Облыста балық шаруашылығына арналған 633 су айдыны болса, соның жартысы кәсіпкерлерге жалға берілген. Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, бүгінде 147 кәсіпкер 295 көлді жалға алып, жемісті жұмыс істеп жатыр. Былтыр өңірдегі өзен-көлдерге жалпы 115 млн. 200 мыңға жуық әртүрлі балық шабағы жіберілген.
«Балық шаруашылығын дамытудың он жылдық бағдарламасы бар. 2021 жылы іске қосылған бұл құжат аясында 2030 жылға қарай 10 мың тонна тауарлық балыққа қол жеткізу жоспарланған. Бағдарламаның негізгі мақсаты – халыққа балық өнімдерін қолжетімді ету, балық пен аквашаруашылықты дамытуға қолайлы жағдай жасау, сондай- ақ балық ресурстары мен су жануарларын сақтау және тиімді пайдалану. Бағдарлама аясында балық және өңделген балық өнімдерінің көлемін ұлғайту, балық қорын қорғау және өсімін молайту, сондай-ақ ғылыми және кадрлық әлеуетті нығайту көзделген», – дейді инспекция басшысы Нығмет Қауашев.
Былтыр мамандар 1700 тонна тауарлық балық өсірген. Балық және басқа да су жануарларын аулауға бөлінген квота 942,5 мың тонна болса, соның 933 мың тоннасы игеріліпті. Балық шаруашылығы мемлекеттік қолдауға ие болып, бүгінде кәсіпкерлерге инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеу үшін субсидиялар беріліп келеді. Сонымен қатар өнімнің сапасы мен өнімділігін арттыруға, асыл тұқымды балық шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетілуде. Салаға қатысты жобаларды жүзеге асыруға 2,5 пайыз жеңілдетілген мөлшерлемемен несие беріледі. Бұдан бөлек, салық төлемдерін кейінге қалдыру, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының 70 пайызын қайтару және «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлерді қолдау іс-шаралары қарастырылған.
Инспекцияның басты міндеттердің бірі – балық қорын сақтау. Осы мақсатта былтыр 130 рейдтік іс-шара ұйымдастырып, 90 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Заң талаптарын бұзғандарға 1,8 млн. теңгеден астам айыппұл салыныпты.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».