«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА БЕЙӘДЕП СӨЗДІ ҚАЙДАН ҮЙРЕНЕДІ?

«Бала тілі – бал» деуші еді бұрынғылар. Кішкентайлардың тәтті сөзі, өзінше ой қорытып, әңгіме айтқаны жанды емдеп, көңіл қуантпай ма? Алайда келе-келе бала тілінің адамның жүрегін жаралайтын «балтаға» айналып, тәтті қылығы тәрбиесіз іске жалғасып жататыны өкінішті. Өз ойын дөрекі одағай қоспай жеткізе алмайтын, қатарласымен анайы сөзсіз сөйлесе алмайтын ұрпақтың өсіп келе жатқаны қоғамды алаңдатып отыр.

– Балам, мұны жазған кім? – деді 5-сыныпта оқитын ұлының телефонын қолынан түсіріп ала жаздаған анасы.

– Бірге оқитын сыныптас қыз ғой. Үнемі осындай хабарлама жа­зады. Ұлдар оған не деп жауап бе­рерін білмейді, – деді бұл жолы да мектептен үйіне көңілсіз оралған бала.

Хабарламада жазылған айтуға ауыз бармайтын кей сөздердің ма­ғынасын тіпті анасы да білмейді екен. 5-сыныпта оқитын кішкен­тай қыздың осындай дөрекі сөз жазғанына сенер-сенбесін білмей аң-таң.

Бұл – осы күні көп ата-ананың басынан өтіп жатқан таныс жағ­дай. Кішкентайынан ненің жақсы, ненің жаман екенін үйретіп, ақ пен қараны танып, әдеп ережелерін бо­йына сіңірген қаршадай баласы­ның осындай ортаға түсіп, күн са­йын дөрекі сөздердің неше түрін естіп жүруі әке-шеше үшін де ауыр соққы екені анық. Өкінішке қарай, ересектердің бәрі өз перзентінің сөзін түзеуге көңіл бөле бермейді. Үйде үлкендердің алдында тіс жармай, мектепке барғанда басқа мінез көрсететін оқушылар аз емес.

Былтыр ғана өзінен емтихан алып отырған мұғалімін балағатта­ған оқушының оқу жылының аяқта­луына бірнеше күн қалғанда мектеп­тен қуылып, сынға қалғанын қоғам ұмыта қойған жоқ. Ең құрметті ма­мандық иесінің өзіне тіл тигізген ба­ланың былайғы өмірдегі қатарласта­рымен қалай сөйлесетінін елестетудің өзі қиын. Қол астындағы қыз­меткерінің ит терісін басына қаптап, жерден алып, жерге салатын басшы, тілімен әйелін «отырса, опақ, тұрса, сопақ» қылып, күн көрсетпейтін кү­йеу, қоғамдық орында кикілжің бола қалса, бейпіл сөздердің небір түрін қарша борататындар осындай жү­генсіз жасөспірімдерден шығады.

– Кісі көп жиналатын орын­дарда бейәдеп сөздер айту қо­ғамдық тәртіпті бұзу болып сана­лады. Бұған жол бергендер заң ая­сында әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қоғамдық орындарға көшелер, алаңдар, саябақтар, қо­ғамдық көлік аялдамалары, сауда орталықтары, дүкендер, дәмхана мен мейрамханалар, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау меке­мелері жатады. Мұндай жерде дө­рекі сөз айтқан адам 20 АЕК мөл­шерінде айыппұл арқалайды не­месе 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылып, 15 тәулік­ке дейін қамауға алынуы мүмкін. Егер кәмелетке толмаған бала тәртіп бұзса, жауапкершілікті заң­ды өкілі көтереді, – дейді облыстық полиция департаментінің бас­пасөз хатшысы Әдемау Меңдібае­ва.

Маманның айтуынша, былтыр өңірде бейәдеп сөйлеуге қатысты 1021 әкімшілік хаттама толтырыл­са, соның үшеуі жасөспірімдерге қатысты.

Әрине, қаршадай баланы қы­сыр сөзі үшін ешкім полицияға сүйрелеп жатпайтыны анық. Рес­ми статистиканың шынайы жағ­дайдан алшақ болуы сондықтан. Соңғы бірнеше жылдың көлемін­де елімізде бұл тақырыпта жүйелі зерттеулер де жүргізілген жоқ.

Дүниеге келген баланың ой-са­насы ақ қағаздай таза болатыны белгілі. Бүлдіршіннің болмысы, қа­рым-қатынас дағдысы, таным дең­гейі оның отбасына, өскен ортасы­на байланысты қалыптасады. Ма­мандар құрсақтағы баланың өзі 16 аптадан бастап сырттағы дыбыс­тарды естіп, оларды ажырата ала­тынын айтады. Демек бала тәр­биесі балабақша, мектептен емес, ана құрсағынан басталуы керек. Перзент тағдырына жауапкершілікпен қарағанда ғана сөздің салмағын ұғатын ұрпақ өседі. Ата-ана болу дегенді перзентіне ыстық тамақ беріп, жылы киім кигізіп, ап­тасына бір рет ойын алаңына апа­рып тұру деп ұғатын әке-шеше көп.

– Бала тәрбиелі болсын десек, алдымен үлкендерді жөнге салу керек. Үлкендердің көбі бала бо­йындағы ауытқуларды аңғармай жүре береді. Тәрбиені балабақша мен мектепке ысыра салады. Бала­ға байлық, молшылық емес, үлгі болар ата-ана қажет. Сәби не көр­се, соны қайталайды. Небір ауқат­ты отбасылардан сөз ұқпайтын ұл-қыз шығып жатады. Ұрпағымыз ұстамды болсын десек, өз бойы­мыздағы кеселдермен күресе бі­лейік, – дейді Петропавлдағы «Ба­ларман» балабақшасының басшы­сы Балдырған Ілиясов.

Заманауи кино, ән мен ға­ламтордағы контентте әдеп талап­тары аяққа тапталып, азды-көпті танымал болып қалғандардың өзі айтарын сүзгіден өткізбей, небір одағай сөздерді ашық жариялап жатқан заманда бала тәрбиесіндегі бұл олқылыққа таңдануға да болмайды. Ал әлеуметтік желілер­дегі тіл мәдениетінің жайы айтпа­са да түсінікті.

Психологтар қазіргі балалар өз ойын дұрыс жеткізуде қиналаты­нын аңғарған. Кішкентайлар айна­ладағылардың назарын дөрекі сөз арқылы аудару оңай болған соң, бейсаналы түрде осы жолды таң­дайды екен.

«Қоғамдық орында, аялдама мен автобустарда аузынан небір сөздер шығатын оқушыларды көру күнделікті көрініске айналып кетті. Ең сорақысы, олар айтқан ескертуге де назар аудармайды. Бұл – өте қорқынышты үрдіс. Дө­рекі сөз адамның жүрегін жара­лайды, көңілін түсіреді. Кей сөз­дердің мағынасын үлкендердің өзі білмей жатады. Мұның бәрі бала­ның ортасына байланысты. Мыса­лы, такси жүргізушісінің бейәдеп лексикасына қарап, кішкентайлар мұны қалыпты деп қабылдайды. Бірде сондай бір баламен жұмыс істедік. Бір қызығы, ол психолог­тармен сөйлескенде дөрекі сөйле­ген жоқ. Демек үлкендердің қа­рым-қатынасы дұрыс болса, бала­ның да тілі таза болады», – дейді облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Наталья Качалкина.

Мамандар тілі жұтаң, сөздік қоры аз адамдар әңгіме арасында анайы тілдік бірліктерді жиі пай­даланатынын айтады. Қазбалай берсек, мұның арғы жағы кітап оқу дағдысының қалыптаспағаны­на тірелері анық. Баланың сөзі оның тұлғасының қалыптасуына, болашағына әсер етеді. Уақыт өте келе сөздің іс-әрекетке айналуы да мүмкін. Жеткіншектер арасында­ғы кикілжіңдер мен ұрыс-керіске де бала мінезінің осы бір қыры се­беп болып жатады. Сондықтан саламатты, адал азамат тәрбие­леуді сөз түзеу ісінен бастауымыз керек.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp