«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЛА ТІЛІ – БАЛ” САЙЫСЫ

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың мамандарының ұйымдастыруымен мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру ұйымдары арасында сайыс өтті.

“Тілдердің үштұғырлылығы” мәдени жобасын іске асыру аясында тілдер басқармасы сәуір-мамыр айларында балабақшалар арасында “Бала тілі – бал” атты сайыс жариялаған болатын. Сайыс тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер арасында мемлекеттік тілді меңгеруді жетілдіруге ықпал етіп, отбасылық құндылықтар мен рухани-адамгершілік тәрбие беру арқылы балалардың үштұғырлы тілге деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Сонымен қатар, бүлдіршіндердің бойында туған жерге сүйіспеншілікті тәрбиелеп, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету сияқты адамгершілік қасиеттерді оятуды мақсат еткен.

Байқаудың бірінші кезеңіне 20 балабақша мен шағын орталық қатысып, екінші кезеңге 8 команда іріктелді. Әр команда екі тәрбиеші мен бес тәрбиеленушіден құралған болуы шарт. Екінші кезеңге іріктелгендер “Атыңнан айналайын” (өздерін үш тілде таныстыру), “Өнерліге өріс кең” (ән және би орындау арқылы кез келген этностың өнерін насихаттау) және “Бала тілі – бал” (қазақ ертегілерінен сахналық көрініс қою) аталымдары бойынша сайысты.  

Кішкентай өнерпаздар өздерін нағыз сахна шеберлеріндей көрсете білді. Қатысушылар сайыс шартын бұлжытпай орындауға тырысты. Әр топ өздерінің костюмдерімен, дайындаған қойылымдарының мазмұндылығымен және соған сәйкес сахнаны театрландырып безендірулерімен бір-бірінен асып түсті. Балғындар көрермендерге “Мақта қыз бен мысық” (“Гулливер” балабақшасы), “Қарлығаштың құйрығы неге айыр?” (“Росинка”), “Қаңбақ шал” (“Батыр”), “Алтын дән” (“Салтанат”), “Түлкіні алдаған шал” (“Ашық аспан”), “Алдар көсе” (“Чайка”), “Төлдердің айтысы” (“Ақ көгершін”), “Маша мен аю” (“Искорка”) ертегілерін қазақ тілінде ұсынды.

Сайыс қорытындысы бойынша “Искорка” балабақшасы – 3-орынды, “Гулливер” балабақшасы – 2-орын, “Салтанат” балабақшасы 1-орынды иеленді. Сонымен қатар, “Тіл шебері” аталымында – “Ақ көгершін”, “Өнерліге өріс кең” аталымында – “Росинка”, “Сахна шебері” аталымында “Батыр” балабақшалары марапатталды.

Қатысушылардың барлығына оқу-әдістемелік құралдар мен балаларға арналған көркем әдебиеттер таратылды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp