«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАНЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ БАҒАЛАУЫ

“Менің 3-сыныпта оқитын балам өзінің қабілетін тым жоғары бағалайды. Баламның мұнысы дұрыс па? Оның өзін тым жоғары бағалауы болашақта дұрыс тұлға болып қалыптасуына кері әсер етпей ме? Не істеуге болады?” – деген ата-ана сауалына Петропавл қаласындағы №44 орта мектептің психолог-маманы Анастасия Якушева жауап береді.

– Баланың өзін жоғары бағалауы (тым жоғары емес!) қалыпты құбылыс болып табылады. Ондай бала белсенді, білімқұмар, кез келген адаммен тіл табысатын, өмірге құштар, ашық, тәуелсіз болады. Ол ересектер мен құрдастары тарапынан жасалған ескертулердің әділдігін түсінеді, өзінің қандай да бір қателікке жол бергенін немесе шалыс басқанын мойындайды және онымен санасады. Бұл әсершіл, зияткер, көпшіл бала өсіп келе жатқанының белгісі. Жалпы, мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіннің өзін және мүмкіндіктерін асыра бағалауын қалыпты жағдайға жатқызу керек. Сәбиге бәрінің өзінің айналасында құрақ ұшып жүргені, назарлары өзінде болғаны ұнайды (бұл балалық эгоизм). Бүлдіршін бұл кезде туған-туысқандарының, достарының, бауырларының махаббатына, қамқорлығына, тек соған деген назарына бөленуі заңды, ол солай болуы да керек. Баланың ешкімнен қорықпай, еркін, қорғалған сезімде болуы, сәби өмірін жарқын етіп, құштарлығын оятады. Ол өзінің маңыздылығын, қажеттілігін сезінеді. Өзі туралы жақсы пікірде болған бала қиындықтарға қарсы тұрып, өзін бақытты сезіне алады. Бұл сезімді баланың ең жақындары қалыптастырады. Отбасындағы жағымды ахуал, сыйластық, сенім, түсіністік, қолдау, бір-біріне жанашырлық, психологиялық қорғалу сезімі баланың өзін-өзі дұрыс бағалауына мүмкіндік жасайды.  

Баланың өзін бағалауының қалыптасуы оның дамуының маңызды кезеңі болып табылады. Сәбидің болашақта жеңіске жетуіне, табысты болуына, өзін сыйлап, лайықты бағалауына негіз болады. Баланың өзін бағалауы жеті жасқа келгенде қалыпты болып, оның мінез-құлқы реттеле бастайды. Бала өзіне сын көзбен қарайтын болады.

Алайда, балаға сәби күнінде “Сен ең әдемісің”, “Ең ақылдысың”, “Үнемі бес алып, барлығына үлгі болуың керек” деген сөздерді ұдайы айта берсе, ол өзін шынымен де ең әдемі, ақылды, бәрінен де артық санап, өзінің пікірімен ғана санасатын “өзімшіл”, “менмен”, “тәкаппар” болып өсуі мүмкін. Балада өзін асыра бағалау қалыптасып, ол өзінің жағымды жақтарын ғана көретін болса, онда оның қоғамға сіңісуі, өзгелермен қарым-қатынас орнатуы, ортақ тіл табысуы қиынға соғады. Ондай балалар даудамайға, жанжалға жақын болады және алдына қойған мақсатына жету үшін кедергілерге төтеп бере алмай, жігерсіздік танытады.

Ондай жағдайда ата-ана не істеуі керек? Әрине, қолдау мен мадақтаудың бала үшін маңызы зор. Бірақ мақтау орынды болуы керек. Баланы қандай жағдайда мақтауға болмайды?

1. Егер балаңыз қандай да бір жетістікке өзінің таза еңбегімен (күші, ақылы, білімі, т.с.с.) келмесе. 2. Оны әдемі келбеті үшін (өйткені, әдемілік оның еңбегімен келген емес, оны табиғат жаратты) және ойыншықтары, киімі, тауып алған кездейсоқ заттары үшін мақтаудың қажеті жоқ.

Ләйла ЖАНЫСОВА.

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp