«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА ӨМІРІ ОЙЫНШЫҚ ЕМЕС

Түрлі түсті ойыншыққа қызықпайтын да, онымен ойнамайтын да бала жоқ шығар. Шыны керек, кейбір кезде кішкентай

бүлдіршіндердің ойыншығына қарап, өзің де қызығып кетесің. Неше түрлі қуыршақтар, зырылдауық машиналар, үлкен, кішкентай жануарлар, тіпті, сөйлейтін ит-мысықтарға дейін бар. Олардың санында тіпті шек жоқ сияқты. Бағасы да әртүрлі. Ең арзаны 100 теңге болса, қымбаттары 20-30 мың теңгеге дейін шарықтап кетеді.

Жақында бір шаруаммен базарда болып, үйге қайтар жолда “балалар ойнасын” деген оймен кішкентай машина, үрлейтін түрлі түсті шарлар сатып алдым. Оған кішкентайлар қуанып қалды. Есіктен кіре сөмкеге жармасып, бірі “темір тұлпарды”, екіншісі үрлейтін шарды алып, біраз ермек қылды. Оларға сыртынан қарап тұрып мен де мәз-мейрам болдым. Бірақ, бұл қуаныш көпке созыла қоймады. Бәрі екінші күні басталды. Балалардың аузы уылып, еріндерінің астыңғы жағы ісіп, дене қызулары көтерілді. Мұндай өзгерісті байқаған соң, тез арада учаскелік педиатрға телефон соғып, ақыл-кеңес сұрадым. Үйге келіп, баланың хал-жағдайын көрген дәрігер оларға қажетті дәрі-дәрмекті жазып берді. Әңгіме соңында дәрігеріміз балаға ойыншық сатып алғанда абай болуды ескертті. “Кішкентайлардың ауыз қуысы мен еріндеріндегі шығулар сапасыз ойыншықты тістелеп, ойнағанның салдары болуы әбден мүмкін”, – деді ол.

Соңғы кездері Қытайдан жеткізілген ойыншықтардың құрамында адам ағзасына зиянды улы химиялық заттардың бар екені жайлы жиі жазылып жүр. Бірақ мұнымен мәселе шешілетін емес.

Облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі департаменттің басшысы – бас санитарлық дәрігер Қайырғали Исенеевтің сөзіне сүйенер болсақ, бұл бағытта облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы бекітілген тәртіпке сай жұмыс істеуде. Аталмыш орталықтың зертхана қызметкерлері 2014 жылдың мамыр айында қаламыздағы “Семейный”, “Уют”, “Караван” дүкендеріне қойылған ойыншықтардың сапасын тексерген. Айта кету керек, ойыншықтар Қытай Халық Республикасында шығарылған және сол жақтан жеткізілген. “Облыстық Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті” мемлекеттік мекемесінен жазбаша алынған жауапқа сүйенер болсақ, Петропавл қаласы, Мир көшесі, 187 мекен-жайында орналасқан “Уют” дүкенінде (жеке кәсіпкер О. Белованың сауда нүктесі) бірнеше ойыншықтың сапасы белгіленген тәртіпке сай болмай шыққан. Нақтырақ айтар болсақ, “Птичка” сылдырмақ ойыншығының бұрыштары үшкір болып шықты. Аталмыш дүкенде сатылып жатқан ойыншықтың құрамында ацетон – 6, метанол 7,5 есеге көп екендігі анықталған. Сонымен қатар, сараптама жүргізген кезде ойыншықтан жағымсыз иіс шығатыны да дәлелденген.

Облыс орталығындағы Мир көшесі, 246 мекенжайында орналасқан “Караван” дүкеніндегі жеке кәсіпкер Н.Пигалевтің сауда нүктесіндегі “Война” ойыншықтар жиынтығы да талапқа сай болмай шыққан. Мир көшесінде орналасқан “Семейный” Сауда үйінен алынған “Ежик” резеңке добының құрамындағы фенол 3,9 есеге жоғары екендігі анықталған.

Жоғарыда аталған мекенжайлар бойынша орналасқан сауда нүктелерінің басшыларына, жеке кәсіпкерлерге хаттамалар толтырылып, тиісті шаралар қолданылған. Нәтижесінде зертханалық зерттеулер кезінде талапқа сай емес деп танылған ойыншықтар дүкен сөрелерінен алынған.

Облыс орталығындағы бірқатар сауда нүктелерінен алынған ойыншықтарға жасалған сараптамалық зерттеулердің нәтижесі осындай. Ал базар ішінде, басқа да үлкенді-кішілі дүкен сөрелерінде самсап тұрған сан түрлі ойыншықтарда шек жоқ. Олардың барлығы бірдей арнайы тексеруден өтті, яғни тиісті сертификаты бар деп айтуға, тіпті, ауыз бармайды.

Бала қолына тиген затты бірден аузына салатыны белгілі. Ол ойнап жүріп, ойыншықты иіскейді де. Нәтижесінде әдемі бояудың астында жасырынып жатқан талай улы заттар сәбидің ағзасына түсіп, түрлі ауруға шалдықтырады. Дерек көздеріне сүйенер болсақ, қытайлық ойыншықтар шығаратын кейбір дыбыстар нормаға сәйкес келмейді екен. Байқамасақ, мұндай сапасыз ойыншық баланың есту қабілетіне кері әсер етіп, тіпті, одан саңырау болып қалуы да мүмкін. Қытайдан әкелінген ойыншықтардың көбі поливинил-хлоридтен жасалған. Жұмсақ резеңке ойыншықтарын бояйтын заттар құрамындағы кадмий мен қорғасын мөлшерінің қалыпты деңгейден әлдеқайда жоғары болуы да алаңдаушылық туғызады. Мамандардың айтуларына қарағанда, мұндай улы ойыншықтарды пайдаланған балалардың иммунитеті әлсіреп, аллергиялық ауруға, сондай-ақ, асқазан, ішек дерттеріне жиі ұшырайды. Бір ғана фенолдың өзі жүйке жүйесін зақымдап қана қоймай, сонымен қатар, бүйрек, өкпеге де залалын тигізіп, қанның құрамын өзгертіп жібереді екен. Бұл – мәселенің бір шеті.

Кей елдерден жеткізілген ойыншықтар біз үшін шын мәнінде қауіп болып тұр. Бірақ, солай бола тұра, ондай ойыншықтар саудада бар және ол “көш” бүгін-ертең тоқтатыла да қоймасы анық. Неге дейсіз бе? Себебі, сұранысқа ие. «Баланың бір күн қуанғаны – мың күнге олжа» деп, сәбиінен ештеңені аямайтын кейбір ата-ана кішкентайына ойыншық сатып алған кезде оның сапасына мән бермейді. Еліміздің ертеңі – сәбилерді улап жатқан ойыншықтардан жуыр маңда құтылмасымыз анық. Бұл ретте алдымен отандық тауар өндірушілердің ойланғандары жөн. Әйтпесе, түр-сипаты келіссіз келген “Шрэк”, “Спонч Боб”, “Монстр Хай” сияқты ойыншықтардан біздің балалар қандай өнеге алады дейсіз? Осындай құбыжықтарды бүгінде кез келген қарадомалақтың қолынан көре аласыз. Және оған таңғалмайсыз да, себебі, дүкен, базар толған осындай адам шошытуға ғана жарайтын ұсқынсыз ойыншықтар. Егер осындай ойыншықтардың орнына өзіміздің аңыз-әңгімелеріміз бен ертегілеріміздің кейіпкерлері ержүрек батырларымыз бен ақылды аруларымызды бейнелейтін отандық ойыншықтарды ұсынсақ, бұл да тәрбиенің бір түрі болмай ма? Әрі сапа жағына да баса назар аударылар еді.

Ұлттық бағыттағы ойыншықтарға ден қойып, оларды тарихымызбен ұштастыра отыра, салт-дәстүріміздің, тіліміздің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – продюсер Қыдырәлі Болманов. Оның жобасымен отандық ойыншықтар санын ілкім болса да алға жылжыта түскен “Алдар көсе”, “Тазша бала”, “Ер Төстік” сияқты тамаша дүниелердің тәрбиелік мәні зор. Бұл қуыршақтар ана тілімізде ән салып, балалармен әңгімелеседі және би билейді. Ұлттық нақыштағы қуыршақтарды ұсынып отырған «Балбала» компаниясы ойыншықтардың сапасы, тәрбиелік мәні және қауіпсіздігіне баса назар аударады. Бұл компания ұсынған ойыншықтар балалардың патриоттық сезімін оятуға да өзіндік ықпал етеді. Алайда, бұл жерде де бір “әттеген-ай” бар. Ол бағаның айырмашылығында. Шамамен алғанда, мұндай ойыншықтардың ең арзаны бес мың теңге тұрады. Ал оны кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейтіні, айтпаса да түсінікті. Сөйтіп, айналып келгенде, сол баяғы Қытайдың сапасыз болса да арзан ойыншықтарын аламыз тағы да. Міне, осындай сәтте “олай жүрсең өгіз өледі, былай жүрсең, арба сынады” дегің-ақ келеді. Себебі, басқа амал жоқ.

Осы материалды дайындау барысында облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне хабарласып, мектепке дейінгі балалар және білім беру ұйымдарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Гүлнара Сейітовамен де әңгімелескен едім.

– Балаларға сыйлық ретінде көбіне ойыншық сыйлаймыз. Осындай қуанышты сәттің соңы баланың денсаулығына ойыншықтан зиян келуімен аяқталмасын десек, алдымен сапа жағына көп көңіл бөлуіміз керек, – дейді маман.

Гүлнара Сейітова ойыншықты сатып алмас бұрын оның түр-түсіне, иісіне назар аударып, қандай материалдан істелгенін байқап алу керектігін айтқан.

Міне, осындай қарапайым, бірақ өте маңызды нәрселерге ата-аналар мән берсе, баланың денсаулығына айтарлықтай зиян келмес еді.

… “Бәрі де балалар үшін!” деп ұрандап айтамыз, жазамыз. Ал шын мәнісінде кішкентай бөбектерге арналған, қолжетімді, сапалы, ең бастысы, отандық ойыншық жасап шығара алмай отырғанымыз, әрине, өкінішті. Ол аздай, сырттан ағылып келіп жатқан сапасы сын көтермейтін балалар тауарларына да тосқауыл қоюға дәрменіміз жетпей отыр.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp