«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАУЫЗ МҮСІНДЕР

Петропавл қаласына Санкт-Петербургтен көшпелі көрме келді. Өнерсүйер қауымның назарына биыл балауыздан жасалған жаңа 40 туынды ұсынылған. Олардың ішінде әйгілі боксшы Майк Тайсон, Ресей мен АҚШ президенттері Владимир Путин, Барак Обама да бар. Көрмеге келушілер көпке танымал адамдардың мүсінін асқан қызығушылықпен тамашалауда.

– Негізі өнердің мұндай түрі сонау XVI-XVII ғасырларда аса танымал болған. 1980 жылдардың соңында химиктер мен биологтар жиналып, қырық градусқа дейінгі ыстық пен суыққа төзімді балауыздың жаңа құрамын ойлап тапқан. Бүгін, міне, сондай жұмыстардың жемісін көпшіліктің назарына ұсынып отырмыз. Біздің көрмеміз әртүрлі жастағы көрерменге арналған. Үлкен сұранысқа ие. Кішкентай балалар да, ересектер де зор қызығушылықпен келеді, – дейді Санкт-Петербург қаласы балауыз мүсіндер көрмесінің әкімшісі Раиса Путилина.

Шебер жасалған мүсіндер туындылардың тарихына қарай әртүрлі бөлмелерге орналастырылған. Жасы үлкендер есімі елге әйгілі адамдардың түр-тұлғасын көруге келсе, оқушылар жағы көбіне сүйікті ертегілері мен фильмдерінде кездесетін тентек Буратино және оның достары, Аватар, Кариб теңізінің қарақшыларының мүсіндерін қызықтауда.

Шынайы адамдардан айнымай жасалған балауыз мүсіндер облыс орталығындағы тарихи-өлкетану мұражайына қойылған. Көрме жұмысы үстіміздегі жылдың маусым айына дейін жалғасады.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp