Жылдағы дәстүр бойынша Астана күні ұйымдастырылған “Өңір берекесі” жәрмеңкесі өткен сенбі күні әдеттегідей М.Жұмабаев көшесі бойында келушілерді қаз-қатар тізілген ақ шатырларымен қарсы алды.
Жәрмеңкеге келетіндерге алдымен қажеті – арзан бағалы ет, балық, жұмыртқа және сүт өнімдері. Ет әр ауданның сауда орындарында сатылып жатты. Бірақ көпке созылған жоқ, ерте келгендер еттің тәуірін сатып алып үлгеріп, кеш келгендер құр қалды. Ет саудасы оның аздау жеткізілгендігінен болар, таңертеңгі сағат 10 кезінде саябыр тапты.
Қой сатып алатындардың қарасы бірден көзге шалынды. Есіл ауданынан әкелінген қойлар 15-20 мың теңгеден сатылып жатты. Тайынша ауданының сауда орындарынан саудаланған қойлар 23-33 мың теңгеге бағаланды.
Жәрмеңкеде бал көп болды, бірақ балықты өңір екендігімізге қарамастан, балық аздау көрініп тұрды. Балық Жамбыл, Есіл аудандарынан ғана әкелінген сияқты.
Картоп – 70, шие – 900, қарбыз – 70, қияр – 100, қызанақ – 150-170 теңгеден сатылды. Сүт пен қаймаққа кезекке тұрғандар да көп болды. Жұмыртқаның 10 данасы 110-120 теңгеден аспады.
Қымызға кезек берейік. Ол сауда нүктелерінің барлығынан бірдей емес, “Бал қымыз” байқауы өткізілетін шатырларда осы шара өткеннен кейін сатылды. Бұл көріністен де қымыздың аздау жеткізілгені, ауылдағы ағайындарымыздың бірімен-бірі таласып-тармасып бие байлап жатпағандары байқалып қалғаны анық. Байқауда бірінші орынды Тайынша ауданы еншіледі. Тайыншалықтардың аталмыш байқауға барынша дайындалғандығы көрініп тұрды.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.