Кез келген бүлдіршін үшін мектепке дайындық және оқудың алғашқы айлары қиын кезең болып табылады. Өйткені кешегі сәбиіңіз мектеп табалдырығын аттап, жаңа ортаға түседі, оның өмірінде көзге көрінбейтін терең өзгерістер болады. Мектеп өміріне бейімделу кезеңін әрбір бала бастан өткереді.
Мектепке барған алғашқы уақыттарда балалар мазасыз, үрейлі, ашуланшақ, гиперактивті немесе гиперпассивті күй кешуі, тіпті, денсаулығы нашарлауы ықтимал. Ата-аналар бейімделу кезеңінің бірнеше айға созылуы мүмкін екендігіне дайын болулары қажет. Бала тап осы кезеңде ата-анасының қолдауына зәру болады.
Балада неліктен қиыншылықтар туындайды?
Біріншіден, сабақты зейін қойып тыңдау, енжар болмау, белгіленген ережелер мен тәртіпке бағыну талаптарын орындау кешегі ойын баласына қиындық туғызады. Екіншіден, ата-ана тарапынан да талап күшейеді. Оқушының күн тәртібі өзгеріп, мінез-құлқында дербестік пайда болады. Ол өз-өзіне қызмет көрсетіп, ата-анасының тапсырмаларын орындауға міндетті. Үшіншіден, бала құрдастарымен жаңа қарым-қатынастарға түседі. Ол: “Мен басқалар сияқты оқи алам ба, олар менімен достаса ма, мені іс-әрекеттерімен ренжітпей ме?”, – деп уайымдай бастайды.
Мектепке жаңа аяқ басқан балалар әзірге ұжымда жұмыс істей білмейді. Бұл жағдайда балалардың бірінде психологиялық шиеленіс пайда болса, басқасында ұйқы, тәбет бұзылуы, ауруларға қарсы тұру қабілеті әлсіреуі мүмкін. Егер мұғалім мен ата-ана осындай жағдайларды ескермесе, баланың жұмысқа қабілеті төмендеп, оқуға деген қызығушылығы жоғалады. Сондықтан сіз бен біз болып балалардың өміріндегі өзгеріске сабырлы қарап, олардың жаңа жағдайын, жас ерекшеліктерін ескерсек, байсалдылық танытсақ, онда бүлдіршіндеріміз мектепке бейімделу кезеңінен сүрінбей өтеді.
Баланы мектепке бейімдеуде ата-аналарға психологиялық кеңестер:
– шыдамды болыңыз: балаңыздың мектеп туралы айтатын әңгімелерін зейін қойып тыңдаңыз, нақтылайтын сұрақтар қойыңыз;
– оның мектептегі өміріне деген қызығушылығыңыз шын жүрегіңізден шықсын;
– жетістіктерін айтып отырыңыз, мақтауға сараң болмаңыз. Әрбір жұмысынан міндетті түрде оны мақтауға болатын нәрсе тауып отырыңыз.
Есіңізде болсын: мақтау мен эмоционалдық қолдау (“Жарайсың!”, “Сондай жақсы орындадың!”) баланың зияткерлік жетістіктерін арттырады.
Баламен мектеп ережелері мен нормаларын талқылаңыз. Оның қажеттілігі мен дұрыстығын түсіндіріңіз.
Күн тәртібін балаңызбен бірге құрып, оның орындалуын қадағалаңыз. Ол еңбек пен демалысты дұрыс үйлестіруге, жаңа өмір жағдайларына үйренуге, жинақылыққа, тәртіптілікке көмектеседі.
Баланы мектептен келісімен сұрақтың астына алуға асықпаңыз, өзін еркін ұстауға мүмкіндік беріңіз. Егер оның ренжіп тұрғанын көрсеңіз, себебін кейінірек сабырлы әңгіме барысында білуге тырысыңыз.
Есіңізде болсын: бала үшін бір нәрсе істей алмау, бірдеңені білмеу – қалыпты жағдай. Сол үшін оны кінәламаңыз. Кінәлау баланың өз-өзін бағалауын төмендетіп, сенімсіздігін туғызады, жасқаншақ болады. Мектепке балаңыз оқу үшін келді. Адам бірдеңені үйренгенде, бірден меңгеріп кетпейді, бұл табиғи нәрсе екенін ұмытпаңыз.
Мектептегі баға – баланың сол пәннің бір тақырыбы бойынша білім көрсеткіші. Ол баланың жеке тұлғасына мінездеме бермейді.
Өз балаңызды басқа оқушылармен салыстырмаңыз. Сәбиіңізді мектептегі жетістіктері үшін мақтаңыз және оның бақыты ешқандай бағамен өлшенбейтінін есіңізде сақтаңыз.
Баланы мектептен келісімен үй тапсырмасын орындауға отырғызған дұрыс емес. Оған 2-3 сағат демалыс беріңіз немесе 1-1,5 сағат ұйықтап алуына мүмкіндік жасаңыз.
Сабағын дайындап отырған кезде, оның жанында төніп тұрмаңыз. Сабақтарына өзі дайындалсын! Сіздің міндетіңіз – орындау емес, көмектесу.
Айнагүл БӘЙТЕНОВА,
қалалық классикалық гимназияның психологі.
Петропавл қаласы.