«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА ДА, АТА-АНА ДА РИЗА

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов «Нұр бөбек» бөбекжай-бақшасының шағын орталығында болды. «Жас өркен» ықшамауданында орналасқан орталық жуырда пайдалануға берілген көппәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан.


Қазір мұнда 2-4 жас аралығындағы 44 бала тәрбиеленуде. Шағын орталық мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қойылатын барлық талаптарға сай жабдықталған. Мұнда бүлдіршіндердің жақсы тәрбие алып, жан-жақты дамуларына жан-жақты жағдай жасалған. Білім ордасының директоры Алма Қожрақаеваның айтуынша, ғимарат іші толыққанды бейнебақылауға алынған. Ата-аналар кез келген уақытта онлаин байланысқа шығып, балаларының немен айналысып жатқанын көре алады.

Шағын орталықты аралаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов бүлдіршіндердің шағын концертін тамашалаған соң мекеме ұжымымен әңгімелесті. «Өңірімізде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің барлығын балабақшамен қамтыдық. Олардың қатарында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары да бар. Петропавлда жаңадан салынатын көпқабатты үйлердің бірінші қабаттарында осындай шағын орталықтар мен емхана бөлімшелерін ашуды жоспарлап отырмыз. Балабақшаларды жақын маңда орналастыру қала тұрғындарына ыңғайлы жүріп-тұру, жеке уақытты үнемдеу мақсатында жүзеге асып отыр», – деді Құмар Іргебайұлы.
Ата-аналардың атынан сөз алған қызылжарлық Гүлмира Латыпова облыс басшылығына алғысын білдіріп, шағын орталықтың ұжымын тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp