«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАҢЫЗДЫҢ ДОСЫ КІМ, БІЛЕСІЗ БЕ?

Әр балаға ата-анасы ерте ме, кеш пе смартфон сатып әпереді. Оның ішінде тұңғиығына тартатын түрлі әлеуметтік желілер бар қазір. Жасыратыны жоқ, “айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызатын” желілердің кемшіліктері де аз емес. Мұндайда ес білетін ересектерден бұрын оңы мен солын танып үлгермеген балалар мен жасөспірімдер үшін алаңдайтын болдық. Өйткені соңғы жылдары цифрлық технологиялардың дамуы себепті балаларға қатысты зорлық түрлеріне кибербуллинг немесе онлайн қорлау қосылып отыр.

Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назардан тыс қал­дырған жоқ. Мемлекет басшысы былтырғы “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі” атты Жол­дауында: “Балаларды кибербуллингтен қор­ғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді. Балалар құқын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту керек”, – деген еді. Ел Президентінің осы тапсырмасын тиісті органдар қаперге алып, нақты шаралар қабылдайды деп сенеміз. Себебі ертеңгі ұрпақты кибершабуылдан қорғауды заң жүзінде қолға алатын күн әлдеқашан туған болатын. Бұл жұмыс жедел қолға алынбаса, алдағы күні сан соғып қалуымыз әбден мүмкін.

Кибербуллинг дегеніміз – адамды интернетте, мәселен, әлеуметтік желілерде қорлау немесе қудалау дегенді білдіреді. Кибербуллингпен айналысатындардың өздерін ғаламторда еркін ұстауының бір себебі – жеке басының жасырын болуы (ано­­нимділік). Оларды анықтау ұзақ ­уа­қытты талап етеді әрі қиын. Агрессор әре­кетінің жазасыз қалуы бұл жағдайды одан әрі шиеленістіреді. Уақыт өте келе, оның жү­регі қарайып, қатыгездік деңгейі арта түседі. Жасыратын несі бар, осы күні балаларды заман ағымынан, көштен қалмасын деп гаджеттер мен телефонға үйірсек етіп алдық. Сарапшылардың ай­туынша, еліміздегі ата-аналар балаларына смартфонды алғаш 3 жасында ұстататын көрінеді. Ал 4-6 жастағы балалардың 54 пайызында өзінің жеке телефоны немесе планшеті болатын болса, бала 14 жасқа келгенде бұл көрсеткіш 97 пайызға жетеді екен.

Әлеуметтік желілермен жылдам хат-хабар алысып тұрған жақсы әрине. Бірақ таяқтың екі ұшы болмай қоймайды ғой. Өкініштісі сол, бүгінде заманауи технологиялардың пайдасынан гө­рі зия­ны көбейіп барады. Әсіресе, әлем­ді әбігерге салған пандемия кезінде бала­ның білім алуы да онлайн жүйеге көшіп, оқушы компьютер мен телефоннан бас алмайтын болды. Мұндайда бала сабағын оқып қана қойса жақсы ғой. Ата-анасы біле бермейтін түрлі қосымшаларды жүктеп, интернет кеңістігін шарлай бастайтыны көңілге күдік ұялатады. Әлеуметтік желілерді ақтарып, бұрын-соңды түрін көріп-білмеген, жасынан да, жынысынан да бейхабар “достар” табатынын қайтерсіз?! Ондай онлайн достың да досы бар. Бірі ермек үшін әңгіме-дүкен құрса, енді бірі арам оймен баланың сеніміне кіруге тырысады. Біз қозғап отырған бүгінгі мәселе де осындай арам ойлы адамдар туралы болмақ. Олар алдымен түрлі ойындар арқылы баланы қызықтырады. Одан соң бала туралы мәліметті жинап алып, бірте-бірте қорқыту, бопсалау, сендіруге көшеді. Ақыр соңында аңқау бала жалған аккаунт иесінің айтқанына көніп, айдағанына жүретін деңгейге жетеді. Осындай “достықтың” соңы бала­ның өз-өзіне қол жұмсауымен аяқ­тал­ған қайғылы оқиғалар да аз болмай отыр.

Кибербуллинг жасайтындардың арасында педофилдер көп кездеседі. Олар балаларды алдап-арбап, желіге жалаңаш түскен видео не суреттерін салуға көндіреді. Кейін сол суреттерді жұртқа жария етемін деп қоқанлоқы жасау арқылы кездесуге шақырады не ақша бопсалайды. Ал қысымға шыдамай, шарасыз күйге түскендері көп жағдайда өзіне қол салады.

Осы күні ғаламторда баланың өз-өзіне, жақындарына, туыстарына қол жұмсауына итермелейтін ойындар да аз емес. Бұдан бірнеше жыл бұрын кибербуллингтердің “жемісі” саналатын “Көк кит”, “Тыныш үй”, “Мені сағат 04:20-да оят”, “Қызыл жапалақ”, “Киттер мұхиты”, “Құс жолы”, “NaN”, “F57” сынды ойындар дүниежүзін дүрліктіргені белгілі. Енді алаңдап отыр­ғанымыз, осындай қауіпті ойындар қазақ тілінде де пайда бола бастапты. Мысал ретінде, “Жұмаққа бастар 5 қадам” ойынын айтуға болар еді.

Қазақстанның бала құқығы жөніндегі омбудсмені Аружан Саин жасөспірімдерді ғаламторға тәуелді болудан қорғау үшін олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру керек дейді. Яғни, пайдалы үйірмелер мен спорт секцияларына қатысып, бойындағы талантын таныған бала кибербуллингке тәуелді болмайды.

Бала тәрбиесін ата-әжеге емес, әлеуметтік желіге, интернетке табыстаудың зардабын ең алдымен ата-ана тартады. Заманауи технологияның мүмкіндігі күн санап түрленіп жатқан ХХІ ғасырда осы мәселеге мән беретін кез келген сыңайлы. Бауыр етіміз бассыздыққа бармасын, ала жіптен аттамасын десек алдымен өзіміз үлгі болуымыз қажет.

Аяулым СЕРІКҚЫЗЫ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің 2-курс студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp