“Балапан” – “Қазақстан” ұлттық телеарнасының негізінде құрылып, қазақ тілінде хабар тарата бастаған еліміздегі бірінші балалар арнасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2010 жылдың 27 қыркүйегінен бастап хабар тарата бастаған арнаға биыл 5 жыл толады.
Жаңа үлгідегі заманауи технологияларды игеріп, білімі мен білігі ұштасқан зияткер ұлт болуға бет бұрған мемлекетіміздің келешек ұрпағының тамырына рухани нәр беріп, зиялы, білім мен ғылымның шыңына шығар азаматтарын қалыптастыруды көздеген балалар арнасының тарататын жиырмадан астам бағдарламасының әрқайсысының өз сүйікті көрермені бар. Балалар өзіне ұнаған бағдарламаларды 7 сағат 30 минуттан 21.30-ға дейінгі аралықта тамашалауына мүмкіндік бар.
“Балапан” телеарнасы өзінің туған күніне орай көрермендер арасында байқау жариялады. Байқаудың шарты бойынша ата-аналар 25 тамызға дейін өз ойларынан кез келген жанрда, көлемі екі беттен аспайтын ертегілерін balapantv@kaztrk.kz электронды поштасына жолдауларына болады. Ең үздік ертегі желісі бойынша телевизиялық қойылым түсіріліп, кітап шығарылады.
Байқау бойынша сұрақтарыңыз болса, 8-701-818-00-89 телефонына хабарласуларыңызға болады.
Рауан ЕСҚАЛИ,
“Қазақстан” телерадиокорпорациясының баспасөз хатшысы.