
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлдағы «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ-ында болып, компьютерлік техникаларды құрастыру цехының жұмысымен танысты.
Соңғы жылдары Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша қауіпсіздік жүйелері, цифрлық телевидение қондырғыларын, мұнай-газ кешендеріне арналған өнімдер мен байланыс құралдарын шығарып келген зауыт былтыр ноутбук шығаратын желіні іске қосқан болатын. Сөйтіп, қазақстандық брендпен компьютерлік техника өндірісін игеру қолға алынды. Өзгенің тісі батпаған бұл бастаманы сәтті жүзеге асыруға кәсіпорындағы көпқабатты баспа платалары және интегралды шағын сызбалар өндірісі серпін беруде.
Кәсіпорынның бас директоры Амангелді Арғымбаевтың айтуынша, былтырғы жылдың қараша айында ашылған цех мамандары жаңа оқу жылының басына дейін «ЗИК» маркалы 5 мың компьютерді құрастыруы тиіс. Ноутбук пен компьютер өндірісі – біздің еліміз үшін тың сала. Сондықтан жаңа бағытты игеру мақсатында нарықты зерттеп, ноутбук және компьютер шығарып жүрген қытайлық «Сhina greatwall technology group co., Ltd» компаниясымен әріптестік қарым-қатынас орнатылған. Өзара жасалған келісімшартқа сәйкес, зауыт жыл соңына дейін тағы 50 мың компьютер мен 50 мың ноутбукті саудаға шығаруы керек.
Былтыр зауыт басшылығы әлемге танымал қытайлық компаниямен келіссөз жүргізіп, өздерінің жобасын ұсынған болатын. Нәтижесінде «China greatwall technology group co., Ltd» компаниясы мамандарының көмегімен алғашқы 50 ультрабук құрастырылды. Барлық компьютерлер мен ноутбуктер «Microsoft» корпорациясының лицензиялық операциялық жүйесімен қамтамасыз етілуде. Алдағы оқу жылында қашықтан оқу үрдісін тиімді ұйымдастыру үшін мұғалімдер мен оқушыларға мүмкіндік жасау мақсатында табысы төмен отбасынан шыққан, жетім және ерекше қажеттіліктері бар балаларға 12 мың ноутбук, компьютер және планшет таратылады. Ноутбуктардың екі мың данасы аталмыш зауытта құрастырылмақ.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.