«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ МАҢЫЗДЫ

Жаздың жайма-шуақ күндері каникулға шыққан кішкентай қалалықтар, әдетте, орталық саябақтағы түрлі аттрак­циондарды ермек етеді. Ал бұл құрылғылар балалар үшін қан­шалықты қауіпсіз? Соңғы уақытта елімізде аттракцион­дарға байланысты тосын оқиғалардың жиілеп кеткені жа­сырын емес.

Демалыс орындары мен сая­бақ­тарда орнатылған аттракцион­дар, әткеншектер мен карусель­дер баланың өмірі мен денсаулы­ғы үшін қауіпсіз болуы шарт. Де­генмен, елімізде жарақат алған және қайғылы аяқталған оқиғалар азаймай отыр. Мәселен, 2013 жы­лы біздің облыста 68 осындай оқи­ға тіркелсе, 2014 жылы – 48, 2015 жылы 24 оқиға тіркелген. Бұл көр­сеткіш 2016 жылы 63-ке жеткен. Мұндай оқиғалар қайғылы аяқта­луы да мүмкін. Мәселен, осыдан жеті жыл бұрын “Вороний остров” демалыс базасындағы әткен­шектен бала құлап, қаза тапқаны көпшіліктің есінде. Дәл сол жылы тағы екі бала аяқ-қолын сындыр­ған болатын. Бұған әткеншектер мен аттракциондардағы темір қор­шау мен белдіктердің тот басып тозуы себеп болды.

Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маман­дары Еуразиялық экономикалық одақтың “Аттракциондардың қауіп­­сіздігі туралы” техникалық регламентіне сәйкес стационар­лық және жылжымалы аттрак­цион­дарды есепке алу, қайта тір­кеу және пайдалануға рұқсат бе­ру, сондай-ақ, олардың қауіпсіз пайдаланылуына мемлекеттік ба­қылауды жүзеге асырады.

Техникалық регламент талап­та­рын сақтау бұл құрылғыларға мамандандырылған дефектоско­пиялық тексеріс жүргізуді талап етеді. Сөйтіп, шолу дөңгелектері, катапульттер, әткеншектер, кар­тингтер, үрлемелі батуттарға, төбешіктер, электромобильдер су аттракциондары және басқа да ойын-сауық механизмдерінің ақау­сыз жұмыс істеуі жіті қадаға­ланады. Бүгінгі таңда әр қалада ондаған аттракцион бар. Деген­мен, олардың барлығы да мінсіз жұмыс істейді дей алмаймыз. Барлық оқиғалардың 85 пайызы дұрыс монтаждалмаған меха­низм­дердің кесірінен орын алады.

Жоғарыда аталған техникалық регламент аттракциондарды түр­лері мен типтері бойынша жіктей­ді. Барлық құрылғылар механика­ландырылған, соның ішінде үде­мелі қозғалыс, айналмалы және күрделі қозғалыс, автодромдар мен картингтер, үрлемелі, суда жүретін және балаларға арналған аттракциондар болып сегіз түрге бөлінеді. Сондай-ақ, аттракцион­дар биіктігіне, қозғалыс жылдам­дығына, креслолардың көлбеу бұ­рышына байланысты әлеуетті био­механикалық тәуекелдер дә­ре­желері бойынша жіктеледі. Олар қауіпсіздік деңгейіне байла­нысты төрт топқа бөлінеді. Егер “RВ-1” ең қауіпсіз болса, ал “RВ-4” ең қауіпті. Мамандардың айтуын­ша, аттрак­цион­дарды жасау ке­зін­де қауіп­сіз­дік талаптары сақ­тал­маған кезде олар адам өміріне қауіп төндіреді. Бұл құралдарды орнату немесе қайта құру кезінде топы­рақтың ерекшеліктерін, тем­пе­ра­тура мен жел­дің әсерін ес­керу қа­жет. Де­малушылардың қа­уіпсіздігі үшін аттракционның қоз­ғалатын бөлік­те­рі мен бөлшек­те­рін қоршау қа­жет. Аттракционға кі­рер алдын­да пайдалану ереже­ле­рі мен шектеулері туралы мәлі­мет­тері бар стенд болуы тиіс. Құ­ра­­­мында токсиндері бар мате­риал­дардан ат­трак­циондар жа­сауға мүлдем ты­йым салы­нады.

Бұдан бөлек, демалушыларға аттракционның экстремалды екен­дігі туралы алдын ала ескер­тіліп отырылуы тиіс. Салмақ бо­йынша шектеулер бар жерде та­разы орнатылу керек. Барлық ойын-сауық нысандары дабыл құралымен және дәрі-дәрмек қоб­дишасымен қамтамасыз етілуі қажет. Техникалық регламентте балалар аттракциондарына қо­йы­латын қауіпсіздік талаптары бөлек жазылып, стендке ілінеді. Бұл құралдарды жасау бары­сын­да балалардың физиологиялық, психологиялық, антропомет­рия­лық ерекшеліктеріне байланыс­ты қосымша қатерлер ескерілуі тиіс. Басшылық жаңа аттракцион­дар­ды сертификаттаудан, күн са­йын тексеруден және жыл сайын техникалық байқаудан өткізуге міндетті. Қауіпсіз құрылғылар Еуразиялық экономикалық одақ­тың латын әліпбиіндегі арнайы эмблемасымен таңбаланады.

Спартак ҚАЛИЕВ,

облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp