«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Балаңыз қайда демалады?

 

Оқушылардың жазғы демалысы басталысымен, ата-аналардың көпшілігін осы сұрақ толғандырады. Олар тоғыз ай бойы білім нәрімен сусындаған балаларының жазғы каникул кезінде ештеңеге алаңдамай тынығып, келесі оқу жылына тың күшпен кіріскенін қалайды.

Биыл облыс аумағында бір ауысымда 1935 баланы қамтитын 15 жазғы сауықтыру лагері жұмыс істейді. Олардың толыққанды жұмысын ұйымдастыру үшін облыстық бюджеттен 364,9 млн. теңге бөлінген. Сауықтыру лагерьлерiнiң жолдама құны 12 мыңнан 20 мың теңгеге дейiн.

Аз қамтылған отбасылардың 7789 баласы тегін демалады, олардың 4322-сі – мектеп жанындағы лагерьде болмақ.

Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың 326-сы жазғы демалыстарын қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде өткізеді. Соколовка, Шөптікөл түзету мектеп-интернаттарының, Петропавл қаласы балалар үйінің, Отбасылық үлгідегі балалар ауылының балғындары қала сыртындағы үш сауықтыру лагерінде тынығады. Айыртау балалар үйінің тәрбиеленушілері каникулда мектеп жанындағы сауықтыру лагерінде демалады және Шалқар көліне барады.

Сауықтыру лагерьлерінде жазғы демалысты ұйымдастыру үшін “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалында нормативтік талаптарды таныстыру бойынша дайындықтан өткен педагогтер жұмыс істейді. “Санаторлық және сауықтыру нысандарына санитарлық-эпидемиологиялық талап” ережелеріне сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Санитарлық талаптарға сәйкес барлық сауықтыру лагерьлерінде су орталықтандырылған құбырлардан және терең скважиналардан алынады. Сауықтыру лагерьлерінде душ кабиналары, 11 лагерьде монша бар. Келісім бойынша медициналық қызмет көрсетіліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органдары қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді.

Барлық қала сыртындағы лагерьлерде тамақтану құны орта есеппен 1200 теңгені құрайтын бес мезгіл ас мәзірін ұйымдастыру көзделген. Биылғы сауықтыру лагерьлері 5 маусымнан жұмысын бастайды деп жоспарлануда. Қазіргі таңда 8 сауықтыру лагерін тапсыру үдерісі жүргізіліп жатыр. Олар: Аққайың ауданындағы – “Оқжетпес”, Мағжан Жұмабаев ауданындағы – “Березка”, Есіл ауданындағы – “Родник”, Жамбыл ауданындағы – “Лесная поляна”, Қызылжар ауданындағы – “Серебрянный бор”, Мамлют ауданындағы – “Искра”, Тайынша ауданындағы – “Арман”, Шал ақын ауданындағы – “Аютас” демалыс орындары.

Жалпы білім беретін мектептерде (511) 36824 оқушыға (56,2%) арналған мектеп жанындағы сауықтыру лагерьлері қызмет атқарады. Мектеп жанындағы сауықтыру лагерьлерінде кіші жастағы оқушылар күні бойы болады. Қазақстан Республикасы “Тіл туралы” Заңын жүзеге асыру және білім беру мазмұнын жаңартуды жүзеге асыру мақсатында барлық сауықтыру лагерьлерінде, сонымен бірге алаңдарда жазғы мезгілде қазақ тілін оқыту мектептері, ағылшын тілін ерте жастан оқыту, көшбасшы белсенділері, “Жас ұлан” мүшелерінің жазғы мектептері жұмыс істейді. Жазғы сауықтыру шараларының негізгі міндеттеріне сәйкес, қосымша білім беру ұйымдарының (80 бірлік) өкілдері қала сыртындағы және мектеп жанындағы алаңдарда секциялық және үйірме жұмыстарын жалғастырады.

Мектеп жанындағы лагерьлердің іс-шаралары жоспарларына “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған өлкеміздің көрікті жерлері мен мұражайларын аралау енгізілген. “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесіне жазғы кезеңде облыстық бюджет қаражаты есебінен аз қамтылған отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды, яғни 1250 жасөспірімді жіберу жоспарланып отыр. Үстіміздегі жылы мектеп туризмі мен өлкетану жұмыстары аясында Ғабит Мүсірепов атындағы, Қызылжар, Айыртау, Ақжар аудандарында шатырлы лагерьлер ашылады. Басқа аудандарда туған өлкеге экскурсиялық жорықтар ұйымдастырылады.

Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тапсырысы аясында республикалық бюджет қаражаты есебінен Солтүстік Қазақстан облысы үшін “Балдәурен” оқу-сауықтыру орталығына – 224, “Бөбек” ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығына 80 жолдама бөлінді. Аз қамтылған отбасынан шыққан 750 бала жыл бойы “Солнечный” балалар шипажайында қосымша демалып, ем қабылдайды.

Биыл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласындағы міндеттерді іске асыру мақсатында ата-аналар қаражаты есебінен Алматы, Астана, Батыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау облыстарының тарихи жерлеріне 5-10 күндік туристік, экскурсиялық, оқу-танымдық, сауықтандыру саяхаттары алғаш рет ұйымдастырылғалы отыр. Саяхат барысында ата-аналардың пікірі мен тілектері ескеріледі және олардың өздерінің қатысуымен өтеді.

Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының келісімімен алғашқы сапар 5 маусым күні осы өңірге жоспарлануда. Біз де аталған облыс балаларын өзіміздің тарихи жерлерімізді аралату үшін қабылдаймыз. 15 маусым күні Маңғыстау қаласына екі топтың (30 адам) сапары ұйымдастырылады. Ресей Федерациясымен шекарааралық ынтымақтастық аясында ата-аналардың пікірлерін ескере отырып, Омбы, Екатеринбург, Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларына саяхат ұйымдастырылады. Жалпы жазғы демалыспен 60765 оқушыны қамту жоспарланып отыр.

Маусымның 10-ы күні елордада бүкіл әлем көз тіккен “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесі ашылады. Бұл ауқымды шараға өңірден 11 мыңнан астам оқушыны экскурсияға апару көзделген.

 

Әнипа МҰСЫЛМАНБЕКОВА,

облыстық білім басқармасының

бас маманы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp