«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА-ҚАЙЫҚ ҚАЙДА БАРАР, қос ескегі – ата-анасы болмаса?..

…Жұмагүл бүгін жұмыстан кеш келді. Зайыбының тағы да көңіл күйі жоқ екенін Әбеш есіктен кіре бере-ақ сезді. Қабағы қатулы, кірпігін ашып-жұмған сайын қара көздері найзағайдай жарқ-жұрқ етіп, қарап қалған адамды отқа орап жіберетіндей. Қара сөмкесін ілгішке лақтыра салған Жұмагүл асүйге қарай беттеді. Енді бірер секундтарда ыдыс-аяққа жан бітіп, тарсыл-гүрсіл шыққан дауыс үйдің ішіне жайылды да кетті.

– Осы үйдің қазанын мен алып кетем бе? Өз тамақтарыңды өздерің неге істеп іше бермейсіңдер осы?! Қашан келсем, мені тосып, есікке елеңдеп отырасыңдар. Мен ерігіп жүрмін бе? – деді ол асүйде ешкім болмаса да, естісін деген кейіппен бар дауысына сала айқайлай сөйлеп.  

Әбеште үн жоқ. Аналарының қатулы дауысын естіген кезде манадан шуылдап ойнап жүрген балалар да сап тыйылып, әкелерінің бауырына тығылды.

Әйелінің ашуын басайын деген оймен Әбеш аяғын ақырын басып, асүйге кірді.

– Шаршасаң, кел отыр. Мен-ақ шай құйып берейін. Тек бостан-босқа айқайлай бермеші, үйдің берекесі кетті өзі, – деп отағасы сөйлей бастап еді, Жұмагүл әңгімені шорт кесіп тастады.

– Болды, шайға да, осындай өмірге де тойдым. Жүйкем тозды, бітті, кетем, – деп шұбырта жөнелді. Ақыры Әбештің де шыдамы таусылды.

– Жақсы, кетсең, кет! Ажырасамыз онда, – деді де асығыс киініп, далаға шығып кетті.

Он жыл отасқан ерлі-зайыпты ақыры ажырасып тынды. Айналасы екі-үш айдың ішінде баспана да, көлік те, тырнақтап жиған ақшаға алынған жиһаз да, тіпті, балалардың өзі де бөліске түсіп кетті. Кеше ғана бір дастарқан басында әңгімелері жарасып, шай ішкен ерлі-зайыпты сот залында бір-біріне жау сияқты қарап, сол жерден кеткенше асықты.

Сот шешімімен балалар анасымен бірге қалатын болды. Ал үйден және көліктен Әбеш өз қалауымен бас тартты. Міне, осылайша тағы бір сүттей ұйып отырған шаңырақ шайқалып, шырқы бұзылды.

Өмірден алынған бұл оқиға желісі кімге болса да таныс шығар? Күні кеше ғана үйленген жастар көп жағдайда өмір толқынына төтеп бере алмайды. Нәтижесінде біздің кейіпкерлер сияқты баладан бастап, бар жиған-тергенін бөліске салуға дейін барады. Бұл жаңалық емес, осындай оқыс оқиғаларға етіміз үйреніп кеткені соншалық “бәленбай әйелімен ажырасыпты”, “қызы балаларымен бірге үйіне қайтып келіпті” дегенді естісек, “ә, солай ма?” деумен ғана шектелеміз. Шын мәніне келгенде, ажырасу – қоғамда белең алып бара жатқан үлкен проблема. Бейкүнә балалардың ендігі күні не болмақ? Ата-анасына жалтақтаған сарыауыз балапандардың әкесімен де, шешесімен де бірге қалғысы келеді. Бірақ заңға сай ата-ана ажырасқан кезде балалар тек біреуіне беріледі. Мұндай өзгеріс бала жүрегіне жара салып, оның психологиялық соққы алуы әбден мүмкін. Осыған орай балалармен жұмыс істейтін мамандар сөзін тыңдап көрейік.

Нұргүл Рахметова,

Қожаберген жырау атындағы

№6 орта мектептің психолог-маманы:

– Балалар үшін ажырасу үлкен психологиялық жарақат болып есептеледі. Отбасында қандай жағдай болсын ажырасқан кезде ата-ана алдымен орталарында өсіп келе жатқан балаға зиян келтірмеу жақтарын ойластырулары керек. Ата-ананың екі жаққа бөлініп кетуі балаға қашанда оңай тимейді. Маман ретінде ондай балалармен арнайы жұмыс жүргіземіз. Әрине, кішкентай бүлдіршінді тура сұрақтың астына алуға болмайды. Бұл жерде баланың жас ерекшелігіне қарай түрлі психологиялық жұмыс атқарылады. Осындай жоспарлы істердің нәтижесінде балаға жан-жақты көмек, қолдау көрсету – басты мақсатымыз. Ата-анамен тығыз жұмыс істейміз. Оларға қашанда баламен бірге болудың жолдарын көрсетеміз. Өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, кейбір кезде ата-ана ажырасып кеткенде балаға көңіл аударылмай қалады. Нәтижесінде бала өзін ешкімге керексіз сезінеді. Оның мінезінде ашуланшақтық, қырсық-қыңырлық байқалады немесе тұйықталып, бойында үрей пайда болуы мүмкін. Мұның барлығы ата-анасының өзара қатынасынан туындайды. Балаға еш уақытта “кішкентай, еш нәрсе түсінбейді” деген оймен қарауға болмайды. Ол барлығын түсінеді және жүрегімен сезінеді. Бір ауыз сөздің өзі оны қанаттандырып, я болмаса, керісінше, жанына өмірлік жара салуы әбден мүмкін. Сондықтан да ондай кезде ата-ана өзін әдепті ұстап, барлық жағдайды шама-шарқынша айтып, түсіндіруге тырысса, балаға әлдеқайда жеңіл болады.

Қасымхан Исаев,

“Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы:

– Жастар үйленіп, өз шаңырағын көтерген соң отбасылық өмірге ерекше жауапкершілікпен қарай білулері керек. Ерлі-зайыпты арасында өзара сыйластық орнаса, олар кешірімді бола білсе, отбасының керегесі мықты болары сөзсіз. Үйлі-баранды болған әрбір ер мен әйел сол ошаққа жауапты екендіктерін терең сезініп, ислам дінінің бұйрықтары шеңберінде отбасын қорғауға міндетті. Бұған өмірлік қол ұстасқан жастардың екеуі де жауапты. Дініміз бекіткен өміршең қағидаларды сақтап, әркім өз міндеті мен жауапкершілігін біліп, соны атқаруға талпынғанда ғана отбасының түтіні түзу шығып, шаңырақта шаттық орнайды. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жұмыс істемей, әйелінің тапқан ақшасына ортақтасып отырған ерлер аз емес. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине, бірақ бұл сөзіміздің де жаны бар. Я болмаса, отағасы қандай жағдайын жасап берсе де, көңілі толмай, жоқ жерден ашу іздеп тұратын нәзік жандар да кездеседі. Осындай келеңсіз жағдайлардың барлығы отбасы шырқын бұзады. Ажырасу бүгінгі қоғамда белең алып бара жатқан дерт сияқты. Ата-анасы екі жаққа кетсе, бұл баланың өміріне теріс әсер етпей қоймасы айдан анық. Сондықтан да қандай нәрсе болсын асықпай, барлығын таразылап, сабырға келген дұрыс. Отбасында береке-бірлік орнағанда ғана бақыт құсы қолымызға қонады.

Облыстық әділет департаментінен алған мәліметке сүйенер болсақ, 2014 жылы облысымыз бойынша 4564 неке қиылған, 2160 ажырасу фактісі тіркелген. Яғни, шамамен алғанда үйленіп, шаңырақ көтергендердің тең жартысы отбасын құра алмай, ажырасқан. Өмірдің әр сәтсіздігін бақытсыздыққа теңеп, бір-біріне көңілдері толмаған жұптар көп жағдайда асығыс шешім қабылдап, бала-шағаның жағдайын ойлай бермейді. Үлкендердің көңілдеріне қаяу салатыны – осы жайт.

Нүризат Қоңқашқызы,

“Алтын алқа” иегері:

– Отау құрған соң отбасылық өмірдің барлық қиындығына төзіп, шыдамдылық таныта білген жөн. Онсыз болмайды. Әрине, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, бірақ әйел – ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің иесі. Ашу – дұшпан, соны ұмытпау керек. Не нәрсе болса да ойланып, бала-шағаның жағдайы жақсы болатын жаққа қарай қадам басу ләзім. Біз ерлерден қашанда бір саты төмен тұрамыз. Оларды сыйлап, сөзіне құлақ асамыз. Әйтсе де, отбасылық береке-бірліктің кілті – аналардың, келіндердің қолында. Әрбір әйел жылы-жылы сөйлеп, жүректерге жол таба білсе, ер-азаматтар да ұрыс-керіс дегенді ұмытады. Мен өзім он бір құрсақ көтердім. Отағасымен бірге елу жыл шәй деспей, өнегелі өмір сүрдік. Қазір отағасы о дүниелік болып кетсе де, орнын жоқтатпай, балаларға бас-көз болып отырмын. Мұның барлығы оңай шаруа емес. Бірақ сабырға салса, әйел адамның қолынан бәрі де келеді.

“Үйлену оңай, үй болу қиын” деген дана сөз текке айтылмаған болуы керек. Алдыңғы толқын осы сөздің мән-мағынасын түсінгенімен, жастар жағы оған аса көңіл бөле бермейтін сияқты.

Жақында редакцияға алпысты алқымдаған қарт адам келді. Атын атап, түсін түстеудің қажеті жоқ шығар. Қара шашын ақ шалған отағасын редакция табалдырығына әкелген бір ғана мәселе екенін әңгіме ауанынан түсіндім. Осыдан бірнеше жыл бұрын үлкен ұлын үйлендіріп, бөлек отау шығарған. Бүгінде балалы-шағалы болған ұлы мен келіні жақында баспана, көлік алған. Келін-баласының осындай қуанышына бір марқайып қалған ата-ана тату-тәтті тұрып жатқан балаларының араға бірер ай салып ажырасқандарын естігенде есеңгіреп қалғандай күй кешкен.

– Бәрінен де немерелерімді қимаймын. Кішкентай кезінен өзіміз бағып, мойнымызға көтеріп жүріп, өсіріп едік. Енді олардың күні не болмақ? – деді өзегін өртеген ішкі мұңымен бөліскен ақсақал.

Шау тартқан шағында балаларының осындай оқыс қылықтарын көріп, назаланған қарт адам: “Барлығы тәрбиеден кеткен олқылық, қыздарға қырық үйден тыю керек”, – деді әңгіме арасында. Мүмкін. Оның сөзіне сүйенер болсақ, келіні күйеуіне кесір мінез танытып, ұрыс-керістің ақыры ажырасуға дейін жеткен. Сот шешімі бойынша балалар анасымен бірге қалған. Баспана, көлік те бөліс кезінде келінінің еншісіне тиген. Ақыр-соңында ұлы қу тізесін құшақтап жалғыз қалған. Әрине, бір қараған адамға бұл жерде бар кінә келіннен сияқты. Алайда, “Әркімнің өз шындығы болады, бірақ ақиқат – жалғыз” деген нақыл сөздің барын да ұмытпаған жөн болар.

Бүгінгі қоғам тұрғысынан алғанда, ажырасудың басты себептерінің бірі – материалдық жағдай. Мәселен, ер адамның отбасы жағдайын дұрыстап жасай алмауы, үнемі қаражаттың жетпеуі шаңырақты шайқалтпай қоймайды. Ал ислам діні ер адамға бір құшақ отын жинап әкеліп сату арқылы болса да, отбасын асырауға бұйырады. Өкінішке қарай, қазір көптеген азаматтар еріншектікке бой алғызғанын да өмірдің өзі көрсетіп отыр. Олар бар міндетті келіншектерінің қылдай мойнына артып қоюды ұят көрмейді. Керісінше, соған еттері үйреніп те бара жатқан сияқты. Майлықожа ақынның: “Болымы жоқ бозбала бейнеттен қашар бұлтаңдап” дегеніндей, жалқаулыққа салынғандар саны аз емес. Ал кейде жұбайы үйдегілерін шамасы келгенше бағып-қағып отырса да, әйел адамның оған қанағат етпеуі, тырнақ астынан кір іздеуі отбасын ажырасуға дейін апарады. Бұл да бүгінде тамырын тереңге жайып бара жатқан арамшөп сияқты. Бірін жұлсаң, қылтиып екіншісі шыға келеді. Өйткені, ажырасудың себебі сан түрлі. Бұл жерде біреуге кінә артып, өз басымызды даудан арашалап қалуға тырысқаннан да, ортақ мәмілеге келіп, бала-шағаның жағдайын ойлаған дұрысырақ болар.

Шариғатта да алтын ұя – отбасы жоғары бағаланып, ондағы бала тәрбиесіне баса мән берілген. Өйткені, балалар – ата-ана қолына берілген аяулы аманат. Баланы өмір айдынында жүзіп бара жатқан қайыққа теңесек, оның қос ескегі – әке мен ана дер едік. Ал ескексіз қайықтың күйі қандай болары айтпаса да, түсінікті емес пе?

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp