Әйел бедеулігінің екі түрі бар, оның бірі – өмірлік бедеулік. Бұл ешқандай емдеуге көнбейді. Екіншісі – емдеуге болатын бедеулік. Егер тұрмысқа шыққан әйел үш жылға дейін себепсіз бала көтермесе, оны “бедеу емес пе?” деп күдіктену дұрыс емес. Өйткені, тұрмысқа шыққан әйелдердің он пайызы үш жылдан кейін ғана бала көтере бастайтындығын ғылым дәлелдеп отыр. Ал кейбір әйел бір бала көтергеннен кейін қайтадан босанбай қалуы мүмкін. Бедеуліктің бірінші түріне ем қонбауына әйелдердің жыныс мүшелерінің өсіп, кемеліне келмеуі немесе олардың туғаннан кеміс болып жаралуы себеп болады. Бірақ бедеуліктің бұл түрі өмірде сирек кездеседі. Кейде әйелдің жыныс мүшесі әдеттегідей жетіліп туғанымен де, өмірде кездесетін түрлі қауіпті аурулардың әсерінен оны сақтау үшін әйелдің жатырын, яки түтігін немесе аналық безін операция жасап, алып тастауға тура келеді. Әрине, мұндай әйел бала көтеру мүмкіншілігінен айрылады. Сөйтіп, бедеулікке душар болады. Дегенмен де, дәрігерлік тәжірибеде емге көнбейтін үмітсіз бедеулік сирек ұшырасады. Бала көтермеудің себептері аз емес. Тіпті, режімсіз ішкен бірыңғай тағам, әсіресе, онда А,С және Е тәрізді құнды витаминдердің жетіспеуінен жыныстық бездерінің қабілеті бұзылады.
Туберкулезбен ауырған әйелдің де бала көтеру қабілеті төмендейді. Алайда, әйел негізгі науқасынан жазылғаннан кейін бедеулігі жойылып, бала көтереді. Сондықтан да туберкулезден әбден айыққанша, емделудің маңызы зор.
Жыныс органдарының қабынуы да әйелдерді бедеулікке жиі ұшыратады. Өйткені, қабынған ағзаның тіндері қатты өзгереді. Олар бір-біріне және көрші ағзаға жабысып қалады. Міне, осының салдары еркек ұрығының (сперматозоид) әйелдің ұрығымен кездесуіне үлкен кедергі жасайды. Егер жатыр қанатының түтігі қабынса, оның қуысы бітеледі, сөйтіп еркектің ұрығы әйелдің ұрық клеткасына өте алмайды. Сол секілді жатыр мойнының сілекей қабығы қабынғанда да (эндоцервит) әйел бала көтермеуі мүмкін. Қабыну үдерісінде жыныс мүшесі сұйық затты көбірек бөледі. Ол сұйық зат ұрықтың жолын бөгейді. Тіпті, оның қышқыл қасиеті күшті болғандықтан, еркектің тұқым клеткаларын жойып жібереді. Бұл секілді жағдай жатыр мойнының жалағында да (эрозия) жиі аңғарылады. Өйткені, жалағы бар қынапқа жиналған ірің әйел бойына ұрық бітірмейді.
Жатыр ішіндегі сілекей қабығының қабынуы (эндометрит) еркек пен әйел ұрығының қосылуына кедергі жасамайды. Бірақ сол тұқымдық екі клетка қосылуынан пайда болған ұрық-клетка жатырдың ауырған сілекей қабығына жабысып, табиғи жағдайдағыдай өсе алмайды. Әйелдің бала көтермейтіндігінің тағы бір себебі осы.
Тұңғыш көтерген баланы алдыру өте қауіпті, себебі – ондай әйел өмір бойы бедеу болып қалуы ықтимал. Сондықтан да себепсіз абортқа бару, әсіресе, оны дәрігерлік мамандығы жоқ адамға жасату әйелдің өміріне қауіп туғызады.
Еркек бедеулігінің себебі неде? Еркектің ұрығы клеткалардан тұрады. Олардың бір миллилитрінде 60 миллиондай ұрық болуға тиіс. Егер ұрық саны одан кем болса, ондай ұрықтың шамасы келе бермейді. Жыныс клеткаларының кемдігі, яғни оның болмауы (азооспермия) кейбір ұзын бойлы, қыл мойын жас жігіттерде жиі кездеседі. Бұл секілді жағдай олардағы уақытша құбылыстың, болмаса тұрақты бедеуліктің белгісі болуы мүмкін.
Кейбір адамдардың жыныс қатынасы мен ішімдікке құмарлығы, денедегі қоректік заттардың алмасуының бұзылуы немесе сульфамид секілді дәрілерді дәрігердің бақылауынсыз өз бетімен ұзақ ішуі де ұрықтың сапасын кемітеді, қасиетін жояды.
Ұрықтың тіршілігін, оның санын және қабілеттілігін тек лабораториялық зерттеу арқылы ғана анықтауға болады. Айталық, микроскоппен қарағанда, жыныс клеткалары баяу қозғалып жүрсе, олардың бала болуға шамасы келмейтіндігін аңғартады.
Бедеулікті емдеп жазуға ұзақ жылдар керек. Сондықтан дәрігердің белгілеген емін орындау, емнің ақырына шыдау арқылы ғана мақсатқа жетуге болады.
Александр ВЕЛИЧКО,
Мамлют аудандық
ауруханасының
гинеколог дәрігері.