Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы кезекті брифингке “Қазақстан Республикасы тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның солтүстікқазақстандық филиалының директоры Райхан Әбдірахманованы шақырды. Ол аталмыш қаржы институтының атқарған жұмыстары мен жоспары және соңғы жаңалықтары жайында сөз қозғады.
– Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі – Президенттің бастамасымен құрылған қаржы орталығы. Оның басты мақсаты – қазақстандықтардың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ету. Біздің банкке салымшы болған адамдар өздерінің баспанаға қатысты мәселелерін әртүрлі жолмен шеше алады, – деп сөзін бастаған Райхан Тілекқызы жинақ банкінің басқа банктерге қарағанда бірнеше артықшылығын атап көрсетті. Олар: Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі шетелден несие алмайды, жаһандық дағдарыстан сақтандырылған, ең төменгі сыйақы төлемін белгілеген, салымшылар өздеріне тиімді бағдарламаны таңдайды, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша мүмкіндігі кеңейтілген, несие ұлттық валютамен және жыл сайын 20 пайызбен 10 АЕК-тен аспайтын мемлекеттік сыйақы беріледі.
Одан әрі директор өзі басқарып отырған филиалдың өткен жылғы көрсеткіштеріне тоқталды. 2015 жылы банк 19166 адаммен келісімшарт жасап, салымшыларының санын 43 пайызға көбейткен. Алдыңғы жылға қарағанда банктің депозиттік несие портфелі былтыр 15 пайызға өсіп, қор 7,2 миллиард теңгені құраған. Екінші деңгейдегі барлық банктерде ашылған депозиттік салымдардың 21 пайызы – Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі филиалының еншісінде. Былтыр 2014 жылмен салыстырғанда ипотекалық несие алушылардың саны 50 пайызға артып, банк тарапынан 3824 келісімшартқа қаржылай қолдау көрсетілген. Оларға 3,8 миллиард теңгенің несиесі берілген. Өңір аумағындағы барлық банк филиалдарының ипотекалық займдарын қоссақ, соның 83 пайызы аталмыш банк филиалына тиесілі.
Сондай-ақ, брифингте банктің салымшыларына төлейтін өтемақысы туралы сөз болды. Естеріңізге сала кетсек, теңгенің долларға шаққандағы бағамы өзгеруіне байланысты банктер теңгемен қор жинаған салымшыларына өтемақы төлейтін болған. Аталмыш банк те өз салымшыларына 35,5 пайыз өтемақы төлейді. Бұл науқан үстіміздегі жылдың 1 маусымына дейін ғана жүргізіледі. Сондықтан мыңдаған салымшысы бар банк өз клиенттерінің өтемақыға өтініш беру уақытын өткізіп алмауды ескертеді. Өтемақы 2015 жылдың 18 тамызына дейін Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінде салым қоры болған салымшыларға беріледі.
Райхан Тілекқызы журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді. Онда аталмыш банктің мемлекеттік бағдарламалар бойынша ұсынатын пәтерлерінің 1 шаршы метрі әзірге 100 мың теңге көлемінде қалып отырғандығы, өтемақыдан үмітті салымшылар ақшасын шоттан алып қойса, өтемақы берілмейтіндігі, аталмыш банктің акцияларының жартысы жекеменшікке сатылуы ықтимал екендігі, зейнеткерлік демалыстағы кез келген адам банкке салымшы бола алатындығы, бірақ үй алар кезде келсімшарт табыс көзі бар мұрагерінің атына құжатталатыны, республика бойынша 17 филиалдың ішінде салымшылар саны мен жүргізіліп жатқан құрылыстары бойынша солтүстікқазақстандық филиал ондыққа кіретіндігі айтылды.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.