпей жатады. Мемлекетке телмірмейміз. Жәрдемақының көбейіп жатқанына қуаныштымын. Қанша жәрдемақы берсе де, қанағат тұтамыз”, – дейді Павел.
Үлкен қыздары Инна мен Елена шаштараз даярлайтын курста оқыған. Бауырларының шашын қию – екеуінің мойнында. Қазір әпкелі-сіңлілілер киім тігуді меңгеріп жүр. “Бауырларымызды Лена екеуміз бөліп аламыз. Әрқайсысының өз шаштаразы бар. Бір-бірлеп кезекке тұрады. Әкемнің шашын алуға жүрексінемін. Сондықтан ол кәсіби мамандарға барады. Әбден тәжірибе жинап, қолым үйренген соң әкемнің де шашын өзім қиятын боламын”, – дейді үйдің тұңғышы Инна.
Татьяна мен Ирина скрипкада ойнайды. Инна – күйсандықтың тілін меңгеріп алған. Отбасы үйде ән айтқан кезде музыкалық аспаптар қосылып, кішігірім ансамбльге айналады. Ал ұлдар жағы фотоға түсірумен әуестенеді. Өмірде кез келген кәсіп қажетке асатынын балалар жақсы түсінеді. Култышевтар отбасында балалардың әрқайсысының туған күні – ерекше мереке. Павел Владимирович мүмкіндігінде мүшелеп ет асып, балаларының құрметіне табақ тартатынын айтады. Жайманы да Татьяна өзі жасайды. Ақша бірде жетіп, бірде жетпей жатады. Бірақ бұл отбасы оған ешқашан налыған емес. Әркімнің өз несібесі бар деп есептейді.
Эльмира КӘЛЕНОВА.