Еліміздің Конституциясы бойынша мемлекет кәмелеттік жасқа толмағандардың толыққанды дамуы үшін қажетті жағдайлар жасау және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға міндетті. Мемлекет ұлттық құндылықтарын нығайтуға, әр баланың отбасында тәрбиелену мүмкіндігін қамтамасыз етуге барынша жағдай жасауы қажет. Бұл, әсіресе, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты мәселе болып табылады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес балалар құқықтарын қорғау органдары жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарды жылы ұяға орналастыруға басым көңіл бөлуде. Бұл асырап алу, қорғаншылық немесе қамқоршылыққа, патронатқа, ал мұндай мүмкіндік болмаған кезде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған барлық үлгідегі ұйымдарға беру жолымен жүзеге асырылады. Соңғы уақытта неке және отбасы заңнамасына баланы қабылдайтын және қонақ отбасылар ұғымдары да еніп отыр.
Бала асырап алу мен қорғаншылық қандай да бір себеппен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың жолы саналады. Алайда, қорғаншылыққа қарағанда баланы асырап алу формасы анағұрлым басымдыққа ие. Ол кәмелетке толмаған баланы 18 жасқа дейін тәрбиелеумен шектелмейді, отбасының бір мүшесі ретінде қабылдауға бағытталған. Асырап алушының балаға өз тегін беруіне, есімі мен әкесінің атын өзгертуге толық құқығы бар. Ал қорғаншылық кезінде баланың құжатындағы деректер өзгермейді. Асырап алынған бала әлеуметтік және заңды тұрғыда отбасы мүшесіне айналады. Ол отбасындағы туған балалар сияқты мұрагерлік, мүліктік құқыққа ие бола алады. Асырап алушылар балаға кететін барлық шығынды өздері өтейді, мемлекет оларға ешқандай жеңілдіктер тағайындамайды. Ал баланы қамқорлыққа алғандар, керісінше мемлекет тарапынан материалдық қолдауға ие болады. Қорғаншылық – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың кең тараған түрі. Анасы мен әкесі қайтыс болғанда немесе ата-ана құқығынан айырылған жағдайда балаға көбінесе отбасының туыстары қорғаншы болып қалады. Бала уақытша сеніп тапсырылған қорғаншы адам ата-ана құқықтарын иеленбесе де, барлық міндеттемелерді мойнына алып, мүддесін қорғайды. Қорғаншылық туралы шешімді жергілікті органдар қабылдайды және бұл үрдіс жылдам жүргізіледі.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға патронаттық тәрбие беру арнайы келісімшарт негізінде тағайындалады. Осы құжаттың негізінде қорғаншылық белгіленіп, патронат тәрбиеші кәмелетке толмаған баланың заңды өкіліне айналады. Патронат қорғаншылық немесе қамқоршылықтың бір түріне жатады. Тәрбиеші баланы өз үйіне алып, қамқорлық көрсетеді, оның мүдделерін қорғайды. Патронаттық тәрбиелеуге үш-бес балаға дейін беріледі. Он жастан асқандары бұған өздері жазбаша түрде келісім беруі тиіс. Шарттың мерзімі аяқталғаннан кейін, яғни бала кәмелеттік жасқа толған соң қамқоршымен заңды байланысы тоқтатылады.
Бүгіндері жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдауға негізделген мемлекеттік саясаттың басым бағыты балалар үйлерін таратып, отбасыларға орналастыру болып отыр. Отбасы – баланы тәрбиелеудің ең озық үлгісі, адамның, әсіресе, баланың өмірінде үлкен рөл атқарады. Жақын адамдарының ортасында бала қоғамға тез бейімделіп, мінез-құлқы қалыптасады. 2017 жылдың қаңтарынан бастап отбасына орналастырудың жаңа түрі – баланы қабылдайтын отбасы формасы енгізілді. Бұл балаларды тәрбиеге алуға тілек білдірген азаматтар мен қорғаншылық және қамқорлық органы арасында жасалған келісімшарттың негізінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасында тәрбиелеуге алудың құқықтық формасы болып табылады. Қабылдайтын отбасына тұрақты тұруға 4-тен 10 балаға дейін берілуі мүмкін. Қабылдаушы ата-ананың екеуіне де ай сайын еңбекақы төленеді.
Елімізде балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін әлеуметтендіру, отбасында өмір сүруге бейімдеу үшін отбасылық орналастырудың тағы бір балама формасы – қонақ отбасы енгізілгені белгілі. Балалар қамқорлық және қорғаншылық органдарының, балалар үйі директорларының шешімімен тілек білдірген отбасыларында демалыс және мереке күндерін өткізе алады. Бұл отбасылар бірден бірнеше баланы қабылдай алады. Он жасқа толған баланы қонақ отбасына тек өзінің келісімімен ғана жіберуге болады. Жалпы бұл балаларды өз үйінде қабылдайтын адамдар үшін де өте қолайлы.
Асырап алу, қорғаншылық, патронаттық тәрбие беру, қонаққа немесе отбасыға қабылдау формаларының әрқайсысы балалар үйіне қарағанда анағұрлым жақсы екенін тәжірибе көрсетті. Өйткені, бала отбасын, жақын, сенімді адамдарды табады. Үстіміздегі жылы облысымызда 70 бала тұрақты отбасына беріліп, ата-ана мейірімін сезінуде.
Жанар ӘБУОВА,
облыстық әділет департаментінің азаматтық хал актілерді тіркеу мен
апостильдеуді бақылау және қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.