Баламның атын, құжаттағы әкесінің атын немесе тегін өзгертуіме бола ма? Сонымен қатар, қосарланған есім берудің талабы туралы білгім келеді.
Нұрлан СӘБИТОВ,
Жамбыл ауданының тұрғыны.
Оқырман сауалына облыстық кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі Зейнегүл Әсембаева жауап береді.
– Қазақстан Республикасының “Неке және отбасы туралы” Заңына сәйкес балаға есім ата-аналарының немесе баланың өзге де заңды өкілінің келісімі бойынша қойылады. Сонымен қатар, әкесінің аты ата-аналарының қалауымен оның әкесі болып көрсетілген тұлғаның есіміне сәйкес беріледі. Ал қосарланған есімді бөлек жазылған, алайда, екі есімнен көп емес жағдайда бере аласыз. Әкесінің есімі қосарланған түрде болса, онда баланың әкесінің аты олардың біреуі бойынша немесе бірге жазылған жағдайында беріледі.
Әкесінің есімі өзгерген кезде кәмелеттік жасқа толмаған баланың да құжаттағы әкесінің аты өзгереді. Егер бала кәмелеттік жасқа толған болса, онда оның өтінішіне сәйкес өзгертіледі. Баланың есімі мен тегіне қатысты ата-ана арасында дау туындаса, онда бұл мәселе сот тәртібімен шешіледі. Егер әкесі анықталмаған болса, онда тегі анасының тегі немесе ұлттық дәстүрді ескере отырып баланың атасының аты бойынша беріледі. Бала он алты жасқа толғанша ата-анасының екіжақты өтініші бойынша оның есімін өзгертуге, сонымен қатар оған берілген текті өзге ата-ананың тегіне өзгертуге рұқсат беріледі.
Ажырасу кезінде бала туғанда иеленген әкесінің тегін сақтап қалады. Сонымен қоса, егер ата-анасы некені бұзу шарттарын рәсімдемей бөлек тұрған және баламен бірге тұратын ата-ана оған өз тегін бергісі келген жағдайда бұл мәселе баланың пікірі нотариалды түрде рәсімделіп, шешіледі. Егер ата-ананың некесі бұзылған және олар бөлек тұратын болса, баламен бірге тұратын ата-ана оған өз тегін бере алады. Ол үшін тіркеуші орган екінші тараптың пікірін ескерместен баланың сөзіне сүйеніп, осы мәселені шешеді. Он жасқа толған баланың атының немесе тегінің өзгеруі, заңды өкілінің қатысуымен алынған оның келісімімен ғана жүзеге асады.