«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ ЖАҢА ТӘСІЛ

Петропавл қаласындағы “Алтын бесік” балабақшасының ұжымы – облысымызда оқу үдерісіне Монтеcсори жүйесін енгізген алғашқы қарлығаштардың бірі. Жақында мұнда Монтеcсори жабдықтарын шығаратын ресейлік фабриканың басшысы Александр Волошин қонаққа келіп, балалармен, олардың ата-аналарымен және балабақша тәрбиешілерімен кездесті.

Монтессори педагогикасы немесе Монтессори жүйесі – XX ғасырдың бірінші жартысында италиялық педагог, ғалым әрі ойшыл Мария Монтессори тарапынан ұсынылған тәрбие жүйесі. Бұл әдістеме әрбір тәрбиеленушінің жеке тұлғалық қасиетін дамытуға негізделген. Балдырғандар дидактикалық материалдар мен сабақ ұзақтығын әрдайым өздері таңдай отырып, өзіндік ағым мен ырғақта дамиды.

“Алтын бесік” балабақшасы ашылғаннан бері мұнда арнайы бөлме жабдықталып, бүгінде жеткіншектер сол бөлмеде жаңа тәсілмен тәлім алуда. Балабақша басшысы Мәдина Дарбаева Омбы қаласындағы Монтесcори жабдықтарын шығаратын фабрикаға барып, сол қаладағы жаңа әдістемені енгізген балабақшаларға соғып, осы тақырыптағы конференцияларға қатысқан болатын. Содан кейін 1 миллион теңгеге Монтессори жабдықтары сатып алынып, арнайы бөлме жабдықталған.

“Алтын бесікке” арнайы келген Омбы Монтессори фабрикасының директоры Александр Волошин бұл тәрбие әдісінің артықшылықтары туралы айтып берді. Фабрика осыдан 22 жыл бұрын құрылған екен. Алғашында баланың ойлау қабілетін, есептеу жылдамдығын және басқа қасиеттерін дамытуға арналған 60-тай ғана ойыншық түрі болса, бүгінде оның саны 700-ден асқан. “Бұл әдіс әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылуда. Дәстүрлі тәрбиеден көп артықшылығы бар. Сондықтан ол бүгінде Ресей мен Қазақстанға да енгізілуде”, – деді Александр Васильевич кездесу үстінде.

Балабақша қызметкерлері жаңа әдісті лезде меңгеріп алған. Ресейлік әріптестерімен тәжірибе алмасып, семинар-конференцияларға үнемі қатысып жүр. “Бұл әдіс – баланың ойлау қабілетін, тапқырлығын, жалпы тұлғасын қалыптастыруда таптырмас құрал. Біздің тәрбиеленушілеріміз Монтессори кабинетіне құлшына келеді. Және аз уақыт ішінде баланың мінез-құлқында, тәрбиесінде оң өзгерістер байқалады. Біздің тәрбиешілер осы әдісті арнайы семинарларға қатысып, оқыды”, – дейді “Алтын бесік” балабақшасының директоры Мәдина Дарбаева.

Монтессори кабинетіндегі сабақтар балалар үшін өте тартымды, қызықты. Өз қалауымен таңдау жасау, тыйым салынатын нәрселерге қол жеткізу, бір-бірін сыйлау – “Алтын бесік” балабақшасындағы Монтессори жүйесіне тән сипат. Шығармашылықпен жұмыс істеп жүрген педагог Монтессори – Айгерім Шәріпова бүлдіршіндерге математика заңдылықтарын және жанартау лавасымен тәжірибе жасауды үйретеді. Жас педагог, қалалық сайыстың жүлдегері Әсем Кавдулова Монтессори педагогикасының элементтерін ересек топтарда сауат ашу сабағында табысты қолдануда. Әсем Нұртазақызының тобында тәрбиеленген Мәдина Сәкен қалалық классикалық гимназияда 1-сыныпқа арналған тест тапсырмаларын орындауда ең жоғары ұпай алды.

Кездесуге қатысқан ата-аналар да Монтессори әдісінің артықшылықтарын аз уақытта аңғарғандықтарын айтты. Әділ Қаныбек есімді азамат 4 және 6 жасар екі ұлының бірдей Монтессори кабинетіне барып жүргенін жеткізді. “Балаларымыздың жан-жағындағы құбылыстарды, заттарды білуге, зерттеуге деген құлшынысы артты. Көп нәрсені ата-ананың көмегінсіз өздері істеп үйренді. Бұл өте құптарлық жайт”, – дейді ол.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

журналист.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp