«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАНЫҢ ЖАҚСЫСЫ – ҚЫЗЫҚ, ЖАМАНЫ…

Бүгінгі таңда облысымыздың ішкі істер органдарының есебінде тұрған кәмелетке толмағандардың жалпы саны – 684. Олардың 355-і – жайсыз отбасылардан шыққан жасөспірімдер. Үстіміздегі жылдың 4 айы ішінде кәмелетке толмағандар тарапынан 26 қылмыс жасалса, олардың дені – ұрлық.

Өткен жылы облыстық жасөспірімдер ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында мынадай іс қаралды. Облысымыздағы ауыл шаруашылығы колледжінің кәмелеттік жасқа толмаған студентінің көзі сол оқу орнында оқитын жасөспірімнің қолындағы ұялы телефонға түседі. Ұнаған дүниені алу мақсатында серігі екеуі жәбірленушіні дәретханаға шақырып, сол жерде балағат сөздер айтып, ұрамыз деп қорқыта отырып, аталмыш мүлікті өзінің арзан ұялы телефонымен айырбастауға мәжбүрлейді. Екеуіне бірдей төтеп бере алмайтындығын түсінген жәбірленуші келіскен түр танытып, телефонын айырбастайды да, келесі күні құқық қорғау органдарына шағым жазған. Екі тарапты да тыңдаған сот әлімжеттік жасаған екі студентті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 178-бабы, 2- бөлімі “а”, “в” тараулары, яғни “тонау” фактісі бойынша кінәлі деп танып, 2 жылға дейін бас бостандықтарын шектеу жазасын тағайындады.

Жасөспірімдердің осындай “тірліктерінің” белең алғаны соншалық – қазір селт етпейтін болдық. Бүгін ата-ана көңіліне қаяу түсірген бала ертең жүрекке қанжар сұқпасына кім кепіл?! Баланы “жаман мен жақсыны”, “дұрыс пен бұрысты”, “рұқсат және болмайды” деген сөздерді түсінуге үйрету тәрбиенің алғышарты болса, бүгінгі ата-ана бұл міндетті қалай атқарып жүр?

“Анау тұрған немене? Мынау тұрған кеме ме?” деп айналасындағының барлығына қызығушылықпен қарайтын бүлдіршінге ақпаратты ең бірінші ата-анасы сіңіреді. Бала тәрбиесінің негізі 5 жасқа дейін қаланатынын әлем педагогтері бірауыздан мойындап отыр. “Тәрбие басы – тал бесік” деген осы болар. Ал тал бесіктің астары болашақ ұрпақты өзінің діні мен діліне сай үйлесімді тәрбиелеуді көздейді. Бірақ өмірде не болмайды?! Бала ұядан ғана емес, қоғамнан да тәрбие алады. Ата-ананың берген тәрбиесінің мықтылығы осы кезде сыналады. Бүгін сыны да, сыры да мың құбылған қоғамның арбауына төтеп бере алмай әлсіреген ата-ана тәрбиесінің салдарынан “отбасы құндылығы” босағадан сығалап тұр. Бұған не себеп? Діліміздің жоғалғаны ма, рухымыздың әлсірегені ме?

Бұл мәселенің мәнісін бүгіннен емес, өткеннен іздеу қажет. Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен әйелдердің орнын ала сөмкелерін арқалаған келіншектер басқан кезде ұлттық ділімізге сызат түскен болатын. Ерін пір тұтып, ибалы қыз, иманды ұл тәрбиелеп отырған әйелдер отбасын асырауға мәжбүр болғанда, ерлер түздің емес, үйдің адамына айналған кезде-ақ бұл “жарамызды” таңып, ем іздеу керек еді. “Байтал түгіл, бас қайғы” болған уақытта болашақты кім ойлады дейсің?! Бір кездері еркектердің әлсіздік танытып, әйелдердің ошақ қасынан алыстағанының салдарынан бүгін жүгенсіз ұл мен бақытсыз қыздың тағдырына алаңдап отырмыз.

Қазіргі өмір де бітпейтін шаруаға толы. Ал жұмысбасты ата-аналардың кешке және демалыс күндерінде баласына тиісінше назар аударуларына уақыты, мұршасы жетпейді. Содан балалардың дені өз бөлмесінде жалғыз отырады. Олардың ас дайындап, кір жуып, үй жинап жатқан анасынан сұраған сауалына алып жатқан жауабы да мардымсыз. Қазіргі таңда жас баласымен отырып әңгімелесетін, оларға білгенін үйрететін, ойнататын, ертегі айтып беретін ата-аналар сирек. Жалғыз қалған бала жақсы, жаманның не екенін өз бетінше айыра алмағандықтан, теріс ықпалдың жетегінде кетеді. Бұл орайда көңілдің гүлі, көздің нұры болар баланы бағып-қағуда ата-бабаларымыздың даналығына бас июге болады. Олар тәрбиенің арқауын ұзын арқан, кең тұсауға салмаған. Тәрбиеге атүсті қарамаған, сәл кемшіліктің өзіне үлкен жауапкершілікпен мән берген. “Баланы бес жасқа дейін патшаңдай сыйла, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, одан кейін құрбыңдай сырлас”, – деп бекер айтпаған. Сондай-ақ, “Он үште – отау иесі деген”. Бүгінгі бала неге ондай емес?

– Біз ата-ана ретінде балаларымызды өзгелерді тыңдауға, сөз табуға, тыныш отыруға, иілгіш, кешірімшіл болуға тәрбиелемейміз. Қазіргі білім саласын алсақ, баланың бойына тұлғалық қадір-қасиетті қалыптастыруға мүлдем мән бермейді. Бізде ең басты мәселе – ҰБТ тапсыру. Осыған орай баланың алдына ата-ана, мектеп, қоғам биік талап қояды да, ал осы талаптарды орындауда балаға қажетті қасиеттерді дамытпайды. Мектептегі психологтер де ҰБТ-ның “жырымен” жүріп, баланы әлеуметтік ортаға бейімдеу жағын назардан тыс қалдырған, – дейді “Психология және тұлғаны дамыту орталығының” директоры Резеда Баймухаметова.

Мұнымен қоймай, қазіргі қариялар да, ата-аналар да тәрбиені мектепке ысырып, жауапкершілікті мұғалімге жүктеген. Ал егер мұғалім тарапынан баласы турасында ата-анаға ескерту жасалса, алдымен айтылатын сөз: “Өзін жөндеп алсын”. Кейін баласы бір нәрсені бүлдіріп, болары болып, бояуы сіңгенде ғана: “Не жетпеді балама? Әпер дегенін әпердім! Киемін дегенін кигіздім! Ішемін дегенін ішкіздім!” – дейтіндер кездеседі. Себебі, ата-ананың көпшілігі тәрбиені баланың қажетін тауып беріп, қатарынан кем етпеу деп ұғады. Бұл – тәрбие емес, материалдық жетістік. Осы орайда көпбалалы ана әрі бастауыш сыныптың мұғалімі Айнагүл Сыздықованы сөзге тарттық.

– Бала тәрбиесі – күрделі мәселе. Себебі, баланың болашағы, тағдыры ата-ананың қолында. Ал мектеп көмекші ретінде тәрбиелейді. Мәселен, бастауыш сыныптың баласы мектепте 5 сағат болса, қалған уақытта ата-анасының жанында. Тәрбиенің кіндігі, ошағы – отбасы. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деп бекер айтпаған ғой. Қазіргі таңда ата-аналар тәрбиені мұғалім беру керек деп ойлайды. “Мұғалім емес пе? Сол үшін ақша алып отырған жоқ па?” деген сөздер жиі айтылады. Балаға алдымен ата-ана жауапты емес пе? Болашақта қартайған ата-анасын сол бала бақпай ма? Бала күйік болса, сын алдымен ата-анасына айтылмай ма? Мектеп тәрбие бергенімен, ол дәл ата-ананың ақылындай бола алмайды. Сыныпта айтқан ақыл мен ата-ананың дастарқан басында берген тәрбиесінің арасы жер мен көктей. Себебі, ата-ананың жылуы да – тәрбие.

Ата-ана ретінде айтарым, мен өз балаларымның тәрбиесін өзгенің мойнына артпаймын. Ата-ана бірдей тәрбиелесе, бала ешқайда кетпейді, жаман жолға түспейді. Қоғамның бала тәрбиесіне әсері өте көп. Отбасынан, мектептен ала алмаған тәрбиенің орнын бала көшеден көрген-білгенімен толтырады. Ал көше тәрбиесінің соңы бұлыңғыр екені айтпаса да түсінікті, – дейді Айнагүл Қайырбекқызы.

Болар елдің баласын сәнінен емес, сәлемінен таныр болсақ, біздің қоғам психологиясы әлсіз, қиындыққа төтеп бере алмайтын, шыдамсыз, ашушаң, жігерсіз ұрпақты тәрбиелеуде. “Бесіктен белі шықпай жатып” өз-өзіне қол жұмсайтын, үлкенге қол көтеріп, кішіге әлімжеттік жасайтын, ділімізге жат дөрекілікті көрсететін жасөспірімдердің көбеюі осының дәлелі болса керек. Үстіміздегі жылдың 5 айында еліміз бойынша өз-өзіне қол жұмсаудың 86 фактісі тіркелсе, өңіріміз – суицид көп тіркелген 8 облыстың бірі. Жеткен “жетістігіміз” осындай…

“Жұрттан Ыбырай туады, бізден сұмырай туады” деп қара аспанды басымызға төндіріп, түңілгеннен бұрысымыз дұрыс болмасы анық. Дүниенің малын қуғаннан гөрі, өз ұрпағымызға көбірек көңіл бөлсек, бұл мәселе туындамас та еді. Ұлдың ұят тірлігіне, қыздың жат қылығына қынжылар болсақ, оған қоғам мен мектеп емес, өздерінің тікелей жауапкершілігінен қашып жүрген жұмысбасты ата-ана кінәлі.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp