Солтүстікқазақстандық спортшылар Нұр-Сұлтан және Өскемен қалаларында өткен жарыстардан жүлделі оралды.
Астанада грек-рим күресінен өткен ел біріншілігіне 2004-2005 жылдары туған спортшылар қатысты. Шілде айында Венгрияда өтетін бүкіләлемдік жасөспірімдер ойындарының жолдамалары сарапқа салынған сайыс барысында Кузьма Абдиков 85 килограмм салмақ дәрежесінде чемпион атанса, Владислав Кораблев 68 килограмда үшінші болды.
Ал Өскемен қаласында еркін және әйелдер күресінен жастар арасында ел чемпионаты өткен болатын. Жерлесіміз Карина Матвейкина әйелдер арасында сынға түсіп, 72 килограмм салмақ дәрежесінде үздік үштікті түйіндеді.