Өңірімізде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында республикалық семинар өтті. Бұл шара білім беру саласында тәрбие жұмысын кешенді жүзеге асыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және заманауи технологияларды қолдану мәселелерін талқылауға арналды.
Семинарды Оқу-ағарту министрлігі, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасы және Әдістемелік орталық бірлесіп ұйымдастырды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 120- дан астам делегация қатысты.
Іс-шара барысында педагогтар тәрбие беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты. Қатысушылар Мағжан Жұмабаев атындағы ІТ-мектеп-лицейі, Әлихан Бөкейхан атындағы № 25 орта мектеп, сондай-ақ «Ақ бота» және «Баларман» бөбекжай-бақшаларының жұмысымен танысып, аталған мекемелердегі тәрбие үдерісін зерделеді.
«Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша тәжірибемізді тарату алаңына айналып отырмыз. Семинарға қатысушылар педагогтарымыздың осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарымен, бөбекжай-бақшаның материалдық базасымен, шығармашылық ізденісімізбен танысты. Бүгінгі таңда алдымызға бақшаға келіп жүрген балалардың тым болмаса 50 пайызын қазақша сөйлету міндетін қойып отырмыз. Оның нәтижесін ашық сабақ барысында көрсеттік. Балалар педагогтардың сұрақтарына қазақша жауап берді. Семинарға қатысушылар жұмысымызды жоғары бағалады», – деді жекеменшік «Баларман» бөбекжай-бақшасының директоры Балдырған Ілиясов.
Семинарға қатысушылар ата-аналармен бірлескен жұмыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Атырау қалалық білім бөлімінің әдіскері Нұргүл Масақаеваның пікірінше, педагогтар, ата-аналар мен білім беру мекемесінің әкімшілігі тығыз байланыста жұмыс істеуде. Сонымен қатар балалар бағдарлама аясындағы түрлі жобаларға белсенді қатысып, шығармашылық қабілеттерін дамытып келеді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».