Бүгін – білім күні. Осыдан бірнеше ай бұрын жазғы демалысқа шыққан оқушылар енді, міне, жақсы көңіл-күймен мектептеріне қайта оралды.
Жаңа оқу жылы басында ата-аналар мен бүлдіршіндерге қолдан келгенше көмек көрсету үшін жақында қайырымдылық шарасын ұйымдастырдық. Республика бойынша қолға алынған “Мектепке жол” акциясы аясында биыл 70-ке жуық бала мектепке қажетті құрал-жабдықтармен және киім-кешектермен толықтай қамтамасыз етілді.
Бұл күні мерекелік дастарқан жайылып, ата-аналар мен балалар назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Ән тыңдап, би билеген балғындар түрлі ойындарға қатысып, өнерлерін ортаға салды. Тамаша кеш барысында белсенділік танытқан ұл-қыздардың барлығы назардан тыс қалмай, ұйымдастырушылар атынан естелік сыйлықтармен марапатталды.
Жыл сайын өткізіліп тұратын шараға көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, сонымен қатар мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты аналар шақырылды.
Шаңырағының береке-бірлігін сақтап, демографиямыздың өсуіне айтулы үлес қосып отырған аналарды қолдауға бағытталған осындай түрлі шаралар жыл бойы жалғасын табады.
Бақытжан СӘМИЕВА,
облыстық іскер әйелдер
қауымдастығының төрайымы.