«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЛ АРМАН” — БАЛҒЫНДАР МЕКЕНІ

 

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Петропавл қаласында 200 бүлдіршінге арналған “Бал арман” балабақшасы ашылды. Балабақшаның ашылу салтанатына облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.

Еліміздің көк байрағын көтеріп, болашақтың тізгінін ұстар азаматтар тәрбиелеу қашан да мемлекеттің назарында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап барлық деңгейдегі білім беру сапасын арттыру міндетін қойып келеді. 2011 жылдан Қазақстанда мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен қамтуды көздеген бағдарлама аясында өңірімізде 12312 жаңа орын пайдалануға берілген.

– Соңғы кездері бизнес өкілдері мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге белсенді түрде инвестиция құя бастағаны байқалады. Соның нәтижесінде Петропавлда мектепке дейінгі 16 жекеменшік мекеме пайдалануға берілді. Жекеменшік балабақшаларға 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді орналастыру есебінен мектепке дейінгі мекемелермен қамту 98 пайызды құрады. Балғындарға есігін айқара ашып отырған балабақша “Петрострой-Люкс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Николай Кошиковтың өз қаражатына салынды. Балабақшаның директоры Балдырған Ілиясов бұған дейін де Петропавлда мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде екі балабақша ашқан болатын, – деді ата-аналарды, тәрбиешілер мен педагогтерді жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

“Петрострой-Люкс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Николай Кошиков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бизнестің дамуына баса назар аударып отырғанына тоқталып, жаңа балабақшаның ашылуы осы бағытта жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі екенін атап айтты.

Ата-аналар атынан сөз алған Әлия Исмаилова балабақша кезегін көптен күткен екен. Мереке қарсаңында ашылған балабақшада тәлім-тәрбие алатын бүлдіршіндер туған елімізде іске асырылып жатқан игі істерді жалғастырушы, Тәуелсіз еліміздің лайықты азаматтары болуына тілектестігін білдірді.

Балабақша лентасын қиғаннан кейін облыс әкімі мен жиналған қауым балғындар мекенінің ішін аралады. №1 топта тәрбиеші Ланк Ксения бүлдіршіндерді “Менің Отаным – Қазақстан!” тақырыбымен таныстырса, №2 топтағы балғындар Елена Орловамен бірге театрландырылған ертегілер әлеміне саяхат жасады. №5 топтың тәрбиешісі Ирина Видершпан балаларды ойын арқылы дамытуға баса назар аударды.

Акт залында “Бал арман” балабақшасының ашылу салтанатына арналған ертеңгілік өтті.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp