Алаштың біртуар перзенті Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің “Бала – басты байлығымыз, ал ең асылы – оның тәрбиесі” деген сөздерінің астарынан арнамыс пен адалдық, ізгілік пен қайырымдылық, әдептілік секілді қасиеттерді ұрпақ бойына сіңіру қай кезде де халқымыздың басты мұраты болғаны аңғарылады. Облыстық “Солтүстік Қазақстан” газеті ұйымдастырған “дөңгелек үстелге” қатысушылар елдің ертеңгі тұтқасы – жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі жайлы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Шараға ардагер-ұстаз Гүлмайра Ақжігітова, облыстық “Білім-инновация” мектеп-лицейі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Рамазанов, “Аққайың” балабақшасының тәрбиешісі Айым Секен, облыстық Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының психологі Гүлдана Қалиева, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Көгершін Бердағұлова және Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторы Эльмира Жумина қатысты.
Айгүл Ысқақова:
– Хакім Абайдың “Атаның баласы болма, адамның баласы бол”, – деген асыл сөзіне тереңірек үңілсек, мына өмірде еліме пайдам тисе дейтін ұрпақ өсіру ата-ананың мойнына зіл батпан жүк артатынын ұғынамыз. Жауапкершілік үдесінен шығудың жолы жеңіл емес. Сондықтан да ұрпақ тағдырына алаңдаймыз, бұл жолда адасуға болмайды. Ал сіздер қалай ойлайсыздар?
Гүлмайра Ақжігітова:
– Менің ойыма бағзы замандардан бізге жеткен мына бір аңыз түсіп отыр. Төле биге жас босанған әйел келіп, баламды қалай тәрбиелесем деп ақыл-кеңес сұраған екен. Сонда Төле би жас сәбидің неше айлық екенін білгісі келеді. Әйелдің жауабын естігеннен кейін нәрестеге тәрбие дүниеге шыр етіп келген күннен бастап беріледі депті ақылгөй би.
Шынымен де, бала тәрбиесі – елдік іс. Көпшілікті толғандыратын келелі мәселе. Мен жиырма жылға жуық облыс орталығындағы “Салтанат” балабақшасын басқардым. Алдымнан неше түрлі ата-ана өтті. Әсіресе, жас отбасыларға өз тарапымыздан қол ұшын созып, бүлдіршіндердің жүрегіне ұлттық құндылықтар арқылы ізгі қасиеттерді ұялатып, бойларына жақсылықтарды сіңіруге күш салдық. Ол уақытта “Салтанат” балабақшасы Қызылжардағы қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін жалғыз мектепке дейінгі білім беру мекемесі болатын. Азаттықтың арайлы таңы атып, ана тілімізбен, салт-дәстүрімізбен қайта қауышқан сәтте кішкентай балғындарды халқымыздың төл қазынасы арқылы болашаққа жетеледік. Әрине, бала тәрбиесіне қолымыздан келгенше үлес қосуға тырыстық. Ең алдымен, бала ата-анасынан үлгі алады, отбасындағы тәрбие үлгілі болса, ол бала бұзық емес, ұлық болады. Сондықтан әрбір әке-шеше – баласына тәлімгер.
Айым Секен:
– Шынымен де, бала ата-анасына қарап бой түзейді. Балабақша тәрбиешісі қызметін атқарғаныма он жылдан асты. Осы уақыт ішінде аңғарғаным, балалардың тәрбиесі жылдан-жылға әлсіреп барады. Осы мәселеге қатты алаңдаймын. Сөзім дәлелді болу үшін өзім күнделікті көріп жүрген жайттарды мысалға келтірейін.
Қызметке алғаш аяқ басқан кездері кішкентай бүлдіршіндердің бойынан ұяңдық, балаға тән аңқаулық, тілалғыштық секілді қылықтарды байқайтынмын. Жыл өткен сайын олардың мінезі де өзгеруде. Өздеріңіз білесіздер, балабақшадағы тәртіп бәріне ортақ. Теріс мінез байқасақ, оларға ақыл-кеңесімізді айтамыз. Қазіргілер бастарынан сөз асырмайды. Кейбір балалар: “Сіз маған неге айғайлайсыз. Анама айтам. Мен сізді тыңдағым келмейді”, – деген секілді сөздерді айтып, тәрбиешіге қарсы шығып жатады. Бұл бесіктен белі шықпаған, ана сүті аузынан кетпеген кіп-кішкентай бүлдіршіндердің айтатын сөзі ме?! Ал екінші күні анасы басшылыққа арыз айтып, қоқан-лоқы көрсетеді. Балалардың көзінше тәрбиешіге дікіңдеп жататын ата-аналар көбейген. Әрине, көпшілікке топырақ шашудан аулақпын. Ежелден үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен халықтың ұрпағымыз ғой. Ал кіп-кішкентай сәби осындай тоң мінез, теріс қылық көрсетіп жатса, ертеңгі күні не болмақ? Жас ұрпақтың бойына кісілік пен кішілікті, адам сыйлауды, үлкенді құрметтеу секілді тәлім-тәрбиені сіңіру ұстаздың ғана емес, ата-ананың парызы.
Бақыт Рамазанов:
– “Адамның санасы фотография емес нәрсенің тұрпатын ғана түсіріп қоятын. Нәрсенің саңлауы адамның санасына келіп түскенде, адамның ойын да, көңілін де бірдей оятады”, – деген екен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Әрқайсымыз өз санамызды түзеп, сөйтіп ұрпақ санасына қылау қондырмауды көздегенде ғана біз ел ертеңін ойлайтын ұрпақ тәрбиелей аламыз. Өзіміз өзгермей, қоғамдағы жат қылықты тыя алмаймыз. Балабақша қабырғасында жүрген кіп-кішкентай сәби үлкенге қатты сөз айтып, жекіруді қайдан біледі? Әрине, ата-анасынан көріп, көңілге түйгені. Сондықтан баланың бас ұстазы – ақ сүтін берген анасы мен әкесі.
Осы орайда мен де жақында әлеуметтік желі арқылы тараған мына бір оқиғаны баяндап өтейін. Небары 9-10 жасар бала дүкен алдында отырған әйелге су шашып, аяқ көтеріп, қоқаңдап жатқанын көрген шығарсыздар. “Бала емес, пәле ғой мынау” деп мен секілді күйінгендер аз болмаған шығар. Өзін зор, өзгені қор санаған бұл баладан ертең не күтуге болады. Бұл сұмдықты көргендер алдымен ата-анасын жазалау керек деген пікірлерін айтып жатты.
Мен алаштың асыл перзенті Ахмет Байтұрсыновтың сөздерін бекерден-бекерге мысалға келтіріп отырған жоқпын. Келеңсіз қылық көрсеткен бала әлімжеттік жасауды қайдан біледі, кімнен үйренді деген сауалға жауап іздеп көрейікші. Бәлкім, үлкендердің арасындағы кикілжіңдерге куә болған шығар. Әлеуметтік желілерден небір сорақылықтарды көрген болар. Ғаламторда бет жыртысып, жаға жұлысу секілді ерсі қылықтар өріп жүр. Ал бүгінгі күні ғаламтор жасқа да, жасамысқа да қолжетімді. Менің ойымша, ғаламтордың да бала тәрбиесіне теріс әсері зор. Сондықтан біз келеңсіздік орын алса, оның себебін іздейміз, ал салдарымен күресуге ниет танытпаймыз. Бүгінгі қоғамды ойландыруы тиіс мәселелер аз емес.
Айгүл Ысқақова:
– Бірақ жаһандану заманы төрге озған бүгінгі күні ғаламтор қоғам қажеттілігіне айналып отыр. Сондықтан интернетсіз бір күнімізді елестетудің өзі мүмкін емес. Бар пәле әлеуметтік желілерде деп байбалам салғаннан гөрі, баланы оны ұтымды пайдаланудың жолдарына үйреткен жөн сияқты.
Көгершін Бердіғұлова:
– Осыдан бір-екі жыл бұрын Білім және ғылым министрі бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен жауапкершілігі төмендеп барады, ата-аналар үнемі жұмыста болатындықтан, олардың өз балаларын тәрбиелеуге уақыттары да қалмайды деген еді. Сондықтан ата-аналарды сағат алтыдан кейін үйлеріне жіберу қажет деген ұсыныс білдірді. Ақиқатына келсек, бұл әлдеқашан шешімін табуы тиіс мәселе. Өскелең ұрпақ, еліміздің ертеңі туралы орынды мәселе қозғалғанымен, аяқсыз қалғаны өкінішті-ақ. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас буын – еліміздің болашағы. Мұны бәріміз де жақсы білеміз, түсінеміз. Бірақ әркім күйбің тірлікпен, күнкөріс қамымен жүріп, бұған бас қатырғысы келмейді. Біз өскелең ұрпақ ғаламторды жөнімен пайдалана алмайды деп оларға кінә артып жатырмыз. Шынымен де, ата-ана жұмыста бөгелмей, отбасына уақытында келсе, оларға жеткілікті түрде көңіл бөлсе, тәлімді ұл-қыздарымыз көбейе түсер еді.
Эльмира Жумина:
– Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болғандықтан жасөспірімдер тәрбиесіне қатысты небір жағдайларға куә болып жатамыз. Сіздерге мына бір оқиғаны айтып берейін. Анасы араққа үйір қыздың тәртібі бәрімізді де қатты алаңдатты. Сабақ оқығысы келмейді, мектепті себепсіз босатуы күннен-күнге жиілеп кетті. Кейін темекі шегіп, “ащы судан” ұрттап алуды шығарды. Отбасында “әй дейтін әже, қой дейтін қожа” болмағандықтан, қыз бала теріс қылыққа бой алдырмай ма?
Әрине, одан кейін заңға сәйкес баласына үлгі-өнеге көрсете алмаған шешесі ата-ана құқығынан айырылды. Бірақ кейін әлгі жасөспірімнің тағдыры жайлы сұрап білсем, ол да өмірдің бұралаң жолында адасып, маскүнемдердің қатарына қосылған екен. Бірнеше рет мәжбүрлеп емдегеннен де нәтиже шықпапты. Айтайын дегенім, бала ата-анасының сүрлеуімен жүреді.
Ата-ана мейіріміне зәру балалар тәртіп бұзып, түрлі кикілжіңдерге ұрынып жатады. Әсіресе, бүгінгі қоғамда жұмысбасты ата-аналар көбейген. Олардың балаға қарауына уақыты жоқ. Бақыт Бектұрғанұлының сөзінің жаны бар. Тәрбие мәселесінде ел болып ойласатын, жұрт болып кеңесетін мәселелер аз емес.
Айгүл Ысқақова:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында еліміздің беткеұстар қыз-келіншектерімен кездескен сәтте: “Қазіргі қазақтың қыздары қандай болса, ертең тұтас ұрпақ сондай болады. Ар-намыс, адалдық секілді ізгі қасиеттер қазақ аруларының бойындағы ұлттық иммунитеті”, – деген еді. Бабаларымыз “Әйел – ырысың, қыз – өрісің, келінің – тынысың” деп бекер айтпаса керек. Заман ілгері озғанымен, бала тәрбиесінде де ұлттық құндылықтарды қастерлеу арқылы мақсатымызға қол жеткізе аламыз деген пікіріммен келісетін шығарсыздар.
Гүлдана Қалиева:
– Әңгіме арқауына айналған тақырып төңірегінде салмақты ойлар, орынды сөздер айтылып жатыр. Шынымен де, бала тәрбиесі кім-кімді де алаңдатуы тиіс. Мен пихолог ретінде ата-аналарға кеңес бергім келеді. Баланы танымдық қабілетін, ой-санасын дамытатын, білім көкжиегін кеңейтуге ықпалы зор түрлі үйірмелерге беру керек. Спортқа баулыған жөн. Жас ұрпаққа үлгі болуға әбден лайық қаншама спортшыларымыз бар. Жеткіншектер даңқты боксшы Геннадий Головкинге немесе өзіміздің жерлесіміз Жанат Жақияновқа, велоспортшыларымыз – Александр Винокуров, Алексей Луценко мен Бақтияр Қожатаевқа қарап бой түзеп жатса, қандай жарасымды?!
Қызылжар төрінде заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы салынып жатыр. Оның ішінде жас ұрпақтың осы заманға лайық ақпараттық білім алуына көмегі тиетін үйірмелер ашылуда. Қазіргі балалардың арасында интернеттің жілігін шағып, майын ішкен небір дарындар бар. Олардың қабілетін шыңдай түссе, ата-ана да, жас ұрпақ та ұтылмайды. Ал оңы мен солын бағамдап үлгермеген балаға ата-ана жөн сілтеп, бағыт-бағдар берсе, ертең олардың ішінен небір мықтылар шығарына сенімдімін.
Бүгінгі күні құқық қорғау органдары мен мектеп әкімшілігі оқушылардың әлеуметтік парақшаларын бақылап, арнайы мониторинг жүргізіп отырады. Егер олардың пайдасынан зияны зор сайттарға кіргенін немесе әлеуметтік парақшасына күмәнді ой-пікірлер жазғанын байқасақ, бірден түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
Гүлмайра Ақжігітова:
– Аға буын өкілдерінің кешегі мен бүгінгі күнді салыстырып отыруы заңдылық қой. Шынымен де, қазіргі жастар алғыр. Шетелдің небір бетке ұстар жоғары оқу орындарында білім алып жатқандары қаншама? Жастарды қаралаудан аулақпыз. Бұл жерде ата-ана жауапкершілігі, балаға жанашырлығы жайлы әңгіме қозғалып отыр ғой. Осы орайда мына бір оқиға ойыма оралып отыр. Жақында бір танысымның өткен жылы ғана тұрмысқа шыққан қызы ажырасып, кішкентайымен бірге үйіне келіпті. Анасынан мұның мән-жайын сұрасам, құдағиы мен күйеу баласы нәрестені күтіп-бағуға көмектеспейді екен. Бар таққан кінәсі осы. Бұрын ақжаулық иелері төркініне қайтып баруды ар санайтын. Қайран біздің аналарымыз-ай! Бүгінгі қоғамда өзімшіл адамдар көбейген. Сәл қиыншылықты көтере алмай, морт сынатын қыз-келіншектердің қатары қалыңдаған. Бұрын ер-азаматтардың араққа үйірлігі, жалқаулығы жайлы айтып, әйелдерге сөз тигізбейтінбіз. Ал қазір әйелдер арасында “Арым – жанымның садақасы” дейтіндер аз. “Ішке сыйған бала, сыртыма да сыяды” деп қызын қолынан жетектеп алып кетеді. Ал енді кішкентай сәбидің ертеңгі тағдыры не болады? Оны ойлаған адам бар ма?
Бақыт Рамазанов:
– Толық емес отбасында өсіп жатқан балаларға аяушылықпен қараймыз. Бірақ әкесі бар болса да, оның қадіріне жете бермейтін шаңырақтар көбейгенін де айтып өткен жөн. Иә, бүгінгі қоғам әкенің отбасындағы рөліне, тәрбиесіне немқұрайды қарайды. Еркек үйдің егесі, ал әйел үйдің шегесі екенін ұмыт қалдырғандаймыз. Оған екі тараптың, яғни еркек пен әйелдің де тікелей кінәлі екенін айта кеткеніміз жөн. Үйдің ырысын арттырудың орнына, ұрысын арттыратын шайпау әйелдер берекелі отбасындағы әке беделін аяққа таптайды. Әкенің әйел алдында ойсырай жеңілуі – ұл тәрбиесіне де, ұлт тәрбиесіне де тікелей балта шабады. Босбелбеу әке кейін бойжетіп қалған қызына да, ержеткен ұлына да үлгі бола алмайды. Сондықтан әкенің абыройын арттырудың орнына, қадірін қашыру – ертеңгі ұрпақтың енжар, ынжық болып өсуіне жол бастауда. Сағы сынық әке бейнесі санасына сыналай енген ұл да ертең бір отбасына билік айта алмайды.
Көгершін Бердағұлова:
– Сөзіңіздің жаны бар. Бірақ бүгінгі күні әкелер арасында бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтындар көбейгенін де көріп отырмыз. Осы жерде “Жеті атасын білмеген жетесіз” деген сөздің төркініне ой жүгірте кетсек, артықтық ете қоймас. Әкесіз өскен немесе әкесі бола тұра тегін ажыратып айтып бере алмаған боркемікке жұрт сүйсінбейді, керісінше сынап-мінейді. Әлбетте, әкесіз өскен бала жеті атасын тарқата алмайтыны белгілі. Оның ішінде тағдырдың тауқыметімен жастай жетім қалғандардың жөні бір бөлек. Ал әкесі мен шешесі болмашы дүние үшін ажырасып, тірі жетім атанған бүлдіршіндердің мұңы басқа.
Соңғы жылдары шаңырағы шайқалған отбасылар көз ілеспес жылдамдықпен өсіп келеді. Айдың-күннің аманында бала өмірін талапайға салған әке-шешенің қылығын ақтауға болмайды. Ажырасқан отбасылардың шаңырағында орта есеппен екі баладан бар деп есептеген күннің өзінде, мыңдаған бала әкесіз тірі жетімге айналуда. Шаранадан шыға шеше тәрбиесін ғана көріп өсетін шикіөкпелер жеті ата былай тұрсын, ел басына күн туған шақта шешімді сөз, кесімді кеңес құра алады дегенге ешкім сене қоймас.
Айым Секен:
– Әкесіз өскен ұл-қыздар жалғызбасты ана психологиясын бала жасынан бойына сіңіріп, ер адамға деген өшпенділік дертін бойына жұқтыратыны белгілі. Ол ол ма, нағашы жұртта теріс тәрбие естіп өскен жатбауыр ұл бірте-бірте әкесінің өскен ортасы туралы айтуды өзіне ар санай бастайды. Сондықтан қыз-келіншектеріміздің асығыс шешімі бала тағдырына ауыр зардабын тигізеді. Ең сорақысы, жетіге толған баласына жеті атасын жеткізіп айтып бере алмайтын әкелер шыға бастағанын қалай жасырамыз. Көзіміз көріп жүргендей, үйіне кірер-кірместен тәй-тәй басқан тен-тегін емес, WI-FI қосқан телефонын құшақтап жата қалатын әкелер қоғамда қаулап өсіп келеді. Ұл бала, әдетте, әкенің мақалын жаттап, атаның сақалына оралып өспей ме? Ізбасарға ілкі қасиеттердің көбі әке тәрбиесімен келеді. Алайда, іске келгенде кегежеміз кейін тартып шыға келеді. “Ата сөзі парыз, ана сүті қарыз” деген сөздің өзі әке тәрбиесіне әрқашан немқұрайды қарамауды меңзеп тұрғандай. “Ұлыңды жетіге келгенше патшадай күт, он үшке жеткенше құлша жұмса, он үштен асқан соң бише кеңес”, – деп халқымыз бекер айтпаған.
Айгүл Ысқақова:
– Соңғы жылдары өңіріміздегі қарттар үйлерінде қазақтың қарияларының саны әжептәуір өскенін естіп, жағамызды ұстадық. Баланың дүниеге келуін асыға күтетін ата-ана оның тезірек ержеткенін қалайды. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскенін көруге асығады. Бір сөзбен айтқанда, өзіне бұйырмаған бақыт балаларыма бұйырса екен деп тілейді. Ал соңында перзентіне қадірі болмай, қарттар үйін паналаса, онда бұдан асқан қасірет жоқ шығар. Меніңше, ұлттық менталитетімізге үйлеспейтін мұндай масқаралықтың тамырына тәлімді тәрбие арқылы ғана балта шаба аламыз.
Гүлдана Қалиева:
– Мен де ақылдың ақыны атанған Абай Құнанбаевтың сөзіне жүгінейінші: “Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват. Егер мен закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген адамның тілін кесер едім”. Жас шыбық секілді желкілдеп өсіп келе жатқан баланың мінезі отбасында қалыптасатыны шындық. Бірақ тәрбиешілер де, ұстаздар да қарлығаштың қанатымен су сепкендей шырылдап жүріп, ұрпақ тәрбиесіне қолдан келгенше көмек беруді тоқтатпауы керек. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйретуден жалықпайық. Егер мына бала бұзық немесе бұдан не үміт, не қайыр деп қолды бір сілтесек, оның болашағына балта шапқанымыз болады. Ұшқан ұяның жөні бөлек, бірақ жүрген ортасының, ұстаздарының, араласқан құрбы-құрдастарының да баланың өмірде өз жолын табуына ықпалы зор.
Бұрындары оқушылардың көбі ұстаздық жолды таңдап жатушы еді ғой. Неге? Өйткені, ол үшін ұстаз – ардақты жан, болашақ өміріне жол сілтеген мейірім иесі. Сондықтан адам оқып, көріп, жүріп үйренеді, жақсы адамдардан ұлағат, жамандықтан сабақ алып, ертеңгі күнге үміт артады. Хакім Абайдың сөзін мысалға келтіріп жатқаным да сондықтан.
Бақыт Рамазанов:
– Бүгінде отбасына уақыт бөліп, балаларымен тәрбие жұмысын жүргізіп, саябақтарға, басқа да орындарға апарып қыдыртып, ойнатып жүрген ата-аналар бар ма екен өзі? Өмірге ұрпақ әкелген ата-аналардың бәрі бірдей өз балаларына жеткілікті дәрежеде көңіл бөле алып жүр ме? Бұрын әке-шешемен бірге ата мен әже де немерелерін тәрбиелеуге өз үлестерін қосып жататын. Соңғы жылдары ықылым заманнан қалыптасқан жақсы үрдістен ажырап барамыз. Өйткені, жастар әке-шешеден бөлек тұрғысы келеді.
Осындайда Ыбырай Алтынсариннің дұрыс күтілмегендіктен қисық өскен ағаш туралы баяндалатын әңгімесі еріксіз еске түседі. Біз де осындай қисық ағаш өсіріп жатқан жоқпыз ба деп әр ата-ана алаңдауы тиіс.
Айгүл Ысқақова:
– Айтылып жатқан сөздің бәрі де орынды. Отбасында жақсы тәрбие алған бала ата-ананың да, елдің де үмітін ақтайтын болады. Баланың саналы болып өсуі, алдымен, ананың ақ сүтінің, абзал тәрбиесінің жемісі. “Еліміздің ертеңі бүгінгі ұрпақтың қолында, ал ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында”, – деген болатын Елбасы. Бәрі тәрбиеден басталады. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бала жастан бойға сіңірудің мән-маңызы зор. Сондықтан отбасындағы тәрбие ұстаздардың ұлағатымен жарасымын тауып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!
Көгершін Бердағұлова:
– Бұл жерде мектепке де жүктелген жауапкершіліктің салмағы зор екенін жоққа шығармаймыз. Артық білім – кітапта екенін бізге дейін де дәттегендер аз емес. Бізден кейін де бар жақсылықтың басы білімде екенін айтатындар табылары анық. Кітапты көп оқып, зердесіне құнды дүниелерді тоқыған адамның осал болмайтынын бәріміз де жақсы білеміз. Біздің кітапхана балалар мен жасөспірімдерге арналған рухани орда болғандықтан, жеткіншектердің тәрбиесіне біз де қолымыздан келгенше атсалысып жатамыз. Кітапхана қорында қазақ, орыс тілдеріндегі балалар шығармаларының саны жыл санап көбейіп жатыр. Мәдени шаралар өткізіліп тұрады. Бала тәрбиесіне ата-ана, мектеп, басқа да мүдделі ұйымдар атсалысып, ортақ мәселені шешуге бірге жұмылса, онда күрмеуін шешу қиындық тудырмайды.
Осы орайда кітапханаға балаларын жетектеп келіп, картотека аштырып, әдебиетке баулып жүрген ата-аналар аз емес екенін айтқым келеді. Ұлттық құндылықтарды ұрпағының бойына сіңіргісі келетіндер арамызда әлі де бар.
Бақыт Рамазанов:
– Елбасы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында: “Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс”, – деген болатын. Ендеше, халқымыздың төл қазынасы – рухани мұрасымен сусындаған ұрпақ өсіру біздің асыл мұратымыз болып қала бермек.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.