«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛҒЫНДАРДЫҢ БАҒБАНЫНДАЙ

Оңы мен солын танымай, мектеп табалдырығын тарыдай ғана болып аттаған ойын балаларының қолына қалам ұстауды үйретіп, әріп танытатын бастауыш сынып мұғалімінің еңбегі өлшеусіз. Мен сөз еткелі отырған Күлшат Бейсенова – 40 жылдай уақытын бала тәрбиесіне, соның ішінде бастауыш сынып оқушыларына арнаған жан.

Ол 1979-80 оқу жылында Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтының бастауыш сынып әдістемесі факультетін бітірген соң Есіл ауданындағы Бұлақ орта мектебінде еңбек жолын бастаған. Жас маманды қарсы алған мектеп директоры Әбжан Қожабеков көп ойланбастан: “Биылғы дайындық сыныбын алыңыз, олар 31 бала” дегенде ішімнен: “Көбірек екен” деп ойласам да, бел буып, жұмысқа кірістім”, – дейді Күлшат Зұқышқызы осыдан 34 жыл бұрын болған әңгімені бүгінгідей есіне алып.

“Еңбек ширатады, өмір үйретеді” дегендей, ұжымда Сәркен Құлмағанбетов, Ебраш Мәліков, Күләнда Кәрімова, Күлтай Қожабекова сынды тәжірибелі ұстаздардан білмегенін сұрап, көп нәрсені көңіліне тоқыған Күлшат Бейсенова өзінің ұстаз болып қалыптасу жолында осы адамдардың қамқорлығы ерекше болғанын қалай ұмытсын?! Бастауыштың мұғалімі болудың өзіндік ерекшеліктерін, балаларды ойнатып отырып, оқытпаса болмайтынын сол алдыңғы буын әріптестерінің айтуымен жадына сақтаған жас маман дайындық сыныбының сабағына бөлінген 35 минутты тиімді пайдалана білген. “Бөлінген аз уақыттың ішінде балаға оқытып та, жаздырып та, өлең де айтқызып, сурет те салғызып үлгеру керек”, – дейді Күлшат Зұқышқызы күліп.  

Отбасы жағдайымен Шал ақын ауданындағы Жаңасу орта мектебінде де 12 жыл бастауыш сынып оқушыларына сабақ берген ұстаздың Қызылжар ауданына қарасты Прибрежное ауылына көшіп келгеніне де біраз уақыт болыпты. Ол кезде Озерное орта мектебінде орыс мектебінің жанынан қазақ сыныптары ашылғанына 5-6 жылдай ғана болған. 1-сыныпқа қабылданған тұрғылықты қазақ балалары ана тілін білмей келеді де, елдің балалары орысшаны тез үйреніп алады. Жергілікті қазақ балалары, керісінше, ана тілін үйренуге құлықсыз. “Әр сыныпта 4-5 оқушыдан болғандықтан, екі сыныпты қатар оқытамын. Сол кез өте ауыр болды. Қалың қазақ ауылында істеп жүрген кездеріме зар болдым”, – деген Күлшат Бейсенова балаға түсінікті болу үшін бір сөйлемді қазақша-орысша қайталап, әуреге түскенін есіне алғанда тура маған сабақ түсіндіріп отырғандай қиналып кетті.

Міне, бастауыш сыныптарға сабақ беру осынысымен де қызықты әрі өте ауыр. Бұл тек бір мысал ғана. “Бүлдіршіндерге мың рет айтқаннан бір рет көрсеткен артық. Қазір ғаламторды ашып қалсаң, бәрі дайын, тек өзің түрлендіруіңді біл. Бұрын журналдардан түрлі түсті әдемі суреттерді іздеп, сабақты солармен түсіндіретінбіз. Оқушы суреттерге қарап, сөйлем құрастыратын. Алғашында араластырып сөйлесе, артынан таза сөйлеуге де жаттығады. Қазақша сөйлеуге осылай үйренген оқушымның бірі – Раушан Ахмуллина Астанадағы медициналық академияны бітірді”, – дейді Күлшат Бейсенова.

Білімнің негізі қаланатын бастауыш сыныптарда сабақ беру зор шыдамдылықты қажет етеді. Күлшат Зұқышқызы талмай еңбектене жүріп, компьютерді де меңгеріп, жоғары санатын да екі мәрте дәлелдеген. Ол: “Медаль, орден алмағаныммен, аудандық білім бөлімі мен облыс тық білім басқармасынан алған мақтау қағаздарым осы еңбегімнің бағасы”, – дейді.

“Шәкіртсіз – ұстаз тұл” дегендей, Күлшат Бейсенованың алдынан тәлім-тәрбие алған оқушыларының жартысы педагог мамандығын таңдаған. “Бұлақ орта мектебін бітірген оқушым Гүлден қазір Көкшетау қаласындағы педагогикалық колледжде сабақ берсе, Асыл – Астанада №24 мектепте оқу ісінің меңгерушісі. Гәкку – Петропавлда Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Гүлсара банкте жұмыс істейді. Шолпан, Бейнегүл, Ләйлә, Қымбат – бастауыш сынып мұғалімдері. Ауылда шаруа қожалықтарын ұстап отырған Әйтен, Арман, Бауыржан сияқты түлектерім де бар”, – деп әр шәкіртін мейірлене еске алған ол Жаңасу орта мектебінен ұшқан түлегі Рыскүл Жылқайдарова Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің халықаралық қатынас факультетінің араб тілі бөлімін қызыл дипломмен бітіргенін, қазір Ақтауда қызмет істейтін Рыскүл бір жыл Мысыр елі – Каирде оқып келгенін айтты. Бастауыштың балаларын бағбандай баптаған ұстаз ізін қуған шәкірттеріне қарап, еңбегінің зая кетпегенін өз мерейі санайды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp