Жаздың жайма-шуақ күндері каникулға шыққан кішкентай қалалықтар, әдетте, орталық саябақтағы түрлі аттракциондарды ермек етеді. Ал бұл құрылғылар балалар үшін қаншалықты қауіпсіз? Соңғы уақытта елімізде аттракциондарға байланысты тосын оқиғалардың жиілеп кеткені жасырын емес.
Демалыс орындары мен саябақтарда орнатылған аттракциондар, әткеншектер мен карусельдер баланың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз болуы шарт. Дегенмен, елімізде жарақат алған және қайғылы аяқталған оқиғалар азаймай отыр. Мәселен, 2013 жылы біздің облыста 68 осындай оқиға тіркелсе, 2014 жылы – 48, 2015 жылы 24 оқиға тіркелген. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 63-ке жеткен. Мұндай оқиғалар қайғылы аяқталуы да мүмкін. Мәселен, осыдан жеті жыл бұрын “Вороний остров” демалыс базасындағы әткеншектен бала құлап, қаза тапқаны көпшіліктің есінде. Дәл сол жылы тағы екі бала аяқ-қолын сындырған болатын. Бұған әткеншектер мен аттракциондардағы темір қоршау мен белдіктердің тот басып тозуы себеп болды.
Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары Еуразиялық экономикалық одақтың “Аттракциондардың қауіпсіздігі туралы” техникалық регламентіне сәйкес стационарлық және жылжымалы аттракциондарды есепке алу, қайта тіркеу және пайдалануға рұқсат беру, сондай-ақ, олардың қауіпсіз пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
Техникалық регламент талаптарын сақтау бұл құрылғыларға мамандандырылған дефектоскопиялық тексеріс жүргізуді талап етеді. Сөйтіп, шолу дөңгелектері, катапульттер, әткеншектер, картингтер, үрлемелі батуттарға, төбешіктер, электромобильдер су аттракциондары және басқа да ойын-сауық механизмдерінің ақаусыз жұмыс істеуі жіті қадағаланады. Бүгінгі таңда әр қалада ондаған аттракцион бар. Дегенмен, олардың барлығы да мінсіз жұмыс істейді дей алмаймыз. Барлық оқиғалардың 85 пайызы дұрыс монтаждалмаған механизмдердің кесірінен орын алады.
Жоғарыда аталған техникалық регламент аттракциондарды түрлері мен типтері бойынша жіктейді. Барлық құрылғылар механикаландырылған, соның ішінде үдемелі қозғалыс, айналмалы және күрделі қозғалыс, автодромдар мен картингтер, үрлемелі, суда жүретін және балаларға арналған аттракциондар болып сегіз түрге бөлінеді. Сондай-ақ, аттракциондар биіктігіне, қозғалыс жылдамдығына, креслолардың көлбеу бұрышына байланысты әлеуетті биомеханикалық тәуекелдер дәрежелері бойынша жіктеледі. Олар қауіпсіздік деңгейіне байланысты төрт топқа бөлінеді. Егер “RВ-1” ең қауіпсіз болса, ал “RВ-4” ең қауіпті. Мамандардың айтуынша, аттракциондарды жасау кезінде қауіпсіздік талаптары сақталмаған кезде олар адам өміріне қауіп төндіреді. Бұл құралдарды орнату немесе қайта құру кезінде топырақтың ерекшеліктерін, температура мен желдің әсерін ескеру қажет. Демалушылардың қауіпсіздігі үшін аттракционның қозғалатын бөліктері мен бөлшектерін қоршау қажет. Аттракционға кірер алдында пайдалану ережелері мен шектеулері туралы мәліметтері бар стенд болуы тиіс. Құрамында токсиндері бар материалдардан аттракциондар жасауға мүлдем тыйым салынады.
Бұдан бөлек, демалушыларға аттракционның экстремалды екендігі туралы алдын ала ескертіліп отырылуы тиіс. Салмақ бойынша шектеулер бар жерде таразы орнатылу керек. Барлық ойын-сауық нысандары дабыл құралымен және дәрі-дәрмек қобдишасымен қамтамасыз етілуі қажет. Техникалық регламентте балалар аттракциондарына қойылатын қауіпсіздік талаптары бөлек жазылып, стендке ілінеді. Бұл құралдарды жасау барысында балалардың физиологиялық, психологиялық, антропометриялық ерекшеліктеріне байланысты қосымша қатерлер ескерілуі тиіс. Басшылық жаңа аттракциондарды сертификаттаудан, күн сайын тексеруден және жыл сайын техникалық байқаудан өткізуге міндетті. Қауіпсіз құрылғылар Еуразиялық экономикалық одақтың латын әліпбиіндегі арнайы эмблемасымен таңбаланады.
Спартак ҚАЛИЕВ,
облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің бас маманы.