Соңғы жылдары балық шаруашылығын дамытып, кәсіпке айналдырушылардың қатары көбейіп келеді. Бүгінде 2328 ірілі-ұсақты су айдынының 321-і жалға берілген, 491-інде балық шаруашылығын өркендетудің мүмкіндіктері мол. Қалғандары – мемлекет қамқорлығында.
Көктем – осы кәсіп иелері үшін қарбаластарға толы маусым. Атап айтқанда, өзенкөлдердің суы еріп, сең жүргенше оттегімен байыту жұмыстары толастамайды. Биыл қардың шамадан көп жаууы су жәндіктерінің тіршілігін біршама қиындатып жіберді. Әсіресе, таяз жерлерде ауа жетіспеу салдарынан балықтарға тұншығып, қырылып қалу қаупі төнді. Осы себепті ойықтар жасалып, оттегін жіберу жұмыстары жүргізілді. Көлдің тесілген қабаттарының қатып қалмауы қадағаланып, әбден күн жылынғанша оттегімен байыту жұмыстары қайталанып отырылады. Бұл шараларды атқаруға 144 кәсіпкер белсене атсалысты. Олардың ішінде Василий Блинов, Александр Ухов, тағы басқаларын бөле-жара айтқан жөн.
Өңіріміздің су айдындарында балықтың 20-ға жуық түрі тіршілік етеді. Олардың арасында мөңке, алабұға, сазан, торта, шортан, тұқы, майшабақ сияқты түрлері жиі кездеседі. Өкінішке қарай, кей адамдар балық аулаудың белгіленген ережелерін өрескел бұзып, көлдерге ау құрып жатады. Былтыр осындай заңсыз екі оқиға тіркеліп, кінәлілер соттың шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көктем мен жаз балықтың уылдырық шашып, нағыз көбейетін кезеңі болғандықтан, қадағалау күшейтіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес сәуірден бастап барлық су қоймаларында балық аулауға қатаң тыйым салынады. Шортан, аққайран, көксеркені 15 сәуірден 15 мамырға дейін, ал тұқы мен сазан балықтарын 20 мамыр мен 20 маусым аралығында аулауға болмайды. Гаммарус балығын аулауға 1 тамыздан 14 қыркүйекке дейін тыйым салынады. Артемия цистасын жинауға 1 наурыздан 15 маусымға дейін рұқсат жоқ. Өзен шаяндарын 1 маусым мен 15 шілде аралығында ұстауға болмайды. Міне, осы талаптар қатаң сақталған жағдайда ғана су асты байлығымызды еш кедергісіз көбейте аламыз.
Осы уақытта балық ресурстары мен басқа да су жәндіктерін аулау мемлекеттік тапсырыс аясында ғылыми-зерттеу мақсатында, яғни жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту бағытындағы ғылыми ізденістер жүргізуге ғана рұқсат беріледі. Басқа жағдайларда облыс аумағында орналасқан су айдындары қорықшылардың қатаң бақылауында болады. Сондықтан заңсыз қармақ салып, ау құрып, заңды белден басқандарды жаза күтіп тұрғанын ескертеміз.
Амангелді ҚАЖЫҒАЛИЕВ,
орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің
бас маманы.