Биыл қардың шамадан тыс көп жауғаны белгілі. Соның салдарынан бірнеше елді мекендерді су шайып, өзен-көлдер арнасынан асты. Айыртау ауданындағы Кіші Қоскөл көлінде су деңгейінің шамадан тыс көбеюінен балықтар жағаға шығып қалған. Осы мәселеге орай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына хабарласқан едік. Мекеменің бас маманы Ильдар Кәкімовтің айтуынша, қазір алаңдауға еш негіз жоқ. Екі күннің ішінде 700 килограмға жуық балық құтқарылып, қайта суға жіберілген. Өкінішке қарай, 35 килограмнан астамы жыртқыш құстардың жемтігіне айналған. Құтқару ісіне мекеменің қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен волонтерлер атсалысқан. Қазір су айдынының қауіпті деген тұстарына қоршаулар орнатылып, тұрақты бақылауға алынған.
Елді мекен тұрғындары су тасқынынан балықтардың жағаға шығып қалуына көлдің таяздығы, аэрация сияқты тиісті жұмыстардың жүргізілмеуі себеп болуы мүмкін деген болжам айтуда. Қалай десек те, су мен балықтың сынамасы зерттеуге жіберіліп, тиісті орындар аққарасын анықтауы тиіс.
Сурет: http://www.jacta.ru/