«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛЫ ҮЙ – БАЗАР

Біз – Петропавл қаласында тұратын қарапайым отбасылардың біріміз. Киелі Қызылжарға отбасымызбен 2006 жылы Омбы облысынан көшіп келдік.

Атажұртқа қоныс аударғаннан бері тамыр жайып, ұрпақ көбейтіп келеміз. Көшіп келгенде екі қызымыз ғана болса, қазір үйіміздің іші бала базарына айналып отырған жайымыз бар. Шүкір, бүгінде отағасы Ерік Қайырласұлы екеуміз құлыншақтай құлдырлаған алты баланың ата-анасы атанып отырмыз. Түсіне білген адам үшін мұның өзі бір ғанибет емес пе?!

Мен өзім бала кезімнен медицина саласында еңбек етсем деп армандағам. Талаптанып жүріп сол мақсатыма да қол жеткіздім. Бүгінгі таңда облыстық туберкулезге қарсы диспансерде жұмыс істеймін. Қандай жерде қызмет етсең де, ең бастысы, өзіңе жүктелген жұмысты абыроймен атқаруға тырысу керек деп ойлаймын. Және өз басым осы қағиданы ұстанамын. Жұмыс болған соң үйден ерте шығып, кеш келесің. Ол барлық еңбек ететін әйел аналардың күнбе-күн басынан өткеріп жүрген қалыпты жағдайы деп ойлаймын. Мен де сондай қарапайым қазақ келіндерінің бірімін. Бірақ жұмыстан қаншалықты шаршап келсем де, үйге кіре бере кішкентайларымның бал-бұл жанған жүздерін көргенде, бір жасап қаламын. Ана үшін баланың амандығынан асқан не керек дейсіз? Көз алдымызда жүрген сәбилеріміз мұңаймай, аман-есен ержетсе болғаны. Әрине, өмір болған соң қызығы да, қиындығы да қатар жүреді ғой. Бірақ оған мән бере беруге болмайды. Уақыт бәрін өз орнына қояды. Біздің отбасында да мәселе жоқ емес. Қанша жылдан бері үйелмелі-сүйелмелі балаларымызбен бірге пәтер жалдап тұрамыз. Үмітсіз адам болмайды ғой. Біз де келер күннен тек жақсылық тосамыз. Отағасы екеуміз отбасында орнаған мызғымас татулықты, өзара сыйластықты, ауызбіршілікті нығайту үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз. Себебі, бізге қарап балаларымыз өсіп келеді. Оларға мейірімділікпен қарап, тәрбиелеріне уақыт бөліп, “айналайын” сөзімен аялап отырамыз.  

Шыны керек, қазір кейбір жас отбасылар бала санына шектеу қояды. Оны түсінуге де болады. Бірақ өмір болған соң үлкен-кішілі мәселелер таусылмайды. Оларды рет-ретімен шешемін деп жүргенде алтын уақыттың өтіп кетуі әбден мүмкін. Ал бала дегеніміз, ең үлкен бақыт, өміріміздің жалғасы, біздің келешегіміз емес пе? Сондықтан да демографиямыздың жағдайын жақсартуға өзіндік бір үлес қоссақ, нұр үстіне нұр болады деп ойлаймын. “Әр бала өз несібесімен” дегендей, көпбалалы отбасы ретінде бізге мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетіліп тұрады. Қазір үлкендерім – мектеп оқушылары, ал екі кішкентайым балабақшаға барады. Кенже қызым үйде. Біз жұмыста болған кезде үлкен қыздарым кішкентай сіңлілеріне қарайлап, қамқорлық көрсетеді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын облысымызда бастау алған “Ұрпақ қоры” бағдарламасы бойынша арнайы сертификат алған отбасылардың біріміз. Сол кезде төрт қызымызға банктен есепшот ашылып, белгілі мөлшерде қаражат бөлінді. Бүгінде ол ақшаның көлемі өсіп келеді. Бұйыртса, болашақта жиналған қаражатты балалардың игілігіне ұстауды жоспарлап отырмыз. Қаншама көпбалалы отбасына қуаныш сыйлап, ата-ананың шашбауын бір көтеріп тастаған аталмыш жобаның “ғұмыры” ұзаққа бармады, өкініштісі сол ғана. Негізінде ол жақсы бастама болған. Болашақта облысымызда демографиялық ахуалды одан әрі дамытып, көпбалалы отбасылардың жағдайына қарай орайластырылып жасалған осы іспеттес бағдарламалар мүмкін болашақта бастау алар деген үмітіміз де жоқ емес.

Көпті көрген көнекөз қарияларымыз: “Көрінген таудың алыстығы жоқ”, – деп бекер айтпаған болар. Уақыт деген зымырап өте шығады екен. Кеше ғана аяғын апыл-тапыл басып жүрген балаларымның алды бүгінде бойжетіп те қалды. Өзімнің көмекшім, тұңғыш қызым Диана он бес жаста болса, сіңлісі Даяна бір мүшелге келді. Қыздарым менің қос қанатым сияқты. Өздері үй жинап, барлық шаруаны қолдарынан келгенше жасауға тырысады. Бірі ыдыс жуса, екіншісі соңынан ерген Мерген, Ділназ, Саида есімді іні-сіңлілеріне бас-көз болады. Осының өзі мен үшін үлкен көмек. Шаңырағымызды шаттыққа бөлеп, шаршаған көңілімізге күн шуағындай сәуле шашатын үйдің кенжесі әрі еркесі Анель бір жастан жаңа ғана асты. Оның тәп-тәтті қылықтарына қарап, мәз-мейрам болғанда бар мәселені ұмытқандай боламыз. Отбасымыздың айрандай ұйып, бір-бірімізге деген сыйластығымыздың күннен-күнге нығайып келе жатқандығының сыры да ортамызда гүлдей жайқалып өсіп келе жатқан балапандарымыз деп ойлаймын. Солар аман болса, бізге одан артық бақыттың керегі де жоқ.

Жібек МАҚАШОВА.

Петропавл қаласы.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp