Оқуын бітіріп, күректей диплом алып шықса да, мұғалім болудан қашқақтайтын жастар аз емес. Есесіне зейнеткерлікке шыққан білікті ұстаздардың кейбіреулері мектептерде, білім беретін өзге де оқу орындарында жұмыс істеуде. Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова бұл мәселенің мәнісін кадр жетіспеушілігімен түсіндірді. Ғалым да, шахтер да бас иетін мәртебелі салада мамандар тапшылығының айқын көрініс беруі зейнет жасындағы жандарды жұмысқа тартуға әкеліп соқтырып жатқанын айтқан ол:
– Біздің облысымыздағы білім ошақтарының 81,2 пайызы шағын жинақты мектептерден құралған. Кейбір оқу орындарында мұғалімдердің оқу жүктемесі толық емес, сондықтан шалғай аудандардың, алыс ауылдардың мектептеріне уыздай жас мамандарды тарту қиынға түсуде. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 240-бабының 2-тармағындағы “Мемлекеттік мекеменің (қазынашылық кәсіпорынның) басшысы не жауапты хатшысы немесе ҚР Президенті айқындайтын өзге де лауазымды адам зейнеткерлік жасқа жеткен, кәсіптік және біліктілік деңгейі жоғары қызметкермен оның еңбекке қабілеттілігін ескере отырып, еңбек шартын жыл сайын ұзартуы мүмкін”, – дегенге сәйкес оқу үдерісі үздіксіз болуы үшін зейнетке шыққан, бірақ тәжірибесі мол мұғалімдермен бір жылға немесе сол пәндерден сабақ беретін жас мамандар табылғанша еңбек шарттары жасалуда, – деді. Осыған орай қос пән бойынша мамандарды даярлау үшін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытылатын мамандықтар тізбесіне өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс жасағандарын айтты. Бүгінде аталмыш университет басшылығының келісімімен математика-информатика, физика-информатика, география-биология сынды сабақтар қос пән ретінде оқытылып, оларды игеріп шыққан мамандардың алғашқы легі жұмысқа орналасып үлгерген.
Шолпан Таңатқызының айтуынша, өңір мектептерінде жұмыс істеп жүрген зейнеткер мұғалімдердің жалпы саны 344-ке жуық. Олардың 88-і Петропавл қаласындағы білім ошақтарында, ал 256-сы ауыл мектептерінде қызмет етуде.
Еліміздің болашағы бүгінгі балалардың сапалы біліміне, саралы ойлауына тікелей байланысты болған соң оларды шыңдап, білім белесіне жеткізетін бірегей, заман көшіне ілескен жас кадрлардың жетіспеушілігі көңілге қаяу салмай қоймайды.
Кезінде қадірі асып, қасиеті тасыған мамандыққа деген қызығушылықтың жастар арасында күрт төмендеуін, тіпті, ондай ойлардың ұстаз бен шәкірт арасында ашықтан-ашық, бүкпесіз айтылып жүргенін ащы болса да шымбайға батқан шындыққа жанасатынын өмірінің жиырма жылын ұстаздыққа арнап, бүгінде еңбек демалысына шыққан Әдия Ахметова да байқап жүр. Мектеп бітіруші түлектердің болашақта жүзеге асыратын ой-мақсаттарын айқын бағдарлап алғанын жөн санайтын ол:
– Әу бастан мұғалім болғысы келмей, алайда оқуға ата-анасының айтуымен, туысқандарының мәжбүрлеуімен түсетіндердің көптігін көзбен көріп, құлақпен естіп жүрміз. Көпке топырақ шашпайын, дегенмен де бүгінгі жастардың көбі болашақта қандай мамандық иесі атанып, қай жерде жұмыс істеймін деген сұрақтар төңірегінде терең ойланып, батыл шешім қабылдай бермейді. Қолымда дипломым болса, екі қолға бір күрек табылар деген жалаң сенімнің жетегінде жүріп, университет бітірген соң таңдаған мамандығымен жұмысқа орналаса алмай, бірі базар жағалап, енді бірі жеке кәсіп көзін ашып, күнкөрістің қамын күйттейді. “Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа” дегендей, диплом керек болған соң мемлекеттің тегін оқуын бітіріп алуға тырысады. Кейін өзге саланың тізгінін ұстап кетеді, – дей келе, осыдан кейін зейнеткер жандардың еңбек демалысына шықпай, қасиетті білім шаңырақтарында жұмыс істеуі жас мұғалімдердің тапшылығын онша-мұнша сездірмей жатқанын баса айтты. Жауапкершілігі мен жүгі ауыр ұлағатты ұстаздық жүректің қалауымен меңгеретін ең ардақты сала екенін, оны өресі биік жандардың игеретінін алға тартқан Әдия апай мектептерде зейнеткерлердің жұмыс істеуі олардың ізін басқан жас мамандардың тәжірибе жинауына үлкен көмек, дейді. Петропавлдағы М. Жұмабаев атындағы колледждің мектепке дейінгі оқыту мамандығының бірінші курс студенті Ұлжан Сүлейменованың болашақта балабақшаларда, мектепалды, даярлық сыныптарында, былдырлаған бүлдіршіндермен жұмыс істеуге аса құлшыныс танытпайтыны Әдия Ысқаққызының ойының дұрыстығын аңғартатындай.
– Ұлттық бірыңғай тестілеуде жетпіс алты балл жинадым. Мұндай көрсеткішпен бала күнімнен армандаған “Жалпы медицина” мамандығы бойынша Алматы қаласындағы Санжар Асфендияров атындағы медициналық университетте оқуға мүмкіндігім болмады. Ал жыл сайын 600-700 мың теңге төлеп, ақылы бөлімде оқытуға ауылдағы жұмыссыз ата-анамның жағдайы көтермеді. Аталмыш мамандықта уақытым зая кетпес үшін оқып жүрмін, – деген Ұлжан алдағы уақытта кешенді тестілеуді қайта тапсырып, мақсатына айналған медицинаны меңгеретіндігін жасырмады.
Арман-мұраты бар, алайда таңдаған жолда сәтсіздіктерге кезігіп, қағынан жеріген құланның күйін кешіп жүрген Ұлжандай қыз-жігіттер жалғыз емес, жетіп артылады. Тіпті, мұғалім мамандығы бойынша төрт жыл оқып, тағылым қалыптастырып, танымын кеңейткен, алайда нәпақасын өзге саладан іздеп жүрген жас мамандар қаншама?
М. Қозыбаев атындағы университеттің түлегі Айсұлу Бақдәулетованың мамандығы – тарих пәнінің мұғалімі. Ол бүгінде Астана қаласындағы кәсіпорындардың бірінде жұмыс істейді. Бұл әрекетін мектептерде қызмет ететін жас мамандардың жалақысының аздығымен түсіндірген ол мәселе түбегейлі шешімін таппай, мұғалімдікке деген қызығушылықтың жастар арасында бәсеңдемесе, жоғарыламайтынына алаңдайды. Оның үстіне, шайлығыңа ғана жететін айлықпен қаладағы, жағдайы көңіл көншітпейтін ауылдардағы мектептерде, жалпы аталмыш салада мансабы жағынан өсу мүмкін еместігін айтады.
Сонда жастарға әліппені үйретіп отырған ұстазға баланың бағы емес, мансаптың тағы маңызды болғаны ма? Неге жастар мұғалім болғысы келмейді? Неге жастар ұстаздықтан қашады? Бүгінде елімізді алаңдатып отырған бұл сұрақтардың оңтайлы шешімі табылуы үшін “Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып, бүгінде аталмыш жобамен түкпірдегі елді мекендердің өзінде жемісті қызмет етіп жатқан өрендер баршылық. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожина өткен жылы аталмыш бағдарламамен шалғай аудандарға барып, жұмысқа орналасқан жас мамандардың жалпы саны 534-ке жеткенін айтады. Солардың бірі – Шал ақын ауданына қарасты Кеңес ауылындағы орта мектептің психологы Жазира Сапарова. Үкіметтен жеңілдетілген несиеге үй сатып алған ол жас мамандардың ауылдарға, әсіресе, жағдайы төмен елді мекендерге барып жұмыс істеуін ауылдарды құрдымға кетуден сақтап қалудың негізгі жолы санайды.
– Ауыл тұрғындарын бір ортаға ұйыстырып, айрандай ұйытып отырғаны – ағартушылық, қала берді әр отбасының күнкөріс көзіне айналған мал шаруашылығы. Қолдағы қолғанаттарының орта мектепті алаңсыз тамамдап, білім шуағына жылынуын қалайтын әрбір ата-ана өзі өмір сүріп жатқан алақандай ауылды күретамырына балайтыны шындық, – деген ол жастардың мұғалімдікке бармауын ұстаздардың жалақысының аздығымен қатар, олардың мектептің ғана емес, ауылдың қоғамдық жұмыстарына еріксіз тартылатындарынан, оның үстіне ата-аналардың қит етсе ұстаздарды кінәлап шығатынынан, дейді. Ал білім ошағы жас мамандардың қарасы үзілмей, жиі келуімен сәулеленіп, нұрлана береді, – дейді Жазира.
Бұл, ең алдымен, кадр жетіспеушілігі мәселесінің шешімі табылуы ғана емес, оқушылардың зияткерлік әл-ауқатының артып, білім арнасының кеңеюіне алып келері сөзсіз. Өйткені, университетті енді ғана бітірген маман ғылымның заманауи тұстарын танып, білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін үйретуде қолданылатын интерактивті тақталарды, ғаламтор игілігін бір кісідей үйреніп шығады. Ал зейнеткерлерге жиырма бірінші ғасырдың техникалық жаңалығы мен ақпараттық тасқынын оқушы санасына сіңіріп, бүге-шігесіне дейін түсіндіру қиынға соғары анық. Мұндайда оқушы қайтпек? Осы сауалымызды еңбек демалысында жүрсе де, екі жыл жұмыс істеп келе жатқан Дархангүл апайға жолдағанымызда:
– Мен отыз екі жыл бойы география пәнінен сабақ беріп келемін. Жасымыздың келгенінен бе, қазіргі заманауи технологияларды игеріп, қажетімізге жаратудан құр қалып келе жатқаным рас. Кейде шәкірттерім түрлі өсімдіктердің атын сұрап, ғаламтордан көшіріп алған суреттерін көрсеткенде не деп жауап берерімді білмей, абдырап қалатыным да жасырын емес. Біз халқымыздың терең тарихын тестінің төрт нұсқасының біреуін белгілеп емес, кітаптың түп-тамырына дейін қопарып оқыған көзі қарақты жандардан сабақ алдық және сол сүрлеуден жаңылыспай, оқушыларымызға да үйреткенді жөн санаймыз. “Кемеңгерлерге де кеңес керек” демекші, білгенімізді жанымыздағы жас мамандарға үйретуден жалықпаймыз, – дейді.
– Ұстаздық даңғылдың сан бұралаңынан өтіп, тәжірибе деп аталатын мектепте әбден пісіп-жетілген зейнеткер мұғалімдерге бай білім ошағының бірі – Петропавлдағы есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернат. Білім мекемесінің директоры Жангелді Тәжин өзі басқаратын мекеменің жас дефектологтарға зәру екендігін айтады. Олқылықтың орнын зейнет демалысындағы көпжылғы тәжірибесі бар жандардың толтырып отырғандығын, олардың жас мамандарға үйретері көптігін түсіндірген ол:
– Қаламыздағы М. Қозыбаев атындағы университетте “Дефектология” мамандығының сурдопедагогика бөлімінде оқитын студенттер біздің интернатқа келіп, тәжірибеден өтіп жатады. Олардың арасынан жұмысқа қабылданғандары да бар. Кейбіреулері талаптың күш-тілігіне, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеудің қиындығына шыдамай, төрт-бес ай істеп, шығып кетіп жатады. Алайда, біз мүмкіндігі шектеулі балалармен біте қайнасып, олардың мұқтаж жандарын түсіне білетін, өз кәсібін ықыласпен меңгерген мамандарды жұмысқа қабылдаймыз. Қатарымызда жас мамандар да баршылық, – дейді.
Сурдопедагогиканы былай қойғанда, әліппедегі “А” әрпінен бастап үйретіп, қазақ әдебиетінің бай мұраларына дейін оқушы санасына салмақтылықпен, байыптылықпен ұялатқан ұстаз болуға алақайлап асығатын күн қашан туар екен?
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.