2019 жылы түнгі уақытта көше кезген 3884 жасөспірім ұсталып, полиция органдарына жеткізілді. Кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта далада және көңіл көтеру орындарында жүргені үшін олардың 2373 заңды өкілі мен көңіл көтеру орындарының 26 иесі жауапкершілікке тартылды. 237 кәмелетке толмаған бала, сондай-ақ, 249 қолайсыз отбасы есепке қойылды. Осының бәрі мүдделі органдармен бірлесіп өткізілген 700-ге тарта рейд пен өзге де іс-шаралар барысында анықталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың ювеналдық полицейлермен кездесуі барысында белгілі болды.
Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында 142 мыңнан астам жасөспірім бар екен. Олардың 72 мыңға жуығы – мектеп оқушылары. Облыста жұмыс істеп тұрған 513 білім ордасының 486-сы – мектеп, 25-і – колледж, екеуі – жоғары оқу орны. Білім ошақтарындағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпке кәмелетке толмағандар істері жөніндегі 97 инспектор жауап береді.
Марат Төлебаев 2020 жылды Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев учаскелік полиция инспекторларының жылы деп жариялағанын атап өтіп: «Әрқайсыңыз өз учаскелеріңізде балалармен жұмыс жүргізесіздер. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде сіздерге зор жауапкершілік жүктелген. Сондықтан олардың тұлға болып қалыптасуы сіздерге де байланысты. 2019 жылдың қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыс санының 27,5 пайызға азаюына қол жеткіздік. Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны 11,9 пайызға азайды. Бұл – құрғақ статистика ғана. Алайда жасөспірімдердің қатысуымен болатын қылмыстардың әрбіреуі бойынша бірден шаралар қабылдауымыз қажет», – деп қадап айтты.