Өзін Айсәуле Балғабаева деп таныстырған бір жас келіншек телефон арқылы хабарласқан кезде: “Қызым жаңа оқу жылында 1-сыныпқа барушы еді. Оны қай мектепке беретінімді білмей басым қатты. Сапалы білім беретін жақсы мектепті қалай таңдауға болады?” – деді. Күтпеген жерден қойылған мәселе мені ойландырып тастады. Шынымен де, баласының болашағын ойлаған әр ата-ана көзінің ағы мен қарасындай көретін бүлдіршінін бірінші сыныпқа берерде қатты толқитыны белгілі. Кез келген ата-ана баласының болашағының баспалдағын қалайтын жақсы мектепті таңдағысы келетіні заңды құбылыс болғандықтан, мен де осы сұраққа жауап іздеп көрдім.
Мектеп өмірінің басталуы балғын үшін өте жауапты кезең. “Білім негізі – бастауышта” дегендей, баланың әріп үйреніп, одан сөз, сөйлем құрап, оларды буындарға бөліп үйренетін, оңы мен солын айыратын нағыз жауапты кезеңі – осы шақ. Бір білім ошағына қарап отырған ауылдағыдай емес, ата-аналар қаладағы толып жатқан мектеп, лицей, гимназиялардың арасынан қайсысын таңдарын білмей абдырап қалатыны анық. Жасаған таңдауларының дұрыс-бұрыстығын да білмей дал болады.
Солтүстік Қазақстан облыстық білім және ғылым саласындағы бақылау департаментінің бөлім басшысы Татьяна Гапчичке телефон шалып, бірінші сыныпқа баратын балаға мектепті қалай таңдауға болатынын сұрадым. “Мектептер рейтингісін білім бөлімі жүргізеді, біз заңнаманың сақталуын бақылаймыз”, – деген Татьяна Анатольевна өзінің көпжылдық педагогикалық еңбек өтіліне сүйеніп, бірқатар кеңес берді.
Ата-ана алдын ала болжам жасап, баланы белгілі мектепке тіркетпес бұрын, өздері таңдаған білім ошағында 4-ші сыныпты қандай мұғалім бітіртіп жатқанын және онда бірінші сыныпты кім қабылдайтынын біліп алғаны жөн. Ол мұғалімнің біліміне, тәжірибесіне, санатына, еңбек өтіліне, алдынан бұрын шығарған шәкірттерінің білім көрсеткіштеріне, бастауыш сынып оқушыларына арналған түрлі жобалар мен сайыстардағы жетістіктеріне қарау керек. Сондай-ақ, мұғалімнің қандай екенін (қатал, мейірімді, талапшыл, ашушаң, дөрекі, т.б.) мектеп директорынан, бұрын сол ұстаздан балалары оқыған ата-аналардан сұрап білуге болады. “Мен өз тарапымнан айтар болсам, кез келген адам білім бақылау департаментінің сайтына кіріп, ондағы “Аттестаттау” бөлімінен өзін қызықтырған мектептің бірінші реттен-ақ мемлекеттік аттестаттаудан өткен-өтпегенін көре алады. Таза қазақ тіліндегі жалпы білім беретін №6, №20 орта мектептердің және №9, №23, №7, №10 аралас білім ошақтарындағы қазақ сыныптарының нәтижелері жаман емес”, – деді білім бақылау департаментінің маманы.
Балаңыз оқитын мектепті таңдау кезінде ондағы кадр тұрақтылығын да назарға алған жөн. Өйткені, мұғалімдердің жиі ауысуы білім сапасы мен оқушы психологиясына теріс ықпал етіп, жайсыз ахуал қалыптастыратыны сөзсіз. Онда балалардың шығармашылықтарын дамытуға арналған қосымша үйірмелердің болуына, оқушылардың бос уақыты мен демалысының ұйымдастырылуына қаншалықты көңіл бөлінетінін байқау керек. Бала уақытының басым бөлігі мектепте өтетіндіктен, онда жайлы жағдай жасалып, тұрған жерінің қолайлы болғаны жақсы. “Ұсақ-түйек болып көрінгенімен, терезе жақтаулары мен қабырғаларында неше түрлі жазулар мен суреттердің болуы, олардың мазмұны мектеп оқушыларының мәдениетінің көрсеткіші болып табылады. Көңіл аударған кісіге қабырға газеттеріндегі ақпараттардың ескірген немесе жаңа болуы, оның мазмұны да мектеп туралы пікір қалыптастырады”, – дейді Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы мектеп-лицейдің психологі Жанна Бекенова.
Педагог мамандардың айтуынша, ата-ана мектепті таңдамас бұрын олардың білім беру мәртебесін білулері керек. Мәселен, жалпы білім беретін мектептер қаланың әр аумағында бар. Олардың оқыту бағдарламасы, оқытатын пәндерінің тізімінде айырмашылық жоқ. Бірінші сыныпқа баратын баланың бойынан ерекше дарын, қабілет, қызығушылық байқалмаса, оны тұрғылықты жерге бекітілген жақын маңдағы жалпы білім беретін мектепке берген дұрыс. Петропавл қаласында ондай 21 мектеп бар. Қожаберген жырау атындағы №6 және Жұмабек Ташенев атындағы №20 орта мектеп таза қазақ тілінде оқытады. Қалған 19-ы аралас мектеп. “Бір айта кетерлігі, балалар тұрғылықты мекенжайларына қарасты жалпы білім беретін мектептерге бекітілгендіктен, міндетті түрде соларға барулары керек. Біздің негізгі проблемамыз да осы. Ата-аналар өздеріне бекітілген аумақтағы аралас мектептерге балаларын бергілері келмейді. Біз тап қазір қазақ мектебін саламыз деп айта алмаймыз. Сондықтан ол мәселе бір күнде шешілмейді. Ата-аналар осыны түсіністікпен қабылдап, балаға ана тілін үйретуге өздері де атсалысулары керек”, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Таңатқызы.
Облыстың бас педагогі егер баланың бойында зияткерлік жағынан ерекшелік байқалса, ол өзінің құрдастарына қарағанда есепке, кітап оқуға, жазуға, логикалық ойлауға, тағы басқаға жүйрік болса, ондай баланы гимназия немесе лицейге беруге болатынын алға тартты. Ол білім ошақтары шағынаудандарға тәуелді емес. Бұл жерде гимназия, лицейлердің жалпы білім беретін мектептен қандай айырмашылығы бар деген сұраққа жауап бере кеткен жөн. Аталмыш білім ошақтары қандай да бір пәнге бейімделіп, оқушыларды сол бағытта тереңдетіп оқытады. Мәселен, қалалық классикалық гимназия гуманитарлық және математикалық бағытта тереңдете оқытса, әл-Фараби мектеп-лицейі мен қазақ мектеп-гимназиясы жаратылыстану-математикалық бағытқа бейімделген.
Тереңдете оқытатын гимназия мен лицейлердің бағдарламалары жалпы білім беретін мектептерден күрделі, сағат сандары да көп. Бұл білім ошақтарына қабылдаған кезде әңгімелесу арқылы баланың мектепке даярлық деңгейі бақыланып, соған сәйкес қабылдау жүргізіледі.
Түйін: Біз мамандардың пікірін келтіре отырып, балаға мектепті қалай таңдауға болатынын, неге көңіл аудару қажеттігін атап көрсеттік. Жалпы білім беретін мектептер мен тереңдетіп оқытатын гимназия, лицейлердің аражігін де ашып көрсетуге тырыстық. Ендігі таңдау тек ата-ананың құзырында болмақ.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Коллажды жасаған
Талғат ТӘНІБАЕВ.