Бүгінгі күні 45 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтың есепшотына 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемдер аударылды. Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы ұйымдастырған онлайн режімдегі брифингте бұл төлемдер кімге беріліп жатқаны жайлы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлбақыт Манабаева мен “Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қоры” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Анар Жұнысова әңгімеледі.
Гүлбақыт Хәкімқызы атап өткендей, бұл төлем түрі ресми және бейресми түрде қызмет ете жүріп, табысынан айырылған азаматтарға тағайындалады. Яғни, бұл тізімге шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлері, карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпорын субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлері, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, бірыңғай жиынтық төлем аударған жеке тұлғалар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс тауып, зейнетақы төлемдерін төлеген адамдар кіреді. Тағы бір маңызды шарт – өтініш білдірушінің кем дегенде бір айға әлеуметтік аударымдар жасағаны жөніндегі құжаты болуы тиіс. “Бейресми жұмыс істеп, карантиннің енгізілуіне байланысты табысынан айырылған тұрғындар да бұл көмекті алуға құқылы. Ол үшін облыс орталығының тұрғындары – бір, ал ауылдық жерлерде тұратындар 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бірыңғай жиынтық төлемін аударуы тиіс”, – деді Гүлбақыт Манабаева. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сәйкес бүгінгі күні бір жастан асқан сәбиімен декреттік демалыста отырған аналар да аталмыш әлеуметтік жәрдемақыға ие бола алады. Ол үшін әйелдерге бір реттік бірыңғай жиынтық төлем аудару қажет.
Бүгінгі күні кәсіпорындарда жұмыс істеп, еңбекақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген азаматтарға әлеуметтік төлемді тағайындаудың бірнеше жолы қарастырылған. Яғни, кәсіпорын басшысы мұндай азаматтардың тізімін жасап, оны жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімдеріне ұсынуы керек. Өңір тұрғындары өз еріктерімен де өтініш білдіре алады. Ол үшін “Telegram-бот” желісіне, “egov.kz” және “42500.enbek. kz” сайттарына жүгіну қажет.
Әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін арнайы төлемді алуға құқылы азаматтардың өтініші үш күн ішінде қарастырылып, қаржы олардың жеке есепшоттарына аударылады.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.