“Асыл – тастан, өнер жастан шығады” демекші, балалар, жастайыңыздан өнер атаулыға қызығушылық танытып, суырып салып, өлең шумақтарын шығарып, қолөнер бұйымдарын жасауға әуестенсеңіздер, туындыларыңызды жұртқа көрсететін кез жетті. Әртүрлі тақырыптарға қалам сілтеген туындыларыңызды редакцияға жолдауларыңызға болады. Бұл айдармен түрлі тақырыптарды қамтыған өнер туындылары жас оқырмандар назарына ұсынылып, авторы мен шығармасы жайында мәлімет беріліп отырады. Ол үшін көңіліңізден шыққан туынды жайында редакцияға хат жолдасаңыз жеткілікті.
Бүгін Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушысы Сабина Қалықованың суретін жариялап отырмыз.
Сабина – мектебіндегі үздік оқушылардың бірі. Ол 3-сыныпта оқиды. Бос уақытында қазақ және әлем ертегілерін оқуды ұнатады. Әсіресе, сурет салғанды жақсы көреді екен. Ол редакциямызға жолдаған суретінде өз арманын бейнелепті.
Сабина балалардың денсаулықтары мықты болғанын қалайды екен. Ал ол үшін оқушы суреті арқылы қатарластарына спортпен шұғылдануға кеңес береді. Және адамдар тату-тәтті ғұмыр кешіп, жер бетінде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар бір-бірімен соғыспаса екен дейді. Армандарын қағаз бетіне түрлі түсті қарындаштармен бейнелеген Сабинаның келесі мақсаты – мектепті өте жақсы аяқтау. Күнделігі “бестіктерге” толса, елінің дамуы мен көркеюіне септігін тигізетін азамат болып бойжететіндігін ол жақсы біледі. Және Сабина елінің болашағы жарқын болуын қалайды. Сол себепті де еліміздің басты символдарының бірі – Астана қаласындағы “Бәйтерек” монументін гүлдермен көмкеріп, “Қазақстан Республикасы гүлденсін!” деп тілегін жазуды да ұмытпапты.
Сыныптастарының алды болған Сабинаның асқақ арманы орындалсын дейміз.